Сейсенбі, 17 маусым, 12:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44, 2157
17.06.2025
PDF мұрағаты

Алғашқы жарнасыз көлік  алғыңыз келе ме?

17.06.2025

59 0

«Алғашқы жарнасыз көлік! Арманыңдағы темір тұлпар – бүгін-ақ сенікі!» Осындай жарнама жазулары менмұндалайды. Әлеуметтік желіні ашсаң да, қала көшесін жүріп өтсең де,  осы бір жағымды, тіпті арманға жетелейтін сөздер алдыңнан шығады.

Расымен де, қолыңда қомақты қаржы болмаса да, рөлге отырып, жаңа көлікке ие болу мүмкіндігі көпті қызықтырады. Бірақ өмір жолы тек асфальттан тұрмайды ғой. Кейбір жолдар шұңқыр, кейбірі тұйық. Жарқыраған мүмкіндіктің ар жағында не тұр? Бұл, шынымен, тиімді ұсыныс па, әлде қаржылық шырмауға апарар жасырын жол ма?

Көлік – жай ғана темір емес. Ол – уақытты үнемдеу, бостандық, кейде – табыс көзі. Осыны жақсы білетін сатушылар мен несие ұйымдары елдің әлсіз тұсын дәл таба білгендей. Бүгінде елімізде көптеген автосалон мен банк «алғашқы жарнасыз» көлік сатып алудың түрлі жолдарын ұсынуда. Көлік бағасының 10-30 пайызын алдын ала төлемей-ақ, құжатын рәсімдеп, бірден иеленіп кетуге мүмкіндік бар. Жағымды, ыңғайлы, тіпті әділ көрінеді. Алайда кез келген келісімнің сыртқы жылтыры мен ішкі мазмұны екі түрлі болуы мүмкін. Алғашқы жарнасыз көлік алу кезіндегі ең бірінші ескеретін жайт – несиенің толық сомасы. Себебі көлікке бір тиын төлемей-ақ иелік еткен соң, банк тәуекелді өз мойынына алмайды. Сондықтан сыйақы мөлшерлемесі жоғары болады. Бұл өз кезегінде көлік бағасын екі есеге жуық қымбаттатып жіберуі мүмкін. Мысалы, нарықта 4-5 миллион теңге тұратын көлікті жарнасыз несие арқылы алған адам өз кезегінде сол көлікке 7-8 миллион төлеп тастауы мүмкін. 

Мәселенің жай-жапсарын білу үшін Қызылорда қаласындағы автосалондардың біріне сатып алушы болып барып, жағдайды көріп қайттық. Көпшілікті қызықтырып жүрген бұл мүмкіндіктің құпиясы қандай?

Салон қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда алғашқы жарнасыз ұсынылып тұрған көліктерден тек екі «Ravon Nexia R3» ғана қалған. Демек, мұндай ұсынысқа қызығушылар аз емес. Аталған көліктердің маркасы бір болғанымен, бірі толық жабдықталған, екіншісі қарапайым нұсқасы. Баға соған қарай әрине, өзгереді. Көлікті рәсімдеу үшін ешқандай құжат керек емес екенін ашып айтты. Қолыңызда ұялы телефон және несие тарихыңыз жақсы болса жеткілікті. Яғни, рәсімдеу талаптары тым жеңілдетілген. Салон өкілінің айтуынша, «Ravon Nexia R3» көлігін 5 жыл мерзімге бөліп төлеуге болады. Кепілге көліктің өзі тұрады, төлей алмаған жағдайда көшеден тоқтатып алып кетеді. Ай сайынғы төлем 100 мыңнан 140 мың теңгеге дейін. Бес жыл бойы ай сайын осы соманы төлеу, жалпы алғанда, көлік бағасын едәуір арттыратынын аңғару қиын емес.

Алғашқы жарнасыз көлік алу былай қарасаң керемет мүмкіндік. Артық төлемсіз, бірден рөлге отырып, жолға шығу кім-кімнің арманы шығар. Алайда әрбір жеңіл жолдың өз қиындығы, әрбір ұтымды ұсыныстың өз шарттары бар. Қаржылық міндеттемені мойынға алу ертеңгі күнге жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Бүгінде көлік – өмір сүру салтының бір бөлігіне айналды. Бірақ сол көлік сіздің еркіндігіңіздің кепіліне айнала ма, әлде қаржылық қысымның құралы бола ма, бұл тек өз таңдауыңызға байланысты.

Кез келген келісімшарт – жай қағаз емес. Ол – өміріңіздің келесі бірнеше жылына әсер ететін маңызды шешім. Сондықтан шын мәнінде еркін болғыңыз келсе, ақылмен қадам басыңыз. Темір тұлпарды тізгіндеу – еркіндікке апарар жол ғана емес, сонымен қатар темірдей тәртіп пен тиянақтылықты қажет ететін жауапты іс. Қаржылық сауаттылық – уақыт талабы. Ал таңдау – әрдайым өз еркіңізде.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: