Бір сәт айналаңызға зер салып қараңызшы. Хош иіс, будақтаған түтін… Бұл хош иіс айналаға әтірдің иісіндей тарайды. Иісі адамды еліктіргенімен, бұл әтір емес. Көрген адам «иісі жақсы ғой, зияны аз шығар» деп ойлауы мүмкін. Алайда, вейп немесе электронды темекі кәдімгі темекіден екі есе зиян. Қазір көшеде кетіп бара жатқан әрбір екінші жастың қолынан осындай құрылғыны көруіміз ғажап емес. Алғашында таңырқай қараған қоғам бүгінде оған аса мән де бермейді. Себебі вейп жастар арасында үйреншікті құбылысқа айналып барады. Бірі сән үшін қолданса, енді бірі тәуелділікті жеңе алмай тұтынады. Дегенмен, бұл «тәтті түтінге» тосқауыл бар ма? Мәселенің мән-жайын біз де анықтап көрдік.
Өткен жылдың маусым айында Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, елімізде вейп пен электронды темекіге заңмен шектеу қойылғаны белгілі. Дегенмен, көлеңкелі сауда әлі де тоқтамай тұр. Әрине, тұтынушы болмаса, сатушы да қайдан болсын деген сауал мазалайды. Заң бойынша енді электронды темекі сатқан адамға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынады немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті, 50 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Бірақ бұл жазаның қауқары жастар үшін әлсіз сияқты. Көшеде де, оқу орнында да, тіпті мектеп ауласында да қолында вейп ұстаған жасөспірімдерді көру бүгінде таңсық дүние емес. Үйреншікті жағдай дерсің.
Сән бе, әлде тәуелділік пе?
Бүгінде электронды темекі шегу оқушылар арасында сәнге айналып барады. Алыстан кейіпкер іздемей-ақ, өзім оқыған сыныбымнан бастауды жөн көрдім. 9-сынып оқып жүрген кезіміз. 2021 жыл еді. Сыныбымызда барлығы 25 оқушы болатын. Олимпиададан жүлде алып жүрген белсенді, үздік сынып қатарында едік. Бірақ сыныптағы 7-8 оқушы вейпке әуес еді. Әдепкіде қатарластарым өзге сыныптан қалыс қалмау үшін тұтынып жүрсе, енді бұл тәуелділікке айналды. Бір күні сынып бір сәтке үнсіз қалды. Математика сабағы өтіп жатыр. Мұғалім түсінбей, не болғанын аңғармай тұр. Ал сыныптастарым болса партаның астында кезекпен түтін үрлеп әлек. Мұғалім сезіп қалып, «бұл ненің иісі?» деп сұрады. Біз болсақ, «әтірдің иісі ғой» деп жайбарақат жауап бердік. Мұғалім «иісі әдемі екен» деп қояды, біз де мәзбіз. Уақыт өте бұл жасырын әдет сыныптастарым арасында үрдіске айналды. Тіпті мектепте өзге де сынып оқушылары, ұлдарды айтпағанда, қыздар дәретханасында электронды темекі шегу үйреншікті жағдайға айналды. Мұны білген мұғалімдер ендігі кезекте электронды темекіге тосқауыл қою үшін сөмке, киім тексеріп әлек болды. Бірақ оқушылардың айласы көп. Қазір электронды темекі өшіргіш, ұштағыш, қалам түрінде жасалып шығады екен. Сырт көзге оқу құралы сияқты көрінеді. Дегенмен, ажыратып алу қиын. Сақ болыңыз. Міне, бұл – бүгінгі буынның тапқырлығы мен тәуелділігінің көрінісі. Мектеп қабырғасынан басталған бұл әдет студенттік өмірде де жалғасып келеді.
Жасырын сауда
Қазір заңмен тыйым салынғанына қарамастан, көлеңкелі сауда белсенді жұмыс істеп тұр. Тіпті онлайн түрде де тапсырыс беру оңай. Біз де жасырын сауданы тексеру мақсатында Telegram және Instagram желілерінен іздеп көрдік. Бірнеше минуттың ішінде сатушылар табылды. Кейбіреулері жабық аккаунт арқылы жұмыс істейді, WhatsApp арқылы тапсырыс қабылдайды. Бағасы 7000 теңгеден басталады, әрі қарай сапасы мен дәміне байланысты бағасы да өсе береді. Әрине, тұтынушы болмаса, сатушы да жасырын сатпас еді. Дегенмен, қазіргі таңда жастар үшін вейп, электронды темекі екінші телефон іспетті. Қалтасында жүреді, қуаттап отырады. Бір сәтке қолыңдағы тәтті түтіннің қуаты өшсе немесе жоғалтып алса, ауру адамша қол-аяғы дірілдеп, іздеп кетеді. Дәрігерлердің айтуынша, электронды темекінің кәдімгі темекіден еш айырмашылығы жоқ. Мәселен, кәдімгі темекі өкпе, жүрек-қан тамырларына зиян болса, сәйкесінше электронды темекінің де зияны сондай екен.
– Қазіргі таңда электронды темекі жасөспірімдер арасында кеңінен сұранысқа ие. Зияны жоқ сияқты болып көрінгенімен, адамның есте сақтау қабілетіне зиян. Жастарға бір сәт көз жүгіртіп қарайықшы. Қазіргі жастар ұмытшақ әрі әлсіз келеді. Жаңа айтқан дүниені бес минуттан соң сұрасан, ұмытып қалады. Әрине, бұл электронды темекінің зияны. Ал өкпе, жүрек, қан-тамырларына екі есе зиян. Тағы бір айта кетерлік жайт, электронды темекіні тұтынушылардың ұрпақ сүюі екіталай. Сондықтан тәуелділікті жеңу қажет, – дейді дәрігер Ләйлә Майлықожаева.
Эколог Сәуле Каримованың айтуынша, вейптің буы мен иісі адам денсаулығына ғана емес, табиғатқа да айтарлықтай зиянын тигізеді. Оның сөзінше, бұл көзге көрінбейтін, бірақ ұзақ мерзімде экожүйеге кері әсер ететін қауіп екен.
– Мәселен, электронды темекіні тұтынған адамға қарағанда, оның жанында тұрған адам екі есе зиян шегеді. Себебі вейп түтіні ауаға тарап, қоршаған ортаға да зиянды қалдықтар бөледі. Қазірдің өзінде ауа сапасы төмендеп, ластану деңгейі артып келеді. Ал электронды темекіден шыққан бу құрамында ауыр металдар мен никотин бар. Олар тек өкпеге ғана емес, өсімдік пен топырақ қабатына да кері ықпал етеді, – дейді эколог.
Маманның айтуынша, қолданылған вейп қалдықтары да экологиялық мәселе туындатып отыр. Себебі бір ғана вейп құрылғысының батареясында қорғасын мен сынап сияқты улы элементтер кездеседі. Ал олар жерге немесе суға түссе, табиғи ортаға орны толмас зиян келтіреді, – дейді Сәуле Бахтиярқызы.
Ал вейпке тәуелді жастардың айтуынша, олардың электронды темекіге әуестігі көбіне ортаның әсерінен басталған. Әуелде қызығушылық, кейіннен әдет, ал қазір нағыз тәуелділікке айналған. Аты-жөнін жасырғысы келген ару өз пікірін білдірді.
– Университет қабырғасында белсенді студенттердің бірімін. Алғашында достарымның қолынан вейп көріп, «бір рет көрейін, ештеңе етпес» деп ойладым. Сыртқы дизайны көз тартады, иісі де тәтті. Бірақ бір рет шегіп бастаған соң, тоқтау қиын екен. Қазір электронды темекісіз ауа жұта алмайтын күйге жеттім. Тіпті ұйқыдан оянған сәтте ең алдымен іздейтінім сол. Бір сөзбен айтқанда, тәуелдімін. Ата-анам қарсы, түсіндіруге тырысты, бірақ мен тығылып шегемін. Өйткені ағзам да, санам да тәуелді, – дейді ол.
Аялдамада тұрмын. Жаныма келген бір топ жастың қолында электронды темекі. Олар бүгін тәтті иіс саналған бұл түтіннің келешегін сезінбейтін сияқты. «Тәтті түтін» арты бұлыңғыр…
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!