Сенбі, 28 маусым, 15:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47,2160
28.06.2025
PDF мұрағаты

Аптаның бес күнінде газет шығарамыз

28.06.2025

50 0

Сыртынан қарағанда тып-тыныш, үнсіз тұрған ғимараттың ішіне ене сала машина даусынан құлақ тұнады. Бірінен соң бірі тізбектеліп шығып жатқан сан түрлі газеттің ең бірінші оқырманы – осы баспахана қызметкерлері. Олар оқырманның алдындағы аманаттың жүгін журналистермен бірге көтереді.

«ASU баспа үйі» баспаханасы аптаның бес күнінде газет басады. Ондағы жігіттер түн баласы тыным таппай, таң қылаң бере басылымды оқырманға жөнелтуде табан ет, маңдай терін жұмсап жүр.

Азамат Рашидинов – аға бас­пагер. Ол мұнда он екі жылдан бері жұмыс істейді. Газет басу ісінің өзіндік қиындығы мен қызығы мол екенін айтады. Ең қиыны – жігіттердің тек түнде жұмыс істейтінінде.

– Әрине, жауапкершілігі зор жұмыс. Оқырманды жылдам әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуде журналистермен бірге бар күш-жігерімізді сала жүріп, ең­бектенеміз. Журналистер мақа­ланың мазмұнына атсалысса, біз газеттің сапасына мән бере­міз. Осылайша тонның ішкі бауындай біте қайнасып, жұмыс істеп келеміз. Қазір аптаның бес күнінде газет шығарамыз. Біздің баспаханада жергілікті газеттен бастап, республикалық басылымдарға дейін басылады, – дейді Азамат Рашидинов.

Қазір мұнда екі ауысыммен он адам жұмыс істейді. Әр ауысым­да бес қызметкер маңдай терін төгіп жүр. Жұмыс сапалы болса, тап­сырыс та көп болатынын жауап­кершілікпен қабылдаған олар­дың әрқайсысының еңбегі ерен.

– Аймақтық, республикалық газеттерден бөлек, көршілес Ұлы­тау, Ақтөбе облыстарының да басылымдарын шығарып жүр­міз. Әрине, бізге артылған сенімге байыпты көзқараспен қарап, олар­дың әрбіріне сапалы қызмет ету­деміз. Алдағы уақытта да осы тұ­ғырдан түспеу – басты межеміз, – дейді «ASU баспа үйі» ЖШС ди­ректоры Қасымхан Қыдырбаев.

«Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» дегендей, газет шығар күнге дейін бал ара тә­різді ақпарат жиған журналист газет бетін толтырған соң, компьютерде бет­теліп, баспа­ханаға жол тартады. Мұнда оны білікті мамандар күтіп алып, суреттердің түр-түсі мен сапасын реттеп, пластинаға басады. Ал басылған пластина баспа ма­шинасына жіберіледі.

– Көзін білсең, істің қиыны жоқ. Бірақ сол баспа машинасына дейінгі жұмыс процесін көпшілік біле бермейді. Біз келген рулон қағаздарды вагоннан күтіп алу­дан бастап, газеттің оқырманға баруына дейінгі аралықта еңбек­тенеміз. «Менің міндетім – мынау» деп шектеліп қалмаймыз. Үлгермей жатсақ, бір-бірімізге көмектесеміз. Баспашылар басып жатқанда сия құямыз, газеттегі көп түсті шығаратын негізгі төрт түсті бір жерге жинап, газеттегі суреттердің сапалы шығуына ат­салысамыз. Жұмыстың оңайы жоқ, бірақ әрбіріміздің кеудемізде өз ісіміздің мықты маманы болу мақсаты тұр. Әр саланың ерек­шелігі мен қиындығы бола­тынын да ұмытпаймыз, – дейді инженер Нұрсұлтан Есқалиев.

Бүгінде баспахана облыстағы соны үлгіде газет басатын бірегей ұжым. Газеттің де түрлі форма­тын шығарып, оқырманға ойлы дүниенің жетуіне атсалысуда.

– Баспахана ашылған уақыт­тан бері жаңа технологиялармен қамтылған. Қазір де газет басу ісінде алдыңғы қатарда келеді. Әрине, көрген жанға газет оп-оңай шыға салатын секілді. Бірақ осы процестің ұзақ әрі қиын екенін біле бермейді. Қиындығы сол, газетті қолмен салған су­рет­тей шығарады. Қызығы сол, әрбір шыққан газет өзіңнің төл туындың тәрізді рахаттанасың, – дейді баспахана директоры Қасымхан Қыдырбаев.

Баспа машинасынан кезегі­мен сырғыған газеттер бейнебір сағаттың тілі тәрізді. Әрбірі секунд пен минутты арқалап жүйткіп барады. Баспахана – сол секунд сайын соғып тұрған газеттің жүре­гіндей. Ал әрбір күннің тарихқа айналуына септе­сіп, тер төгіп жүр­ген баспагерлер сол сағаттың тілін бұрап тұр­ғандай көрінеді…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: