Сейсенбі, 06 мамыр, 11:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33, 2146
06.05.2025
PDF мұрағаты

Алтынбек Қабылов, М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық IT жоғары колледжінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы: Бұл пәннің өмірлік қажеті мол

06.05.2025

10 0

Бүгінгі жасты ұлтжанды­лыққа баулуда білім ошақтарын­дағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің маңызы зор. Әскери әлемнің әліппесі атанған пәннің қырсыры, баланың қалыпта­суына пайдасы мен бүгінгі жеткен жетістіктер жайында Мұстахым Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық IT жоғары колледжінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушыұйымдастырушысы, запастағы майор Алтынбек Қабыловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Мектеп бағдарламасында алғашқы әскери дайындық пәнін орта білім алған әрбір азамат біледі. Бала бұғанасы қатая келе әскери саланың әліппесін де содан алады. Түптеп келгенде бүгінгі жастың бұл пәннен түйетіні не? Ол не үшін және кім үшін қажет?

– Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы заң негізінде оқытылады. Мұнда әскери қару-жарақтар мен әскери техникалар, әскери ұшақтар мен ұшқышсыз ұшу апараттары, саптық дайындық, әскери топография, азаматтық қорғаныс, әскери айырым белгілері, әскеи жарғылар, жаппай жойқын қарулар, жолда жүру ережелері, алғашқы дәрігерлік көмек оқытылады. Мұның барлығы әскери саланы таңдамаса да, өзіне қажет. Өмір мектебінде бұл сабақтардың кәдеге асатынына сенімім мол.

– Жастармен тікелей жұмыс істейсіздер ғой. Әскерге ынта-ықыласы қаншалықты? Қазіргі жастың бұл салаға құлшынысы бар ма?

– Жастардың әскерге деген көзқарасы әртүрлі. Бір айта кетерлігі, толық курстан өткен соң көпшілігінің ой-пікірі өзгереді. Әсіресе маған «Жас шекарашы» үйірмесіне қатысатын тәлімгерлердің 99 пайызы әскерге не болмаса әскери оқуға түсуге ынталы болатыны байқалды. Бұл әрине, шыбықты жасында қалай исең, солай қарай майыса өсетіні тәрізді.

– Кейінгі уақытта балға ұстап, шеге қаға алмайтын жас толқын өсіп келеді деп жатады. Көзқарасыңыз қандай?

– Өмір болған соң, барлығы да кездеседі. Бес саусақтың бірдей емес екені тәрізді. Иә, қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтындар кездеседі. Бірақ ол уақытша деп ойлаймын. Өмір барлығын реттеп алады. Практикалық сабақтардан кейін баланың ынтасы ашылғанын бастан талай өткердік. Бұл мәселеде мен бір-ақ сөз айта аламын. Барлығы тәрбиеге байланысты. Тәрбие мен бағыт-бағдар қалай берілсе, бала да солай қалыптасады.

– Ер-азаматқа әскери өмір, әскери тәртіп, әскери ұстаным керек. Біз қазір соны жеткілікті деңгейде беріп жүрміз бе?

– Жеткілікті деп толық сеніммен айтамын. Қазіргі кезде алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшілері әскери-патриоттық үйірмелер ашып, жиі-жиі сайыстар өткізіп тұрады. Егер қажетті заттар мен қаражат жеткілікті түрде бөлініп тұрса, жастарды әскери өмірге баулуға АӘД мұғалімдері үшін жақсы болары сөзсіз. Бұл реттегі әрбір жұмыс қолдауға байланысты. Қолдау бар жерде даму да бар.

– Оқытушылардың жетекшісімін дедіңіз. Біздің өңірдегі оқытушылардың осы бағыттағы жеткен жетістіктері қандай?

 – Облыстағы  колледждер АӘТД пәні мұғалімдерінің жетістіктері жаман емес. Қазір ынталы, жігерлі жас мұғалімдер көбйіп келеді. Мысалы, Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің АӘТД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Оңдасын Ембергенов республикалық деңгейде «Мәншүк шеруімен» сайыстар өткізіп келеді. «Өркениет» медициналық колледжі, Абылайхан жоғары колледжі, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі, Қазалы теміржол колледжінің әскери жетекшілері үнемі сайыстарда алдыңғы орындарды иеленуде. Мен жұмыс істейтін Мұстақым Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық IT жоғары колледжінде «Жас шекарашылар» үйірмесінің ашылғанына 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында 12 рет облыс чемпионы, бір мәрте республикалық сайыста ІІ орынды иелендік. Шәкірттерім әскери оқу орнын бітіріп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Жылда шекара әскеріне бір взвод сарбаз аттандырамыз.

– Сіздің бала оқытудағы тәжірибеңіз қандай? Басты ұстанымыңызды айтсаңыз…

– Мен көбіне сабақта дәстүрлі әдісті пайдаланамын. Ардагер жауынгерлермен кездесулер өткізуді ұйымдастырамын. Жақында «Жас шекарашылар» үйірмесін Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде тұратын 103 жастағы соғыс ардагері Яхия атамызға алып бардым. Қарияның әңгімесін үйірме мүшелері ұйып тыңдап, жақсы әсер алды. Практикалық сабағымды шекара әскерімен бірлесіп өткізуге тырысамын, өйткені шынайы әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген бала келешекте қиналмай нағыз жерін, елін сүйетін ұлтжанды азамат боларына сенімім мол.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: