Ана болу – зор бақыт. Жүрегінің ішінде тағы бір жүрек лүпілі сезіліп жатқанын сезінген әйел затына үлкен жауапкершілік жүгін жүктейді. Болашақ ана ретінде өзін-өзі күтіп, денсаулығына мән береді. Бұл кезеңде дәрігер көмегі қажет-ақ. Осы орайда әйелдерді босандырып, сәбиді дүниеге аман-есен әкелу гинекологтарға жүктелген. Сондай білікті маманның бірі – облыстық перинаталдық орталықта дәрігер акушер-гинеколог қызметін атқаратын Мөлдір Жамбылқызы.
Орталық ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөліп келеді. Мұнда гинеколог қызметін атқаратын Мөлдірдің жұмысын әріптестері жоғары бағалайды.
– Бүгінде ана мен бала денсаулығына көп көңіл бөлінуде. Сәби өлімі азайып, туу көрсеткіші артып келеді. Осы орайда, демографиялық ахуалдың жақсаруына дәрігерлердің қосқан үлесі зор. Себебі бізге жүктелер міндет қашанда салмақты. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның денсаулығы, – дейді гинеколог.
Ақ халатты абзал жан болу Мөлдірдің бала күнгі арманы еді. Дертіне дауа іздеген дімкәс кісілерге әрқашан көмек қолын созғысы келіп тұратын. Ата-анасы оның болашақ арманына қолдау білдірді. Осылайша, 2005 жылы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина универститетіне оқуға түсіп, 2012 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып шықты. Әрине, бұл саланың арқалар жүгі ауыр. Мамандығының қыр-сырын меңгеру үшін көп ізденді.
Еңбек жолын 2012 жылы Сырдария орталық аудандық ауруханасына жұмысқа қабылданып, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі ретінде бастаған. Онда 2014 жылы бас акушер-гинеколог, 2015 жылы перзентхана, гинекология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Ал 2016 жылы «Сәулелік диагностика» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, 2017 жылдан бері облыстық перинаталдық орталыққа жұмысқа қабылданып, қызмет атқаруда. Саладағы жұмысына қызығушылығы күннен-күнге арта түсті. Соның нәтижесінде он үш жылдан бері қызметте абырой биігінен көрінуде. Яғни өзіне жүктелген сенімді жауапкершілікпен арқалап жүр. Еңбек ете жүріп, бірнеше рет Астана, Алматы, Семей қалаларында біліктілігін арттырған.
Бүгінде Мөлдірдің ұжымда мерейі үстем, өз ісінің нағыз маманы.
– Дені сау анадан ғана дені сау бала өмірге келеді. Мәселен, әрбір әйел, отбасы баланы жоспарлау, денсаулықты күту, жүктіліктегі дайындыққа ерекше мән беруі керек. Себебі ана мен бала өлімінің алдын алудың бірден бір жолы – осы. Бірақ, өкінішке орай, бұл мәселеге көп адам көңіл бөлмейді. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, дәрігер деген атына кір келтірмеу – басты мақсатым. Менің жұмысымның жемісі – сол. Ана бақытын сезінген нәзік жандардың бақытты жүзін көру – мен үшін үлкен жетістік, – деп сөзін қорытындылады Мөлдір Жамбылқызы.
Өз ісіне адал әрі еңбекқор Мөлдір қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Қазіргі таңда қалалық көпбейінді ауруханасының гинекология бөлімінде дәрігер гинеколог қызметін қоса атқарады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!