Сол жағалауда заман талабына сай үйлердің қатары артуда. Таяу маңда пайдалануға берілетін 78 пәтерлік тұрғын үйдің ауласында қызу жұмыс жүріп жатыр. «Сәт-Сервис» құрылыс компаниясының қызметкерлері осында маңдай терін төгіп жүр. Табанды еңбектің басы-қасына барып, құрылысшылармен тілдесіп қайттық.
Марат Қасымбеков «Сәт-Сервис» мекемесінде бес жылдан бері прораб болып жұмыс істейді. Ол бүгінде құрылыс саласында барлығы автоматтандырылғанын тілге тиек етті. Нәтижесінде құрылыс сапасы жыл өткен сайын артып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
– Қазір бұл үйдің құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Тек тазалық жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Мұнда 20 адам, 5 арнайы техника жұмылдырылған. Қызылордадағы құрылыстың қарқыны қуантады. Біз әрбір үйді салып болған сайын, пәтер кілтін табыстаған сәтте тұрғындардың қуанышынан шабыт аламыз. Жұмысты одан әрі де сапалы істеп, елдің алғысына бөленудеміз, – дейді Марат Қасымбекұлы.
Аулада тазалық жұмыстарымен қатар абаттандыру да қызу жүруде. Бұл шаруаны «RS жол сервис» мекемесі мойынға алған. Учаске басшысы Азамат Тұрғанбаевпен тілдестік.
Көлік қоятын орындардың асфальт жабындысын төсеп жатырмыз. Балалар ойнайтын алаңның бірнеше түрі, үлкендерге арналған баркаут – мұның барлығы осы жерде болады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қуаныш сыйлаймыз. Әрбір қазақ пәтер жағаламай, өзінің баспанасында отырса екен деп тілеймін. Осы жолда біз де өз тарапымыздан маңдай терімізді төгіп келеміз, – дейді Азамат Бекмұратұлы.
Бүгінде әрбір нысанның сапасы мен жұмыстың уақытылы бітуін қадағалап жүрген білікті мамандар бар. Солардың бірі – қалалық құрылыс бөлімінің әдіскер маманы Нұржан Қани. Ол бұл тұрғын үйдің әлеуметтік осал топтарға арналғанын айтты.
– Сол жағалаудағы №5 шағын аудандағы 78 пәтерді құрайтын тұрғын үй құрылысы осал топтарға табыстау мақсатында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сатып алынған. Жоба құны – 1 млрд 200 млн теңге. Бұл үйді кезекте тұрған осал топтағы азаматтарға табыстаймыз. Сыртқы абаттандандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – деді ол.
Таяуда сол жағалауда тағы да қоныс той. Біз алдағы уақытта да осындай қуанышты сәттердің куәсі болатынымызға сенеміз.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!