Сенбі, 20 желтоқсан, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97 (2209)
20.12.2025
PDF мұрағаты

Антына адал, сертіне берік тергеуші

20.12.2025

19 0

Қызылорда облысы Полиция депар­таментінің Шиелі аудандық полиция бөлімі­нің тергеушісі кәсіби әрі жүйелі жүргі­зілген тергеу нәтижесінде бір жылдан астам уақыт бойы ашылмай келген аса ауыр қылмысты ашқан. 

2024 жылғы ақпан айында Шиелі кентіндегі тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылған. Алғашқы тексеру барысында «өрттің абайсызда шығуы мүмкін» деген болжам жасалған. Алайда сот-медициналық сараптама марқұмның өртке дейін қайтыс болғанын көрсеткенімен, нақты өлім себебін анықтау мүмкін болмады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, ұзақ уақыт бойы жедел-тергеу шаралары жүргізілді. 2025 жылғы мамыр айында Шиелі кентінде тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған қарақшылық шабуыл дерегі тіркеліп, бұл іс Шиелі аудандық полиция бөлімінің тергеушісі полиция капитаны Шындәулет Жеңсікбаевқа тапсырылды. Тергеу бары­сында ұсталған күдіктінің бұған дейін де жалғызбасты әйелдерге қатысты тонау, зорлау секілді ауыр қылмыстар жасағаны анықталды. Жиналған деректер мен дәлел­демелер бұрынғы өрт фактісімен өзара байланысты екенін көрсетті. Тергеу барысында такси қызметін пайдаланғаны, куәгерлердің жауаптары мен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері оның кінәсін толық дәлелдеді. Жиналған бұл­тартпас дәлелдерден кейін күдікті мар­құмның үйіне заңсыз кіріп, күш қолданып, алтын бұйымдарын алып кеткенін және қылмыстың ізін жасыру мақсатында үйді өртегенін мойындады. 2025 жылы сот үкімімен күдікті 25 жылға бас бостан­дығынан айырылды. Елді алаңдатқан бұл істің ашылуы полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен табандылығының нәтижесі. Марқұмның қызы қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, кінәліні анықтап, қоғам ты­ныштығын күзету жолында қызмет еткен тергеушінің ерен еңбегі үшін алғыс білдірді.

«Істі тергеген полиция майоры Шындәулет Оразбекұлының ұзақ уақыт­қа созылған күрделі тергеу ісіндегі тегеурінді еңбегі оң бағаға әбден лайық. Әділеттің салмағы сыналар сәтте заң мен ардың таразысын тең ұстап, қылмыстық істі жан- жақты әрі мұқият тергей білді. Бұғып қалу мен бүгіп қалуды білмейтін батылдығы қылмыскерді анықтауда септігін тигізгені сөзсіз. Сауатты әрі нәтижелі жүргізілген тергеу жұмысы­ның қорытындысында қыл­мыскер заң талаптарына сай жауапқа тар­тылып, әділ жазасын алды. Ақ пен қара­ның аражігін зерделеп, ақиқатты ашуда көрсеткен кәсіби шеберлігі үшін алғысымды білдіремін!» делінген Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі С.Ергешовтің атына жолданған алғыс хатта. 

Тергеушінің негізгі қағидаты – азамат­тардың құқықтары мен бостандық­тарын  сақтау. Әр қылмыстық істің артындағы адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, қызмет атқару кез-келген адамның қолынан келе бермейтіні шындық.

Жеңсікбаев Шындәулет Оразбекұлы 1990 жылы қыркүйек айының 4-і күні Қызылорда облысының Шиелі ауданы Ақмая ауылында дүниеге келген. 

– Менің полиция қызметкері боламын деген арманым мектеп кезінде басталған. Ол үшін әскерге бару міндетті дегенді естіп әскерге баруға дайындалып жүргенімде 2009 жылы әкем Оразбек Жеңсікбаев өмір­ден өтті. Содан анамның рұқсатын алып, әскерге кеттім.  Шығыс Қазақстан об­­лысы, Өскемен қаласындағы №5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы боры­шымды өтеп келдім. 2011 жылы ҚР ІІМ-нің М.Бөгенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түстім. Оқуды бітір­ген соң Қызылорда облысы Полиция депар­таменті бастығының бұйрығымен Шиелі аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі лауазымына тағайындалып, еңбек жолым басталды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл жол маған төзімділік пен табандылықты үйретті, – дейді тергеуші.

Бүгінде өз қызметіне адалдықты әр­кез бірінші орынға қоятын Шындәулет аяулы жары Маржан екеуі үш бала тәрбиелеуде. Осы қызметке келген күннен бастап тыңғылықты жұмысы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ұжым арасында абыройлы, қызметтік борышын адал атқарып келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: