Сенбі, 22 қараша, 00:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№89 (2201)
22.11.2025
PDF мұрағаты

Ана тілін құрметтеген білім ордасы

22.11.2025

28 0

…Қобыланды сынды батырың

Тайбурыл атты мінеді,

Ақ сауытын киеді.

Қараспан тауды бөктерлеп,

Көп қосынның соңынан

Батыр Қобылан жөнеді…

Ақ бантигі желбіреген бас­тауыш сы­ныптың бүлдіршін қызы «Қобыланды батыр» жы­рын жатқа айтып тұр. Жырдың жалғасын сыныптасы іліп әкетті.

Ана тілін құрметтеген білім ордасы

Қаладағы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есі­мін иемденген №211 мектеп­тің кез келген оқушысынан сұрасаң Қобыланды ба­тыр жырын жатқа біледі. Ауыз әдебиетін, батырлар жырын жастана оқып жатқан балалардың кітап оқуға құлшынып тұрғанын жалт-жұлт ет­кен жанарынан бай­қауға болады. «Мен қазақпын» деп мақтана айтып, ұлтының баға жетпес жауһарларын түгендеп жүрген жас буын. Қай сыныпқа бас сұқсаң да «мен айтайыншы» деп жұлқынып тұр. Өзі білім алып жатқан мектебіне есімі берілген ұлт ұстазының на­қылға айналған әрбір сөзін жадына түйген. «Күшті болу үшін білім керек» дейді олар. «Ұлтымыздың болашағы біздей білімді буынның қолында» дегенді аңғартқан өрендер ең ал­дымен өз ана тілін, ұлттың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін бойына сіңіріп өсіп келеді. Қарап тұрып риза боласың.

Ана тілін құрметтеген білім ордасы

Жоғарыда атап өткендей, Ахмет Байтұрсынұлы атында­ғы №211 мектептің жас буын­ды оқыту мен тәрбиелеуде еш­кімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Ең бастысы, туған тілді тереңдете оқытуға ерекше мән береді. Ел Президентінің Жолдауында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге де­ген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәрте­бесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғас­тыра береміз» деп атап айтқаны білім ордасының мақсатын айқындауға түрткі болды де­сек артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының тіл мәртебесін көтеру, «Тілге бой­лау» республикалық жобасын жүзеге асыру, қазақ тілін үйрену сапасын арттыру, оқу сауаттылығын дамыту мақ­сатында Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының 17 желтоқсан 2024 жылғы 116-нқ/ 1 бұйрығымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектебі «Тілге бойлау (Тіл білімі мектебі)» тірек мектебі болып бекітілген.

Ана тілін құрметтеген білім ордасы

– Оқушыларымыздың тіл­дік қабілет­терін шыңдау, олардың қазақ тілінде ойлау және сөй­леу дағдыларын дамыту, жас буынның бойына ұлттық құн­дылық пен отансүйгіштік се­зімдерін сіңіру – біздің басты міндетіміз. Мектебіміз ұлт ұс­тазының атында болғандықтан бізге бұл үдеден шығу екі есе ауыр жүк екенін сезінеміз. Жоба аясында ауқымды жұ­мыстар қолға алынып, жүзеге асуда. «Тілге бойлау (Тіл білімі мектебі)» жобасы бала­ларды ана тілімізді терең меңгеруге, білім алушылардың сөздік қорын молайтуға, табан­ды­лық­қа, шыдамдылыққа, шы­ғар­машылыққа бағытталған десек, жоба аясында оқушы­ларымыз 1-сыныптан бастап «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларын жатқа оқи­ды, – дейді мектеп директо­ры Айжан Алимова.

«Тіл білімі» мектебі аталған білім ордасының бүгінгі күн­ге дейін атқарған жұмысы аз емес. Қазақ тілін терең мең­герту мақсатында түрлі жобалар, кон­ференциялар да ұйымдастырылып келеді. Қазақ тілі мен әдебиетін қызыға оқуған оқушылардың да жетістігі аз емес. Әр жыл сайын жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан кө­рініп келеді. Жақында мек­тепте тағы бір мазмұнды іс-шара өтті. «Тілге бойлау: «Тіл білімі мектебі» жобасы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы мен ғылым тілі бо­лып қалыптасуы» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Конференцияға Алматы мем­лекеттік тілді дамыту инс­титутының атқарушы дирек­торы Бижомарт Қапалбек, актер, әнші, «Ахмет.Ұлт ұстазы» телехи­кая­сында басты рөлді сом­даған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиев, Қор­қыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің қауымдасты­рылған профессоры Аман Абасилов, Қы­зылорда об­лыстық оқу-әдіс­темелік орталығының дирек­торы Сырым Асқаров, Қызылорда облы­сының қоғамдық даму басқар­масының «Қызылорда об­лы­сының тілдерді оқыту орталығының» КММ  директоры Мартана Дәу­летбаева, «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев  және білім саласының өкілдері, мұға­лімдер, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияға келген қо­нақтар ең алды­мен мектепте ашылған ғылыми зерт­теу орта­лықтарының жұмысымен та­нысты.

Ұлт ұстазы атын иемденген білім ордасындағы бұл конфе­ренцияның да маңызы бөлек. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға қадам жасауды мақсат еткен конференцияда А.Байтұрсынұлы медалінің ие­гері Бижомарт Сейсенбекұлы «Жаңартылған бағдарламадағы қазақ тілі пәнінің мақсаты және білім мазмұны» тақы­рыбында баяндама жасаса, «А.Байтұрсынұлының сөйлем жүйесіне қатысты ғибратынан» тақырыбында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педаго­гикалық университеті гуманитар­лық ғылымдар жоғары мек­тебінің про­фессоры, фи­лология ғылымдарының док­­торы Бекен Сағындықұлы, «Ақымет Байтұрсынұлының қоғамдық-шығарма­шылық және ғылыми қызметінің Қы­зылорда кезеңі» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің қауым­дастырылған про­фес­соры, фи­лология ғылымда­рының кан­дидаты  Аман Абасилов, «А.Байтұрсын­­ұлы «Әліппесіндегі» ұлттық құндылықтар»  тақырыбында ақын, А.Бай­тұрсын­ұлы музей-үйінің аға ғылыми қыз­мет­кері, түркі­танушы (PhD), Алаш мұ­раларын зерт­теуші Әділет Ахметұлы баяндама жасап, қатысушыларға тың мағлұмат берді.

Конференцияны түйіндеген №211 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп дирек­торы Айжан Алимова бүгінгі жиынның «Тіл білімі» тірек мектебіне берері мол екенін атап өтті.

– Конференцияға қатысып, келелі ой-пікір бөлісіп, маз­мұнды баяндама жа­саған баян­дамашыларға, тіл жа­на­шырларына және барлық қа­тысушыларға үлкен алғыс білдіреміз. Шарамызды ұлт маңдайына біткен, туған тіліне деген құрметі жоғары болған Ахмет Байтұрсынұлының «Өз тілімен сөйлескен, өз тілі­мен жазған жұрттың ұлтты­ғы еш уақытта адамы құры­май жоғалмайды. Ұлттың сақ­талуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген сөзімен аяқтаймыз, – деді ол.

Конференцияның келесі бө­лімі «Ғы­лымдағы Ахмет – өнердегі Ахмет: тіл тағды­ры мен тұлға тағдыры» тақы­рыбында жалғасты. Жиында конференция қонақтары оқу­шылармен кез­десіп, пікір алмасты. Оқушылар «Ахмет үні» атты монолог оқып, кинода Ахметті сомдаған Байғали Мақұлбековке көкей­де жүрген сұрақтарын қой­ды. Сондай-ақ Бижомарт Қапалбектің «Адамдық ди­қаншысы» пьесасы желісінде шағын эпизодты қойылым қойып, Байғали Есенәлиевтің өлеңдерінен үзінді оқыды. Бұл конференция жас буынның әдебиет пен өнерге, тілге деген қызығушылығын арттыра түс­кен күн болды.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: