Бұл ғимараттың табалдырығынан аттасаңыз ғажайып мекенге келгендей сезімде боласыз. Домбыра мен скрипка, фортепиано мен виолончельдің үні өзіне баурап алады. Мұнан бөлек қылқалам ұшындағы кескіндер, мың бұралған биді тамашалап тұра бергің келеді. Бұл –
М.Қалауов атындағы қалалық Өнер мектебі. Бұл – талай талантты өнер жолына қанат қақтырған қарашаңырақ. Алдағы жылы білім ордасына 80 жыл толады. Бұл – тұтас бір дәуір, бірнеше ұрпақтың еңбегі мен ізденісінің, талант пен табандылықтың жемісі. Бүгінгі таңда мектеп ұжымы дәстүрлі бағытты сақтай отырып, жетіген, үрмелі аспаптар секілді жаңа сыныптар ашу, халықаралық байқауларға қатысу, өңір мәдениетін жаңа деңгейге көтеру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өнер арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуді мақсат тұтқан ұжым үшін әрбір шәкірт – болашақ музыкант, хореограф не суретші бола алатын үлкен әлеует иесі. Осы және өзге де мәселелер жөнінде толығырақ білу үшін М. Қалауов атындағы Қызылорда қалалық Өнер мектебінің директоры Анар Жаңбырбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Өнер мектебінің миссиясы мен басты мақсаты неде?
– Мектептің басты миссиясы – мәдениет пен өнер саласына кәсіби маман даярлау. Мұндай түлектер филармония болсын, білім беру ұйымдары болсын, жалпы өнер мен мәдениет кеңістігінің барлық саласында сұранысқа ие. Ең бастысы – ұлттық өнердің сабақтастығын үзбей, жаңа буын тәрбиелеу. Көп жағдайда шетелге шыққанда елдің шынайы болмысын танытатын – өнер адамдары. Оркестр әртістері, әншілер, бишілер сахнаға шыққанда, аз ғана уақыттың ішінде халықтың тарихын, рухын, ұлттық келбетін терең, әсерлі түрде жеткізіп бере алады. Өйткені өнер ұлттың болмысын көрсетеді.

– Шығармашылықты дамыту үшін қандай басымдықтар айқындадыңыз?
– Соңғы жылдары мектептің құрылымын кеңейтіп, жаңа бөлімдер ашуға, толықтыруға айрықша назар аударып келеміз. Солардың бірі – Жетіген сыныбын жандандырып, көне аспапты кәсіби деңгейде меңгеретін жас буынды тәрбиелеу. Жыр-терме сыныбы жұмысын жүйелі түрде күшейтуді көздейміз. Қазір екі бағыт бойынша жұмыс істесек, алдағы уақытта тағы екі бағытты қолға алу жоспарымызда бар. Жалпы, өңір көлемінде төрт жыр мектебі қалыптасқан. Бұған қоса, үрмелі аспаптар сыныбын дамытуды да күн тәртібіне қойдық. Гобой, флейта, валторна, кларнет сыныптарын ашу жоспарда бар. Өткен жылы мектепте бұрыннан бар аспаптық базаға сүйене отырып, саксофон сыныбын іске қостық. Сондай-ақ виолончель сыныбын да жаңа деңгейге шығару – алдағы уақыттағы негізгі міндеттеріміздің бірі.
– Өнер мектебіне оқуға қабылдау қалай жүргізіледі? Жас шектеуі бар ма, бастапқы дайындық деңгейіне қандай талап қойылады?
– Өнер мектебіне емтихан арқылы қабылдаймыз. Ең алдымен баланың шығармашылық икемі сарапталады. Ән айту, музыканы есту қабілеті мұқият тексеріледі. Сонымен қатар баланың есте сақтау қабілеті мен зеректігі де назардан тыс қалмайды. Әсіресе скрипка, виолончель, фортепиано сияқты күрделі аспаптарды меңгеруде бұл қасиеттің маңызы зор. Қабылдау тамыз айының соңына қарай өтеді. Жас ерекшелігіне қатысты әр бөлімнің өз талабы бар. Мәселен, скрипкаға 6-7 жастан бастап келген дұрыс. Бұл жаста бұлшықет әлі де жұмсақ, қолдың техникалық қимылын қалыптастыру жеңіл жүреді. Ал домбыра сыныбына, керісінше, денесі біршама бекіген 8-10 жастағы балалар қабылданады. Баянға да негізінен осындай жас шектеуі ұсынылады. Дегенмен, кейде бұл ауыр аспапқа кішкентайлар да қызығып келеді. Олар да ынта-ықыластың арқасында үйреніп, концерттерге шығып жүр. Небәрі алты айдың ішінде мектеп сахнасына шығып, өнер жолындағы алғашқы қадамын жасап жүрген адамдар бар.
– Аспаптық бағыттар бойынша оқу бағдарламасы қандай қағидаттарға сүйенеді?
– Мектептің оқу бағдарламасы бекітілген білім стандартына негізделіп әзірленеді. Аспапта ойнауға үйрету – өте жауапты әрі күрделі. Сол себепті әр оқушыға жеке оқу жоспары құрылады. Онда баланың мінез-құлқы, сабаққа қатысу белсенділігі, қызығушылығы, ата-анасының қолдауы мен жауапкершілік деңгейі секілді маңызды тұстар ескеріледі. Сонымен қатар оқушының жасы мен қабілетіне сай репертуарлық жоспар да нақты айқындалады. Әдістемеге келсек, әр бағытта орындаушылық аппаратты қалыптастырудың ортақ кәсіби қағидалары бар. Дегенмен нақты жұмыс әр баланың өзіне ғана тән физиологиялық және анатомиялық ерекшеліктеріне қарай қайтадан бейімделіп, «қолдан пішілгендей» құралады. Өйткені әрбір бала өзгеше әлем. Мұғалім тәжірибесі артқан сайын, ол осы айырмашылықтарды терең түсініп, баламен жұмыс істеудің тиімді жолдарын игереді. Біз оларды «тәлімгер» деп бекер атамаймыз. Біздің ұжымдағы осындай ұстаздар – өнер мектебінің тірегі, өз саласының шынайы мэтрлері.

– Вокал, хореография, бейнелеу өнері бағыты бойынша оқу үрдісі қалай ұйымдастырылған?
– Вокал мен хореография – кәсіби шеберлікті талап ететін екі ірі бағыт. Вокал бөлімінде дауысты дұрыс қою, тыныс алу техникасы, дикция, орындаушылық мәнер мен сахналық бейне қалыптастыру сынды күрделі сабақ арнайы әдістемеге сүйене отырып, кәсіби вокал педагогтерінің тікелей жетекшілігімен жүргізіледі. Әр оқушының дауыс мүмкіндігіне қарай жеке жұмыс істейді, репертуар да соған сай таңдалады. Хореография бөлімінде би өнерінің негізгі тармақтары толық қамтылған. Халық билері, қазақтың ұлттық билері, заманауи және классикалық бағыттар бойынша балалар жүйелі түрде дайындалады. Мектептің «Балбұлақ» би ұжымы мен хоры қала және облыс деңгейіндегі барлық маңызды мәдени іс-шараларға тұрақты қатысып жүр. Олар көптеген республикалық және халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болып келеді. Үлкен жетістіктерінің бірі – халықаралық «Славянский базар» би байқауында кіші топ бойынша I орын иеленді. Бұл номинация бойынша Қазақстаннан қатысқан жалғыз ұжым болғандықтан, біздің балалар ел намысын абыроймен қорғап, республикамыздың өнерін лайықты деңгейде танытып қайтты. Бейнелеу өнері бөлімінде академиялық сурет, кескіндеме, композиция, сондай-ақ дизайн мен графика пәндері жүйелі түрде оқытылады.
– Өнер мектебіне оқытушыларды іріктеу қандай талап бойынша жүргізіледі? Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу жұмысы қай деңгейде?
– Бұл 80 жылдық тарихы бар мектеп. Мұнда ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан шебер ұстаздар, қалыптасқан дәстүрі бар мықты ұжым жұмыс істейді. Педагогті таңдағанда, ең әуелі оның баламен қарым-қатынасына назар аударамыз. Балаға мейріммен қарап, қолдау көрсете ала ма, жас таланттың өсіп-жетілуіне шын жүректен қызығушылық таныта ма, осы талап аса маңызды. Сонымен қатар мұғалім өз өнерін де жоғары деңгейде көрсете алуы керек. Мұғалімнің жеке шығармашылығы мен кәсіби шеберлігі оқушы үшін ең үлкен мотивация. Биыл біз екі ірі кәсіби шеберлік сабағын өткіздік. Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебінің педагогтері шәкірттерімен бірге келіп, фортепиано, скрипка және виолончель мамандықтары бойынша шеберлік сабақтарын жүргізді. Бағдарламаның соңында қонақтар өз оқушыларымен бірлескен концерт қойып, тәжірибе алмасуды нағыз шығармашылық мерекеге айналдырды. Сонымен қатар пианистерге арналған жеке шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тәжірибелі педагогі жүргізді. Биыл пианистердің 59-республикалық конкурс-фестивалі өтеді, бұл байқаудың ерекшелігі номинациялар жыл сайын ауысып отырады. Келер жылы ішекті және үрмелі аспаптар бойынша, ал өткен жылы халық аспаптары бағытында конкурс өткен. Яғни әр мамандық үшін осындай ауқымды мүмкіндік орта есеппен үш жылда бір рет келеді. Өнер мектебінің мұғалімдері Астана қаласындағы республикалық деңгейдегі шеберлік сабақтарына да жүйелі түрде қатысып тұрады. Егер шақырту ресми, республикалық мәртебеге ие болса, жолақысы мен іссапар шығынын мемлекет өтейді. Бұл педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа әдістемелерді меңгеруіне, республикадағы үздік тәжірибемен танысуына мүмкіндік береді.
– Оқушылардың оқу нәтижесі қалай бағаланады?
– Әр тоқсан сайын оқушылар емтихан тапсырады, және әр емтиханның өзіне тән бағыты бар. Бірінші тоқсанда техникалық емтихан тапсырады. Бұл кезеңде оқушы гамма, этюд арқылы орындаушылық шеберлігін, саусақ техникасын шыңдайды. Екінші тоқсан, яғни жартыжылдық қорытындысы – академиялық емтихан. Мұнда көлемді шығармалар, соната, концерт сынды ірі дүниелер орындалып, баланың музыкалық ойлауы мен сахналық дайындығы жан-жақты бағаланады. Үшінші тоқсан жоғары деңгейде өтеді. Техникалық емтихан қайтадан жүргізіліп, сонымен қатар сыныптық концерттер жиі ұйымдастырылады. Оқу жылының соңында міндетті түрде қорытынды академиялық емтихан немесе есеп беру концерті өткізіледі. Бұл да ірі формаға негізделеді. Концерт, соната, вариациялар тәрізді күрделі шығармаларды орындау арқылы оқушының бір жылдық еңбегі сараланады. Сонымен бірге әр оқушы мен педагогтің жетістіктерін айқындайтын портфолио жүйелі түрде жүргізіледі. Себебі барлық мұғалім, өзге білім беру мекемелеріндегідей, Ұлттық тестілеу орталығының базасы арқылы белгілі бір тестілеуден өтеді, соның нәтижесінде портфолиоға қажетті құжаттар мен деректердің басым бөлігі автоматты түрде жиналып отырады. Өнер мектебі мұғалімдерінің жетістігі аз емес, нәтижесі мол, талай дарынның жолын ашқан ұжым деп нық айта аламыз.
– Оқушыларыңыздың жетістігі мен алдағы жоспарға тоқталсаңыз…
– Өзім скрипка сыныбында сабақ беремін. Жылдар бойы талай шәкірт тәрбиеледім, бүгінде қала деңгейінен бастап, халықаралық дәрежеге дейінгі түрлі байқаулардың лауреаттары аз емес. Солардың бір бөлігі қазір менің әріптестеріме айналды, ал кейбір түлектеріміз әлем сахналарында абыроймен өнер көрсетіп жүр. Бұл – ұстаз үшін мақтаныш. Қазір мектеп үшін ерекше маңызды мерейтойға жүйелі дайындық басталды. Алдымызда үлкен меже – Өнер мектебінің 80 жылдығы. Мерейлі жылда мектеп тарихын қамтитын кітап шығару, үлгілік-есептік үлкен концерт ұйымдастыру, ұстаздар мен оқушылардың ең үздік жұмыстарын кеңінен көрсету жоспарланған. Жалпы жоспар көп, осының бәрін рет-ретімен жүзеге асыру үшін үш жылға арналған «жол картасы» да әзірленіп қойды. Жаңа бағыттар ашу – күн тәртібіндегі мәселе. Жетіген, гобой, кларнет, валторна сияқты аспаптар бойынша сыныптар енгізуге ниеттіміз. Халықаралық байқауларға жиі қатысамыз. Жетістігіміз де аз емес, біз бұл алаңдарда тек қатысушы ретінде ғана емес, жүлдегер, лауреат дәрежесінде де талай мәрте танылып жүрміз. Бұл – балалардың еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және ұстаздар ұжымының бірлескен қажырлы жұмысының нақты жемісі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!