Депутаттар билік пен халықтың арасына алтын көпір, дәнекер болып, елдегі мәселені жеткізіп, оның шешілуіне атсалысып жүр ме? Халықтың сенімін арқалаған тұлғалар не істеп жатыр? Сайлауалды бағдарламалардың орындалуы қалай? Бұл сұрақтар біздің басылымның назарынан тыс қалмайды. Газетіміздің «Уәде» айдарының бүгінгі қонағы – Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ақманат Төлегенова.
– Халық қалаулысысыз. Міндетті қызметіңізбен қоса халықтың аманатына да құлақ түресіз. Қалаға қарасты Тасбөгет кентінің халқы сенім артып, өзіңізді депутат етіп сайлады. Өз округіңізге қарасты тұрғындардың көбі кенттің шеткі бөлігінде тұрады. Әрине, ол жердегі күрделі мәселелерден өзіңіз хабардарсыз. Бұл аумақтағы күрмеуі қиын түйткілдер қашан тарқайды?
– Ия, әрине, өзімнің сайлау учаскеме байланысты мәселенің барлығымен таныспын. Әсіресе кенттегі мәселенің ең ауқымды болып тұрғаны – кәріз су станциясын тұрғындар тұратын аймақтан алыстату. Себебі кәріз су станциясы мен тұрғындардың үйлердің ара қашықтығы бар болғаны 200-250 метрдей ғана. Сол маңда тұратын тұрғындардың жанайқайы осы болып тұр. Иісінің жағымсыздығы сонша тұрғындар жаз айларында тіпті терезелерін аша алмайды. Бұл мәселені көтердік. Бүгінде сметалық құжаттар дайындалуда, алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын. Мұнан кейінгі күрделі мәселенің бірі – кенттің емханасы. Өзіңіз де хабардарсыз, кенттегі емхана кезіндегі почтаның ғимараты. Ол ешқандай стандартқа сай келмейді. Іші өте тар, дәлізінің тарлығы соншалық, екі адам қатар жүре алмайды. Кентте күннен-күнге қоныстанушылар қатары да артып отыр. Сол себепті емханаға жаңа ғимарат салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл жайдан қала әкімі де хабардар. Қызметке тағайындалған соң қала әкімі Нұржан Ахатов кент тұрғындарымен кездесті. Сол кездесуде тұрғындардың ең бірінші көтерген мәселесі де осы болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халық үніне құлақ асатын мемлекет статусына көтерілетін болсақ, халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, жүзеге асады деген ойдамын.
Мұнан бөлек, кентте жарық жүргізілмеген 6 көше қалған еді. Бүгінде бұл мақсатқа қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Мердігер мекеме анықталса, бұл жұмыс та көп ұзамай жүзеге асып, көшелер 100 пайыз жарықтандырылады. Тағы да күрделі жайдың бірі – шет аймақта орташа, күрделі жөндеуден өтетін, әлі асфальт төселмеген бірнеше көшелер бар. Кенттің шет аймағанда орналасқан Оразбаев көшесінің тұрғындары бірнеше рет өтінішін жеткізген болатын. Кезінде бұл көшемен 22-інші бағыттағы қоғамдық көлік жүргізілген. Алайда жолдың нашарлығына байланысты қоғамдық көліктің жүруі тоқтатылған. Қоғамдық көліктің болмауы салдарынан тұрғындар келесі аялдамаға дейін 1-1,5 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Сол аралық батпақ, жүруге өте ыңғайсыз. Әсіресе оқушылар мектепке барып-қайтатын кезде қиналады. Сол Оразбаев көшесін жөндеуге қаржы бөлініп, конкурсқа шығарылды. Енді мердігер мекеме анықталса, көше жөнделіп, тұрғындардың талап-тілегі орындаламақ. Айта кету керек, бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сәкен Сейфуллин, Сапарбаев көшелеріне асфальт төселді. Ертуғанов көшесі абатандырылып, ойын алаңы салынып, тұрғындардың кешкілік балаларымен серуендеуіне қолайлы жағдай жасалды.
– Жергілікті өңірден сайланған Сенат депутаттары қалалық мәслихат депутаттарымен басқосу өткізді. Жиында өзіңіз халық қалаулыларына қандай ұсыныс тастадыңыз?
– Өзімнің тарапымнан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы қалаға қарасты кенттер мен ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлерге қажетті қолдау аясын кеңейтуді және «Сыр жастары» бағдарламасы аясында кез-келген санаттағы жастарды қолдау мәселесін қарастыруды мәлім еттім.
Келелі кездесуде сенат депутаттары халық қалаулыларының барлық ұсыныстары мен өтініштеріне мұқият құлақ түріп, заң аясында оң шешімін алу мақсатында құзырлы органдарға жеткізетіндігін мәлім етті.
– Ел Президенті келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Еңбек адамдарын насихаттауға жұмылу тұрғысындағы пікіріңіз..
– Бұл – жұмысшы азаматтарға көрсетілген құрмет. Адал, әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болатыны сөзсіз. Негізі әрбір азамат қол аяғы сау, денсаулығы мықты болса, еңбек етуге міндетті деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда жұмысшы тобы өте аз. Баяғы білікті токарь, газэлектрмен дәнекерлеуші, автослесарь, краншы, сылақшы, тас қалаушы деген мамандар жоқтың қасы. Жастарымыз тек заңгер, экономист, қаржыгер деген мамандықтарда ғана оқиды. Алдағы уақытта жастарға азайып бара жатқан мамандықтарға қызығушылық танытатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Ол үшін қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз және көтеруіміз қажет.
– Елдің қоғамдық өмірінде өте белсендісіз. «Ақ жол» партиясының фракция мүшесісіз. Ықпалды партияның пәрменімен Сыр өңірінде қандай жұмыстар жүзеге асты?
– «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының ұсынысымен 2023 жылдың 30 маусымында Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өткізіліп, бөлшек сауда салығының мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бұл өңіріміздегі кәсіпкерлер үшін өте қолайлы, әрі тиімді жағдай туғызды. Одан бөлек, 31 мамырда жыл сайын республика деңгейінде Алаш ардақтыларын еске алу үшін «Алашқа тағзым» атты шеру өтеді. Тағы айта кететін жай, өзіңіз білесіз «Мектепке жол» акциясы бойынша отбасылық жағдайы төмен оқушыларға партия тарапынан, депутаттар тарапынан жыл сайын көмек көрсетіледі. Су апаты болған аймақтарға партия және облыстық филиал тарапынан көмектер жіберілді.
– Өзіңіз бір шаңырақтың отанасысыз. Бос уақытыңыздағы хоббиіңіз не?
– Үйге шуақ тарататын аналар ғой. Мен де – анамын. Қызметпен қоса шаңырақтың түтінін түтетіп, жолдасым екеуміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Бос уақыт бола бермейді. Десе де, әйел заты иісі жұпар гүлді ұнатады ғой. Менің де хоббиым – гүл өсіру. Есіктің алдында 42 түп раушан гүлі, 5 түп патшалық лилия, 3 түп буддлея гүлдері өсіп тұр. Күнде кешке жұмыстан кейін сол гүлдерді суарып, керекті тыңайтқыштарын беріп, бір мезгіл солармен сырласып, сұхбаттасатын жайым бар. Әрине олар сөйлеу білмегенмен, тыңдай біледі. Болашақта 42 түпті 70-80-ге жеткізгім келеді.
– «Таза Қазақстан» акциясына деген сіздің көзқарасыңыз?
– «Таза Қазақстан» акциясын толығымен құптаймын және қолдаймын. Әрине тазалықты жақсы көрмейтін адам жоқ. Айналамыздың таза болғаны өзіміз үшін, өсіп келе жатқан ұрпағымыз үшін ауадай қажет. Қазір қалада акция аясында ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Бүкіл жастарымыз, еріктілер, мекеме қызметкерлері қала тазалығына белсене атсалысуда. Айналамыздан қазір бір қылау таппайсың. Әрине, бұл – аймақ басшысының үлкен еңбегі. Қаламыз күннен күнге өсіп, зәулім құрылыстар бой көтеріп, құлпырып жатыр. Шаһардың қайта түлеп, гүлденгенін қалаға келген қонақтар жиі айтады. Сұлу қаламен мақтанамыз, марқаямыз. Туған жеріміз шабыт сыйлайды. «Таза Қазақстанды» жалынды жастармен бірге жасаймыз. Өйткені жастар – болашақтың тірегі.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!