Сейсенбі, 17 маусым, 14:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44, 2157
17.06.2025
PDF мұрағаты

Аптап ыстық: Ауа райының адамға әсері қандай?

17.06.2025

87 0

Қаламызда жаздың аптап ыстығы үйреншікті құбылысқа айналғандай. Соңғы жылдары термометр бағаны +47-ден +50 градусқа дейін көтеріліп жүргені ешкімге жаңалық емес. Көптеген тұрғын үшін мұндай күндері көлеңке мен желдеткіш іздеу қалыпты жағдайға айналды. Күн қызуынан асфальт қызып, желдің өзі ыстық толқын болып соғады. Ал қарттар мен балалар үшін мұндай күндер қауіпті сынаққа айналды. Қоғамдық көлікте адамдардың жүзінен де шаршау байқалады. Жұмыс орындарында еңбек өнімділігі төмендеп, адам назары мен зейіні шашырап, тез шаршайды. Бірақ осындай аптап күндері көбінесе сыртқы қолайсыздықтарға ғана мән береміз: «ыстық», «ауа жетпейді», «терлеймін» деп шағымданамыз. Алайда ыстық біздің ағзамызға қалай әсер ететінін бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Күнделікті күйбең тірлікте біз бұл сұраққа көп мән бере бермейміз. Ал шын мәнінде, жоғары температураның әсері біздің денсаулығымызға, психологиялық жағдайымызға, тіпті қалтамызға дейін өз ықпалын тигізуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жоғары температура адам ағзасына тікелей әрі жанама түрде зиян. Аптап ыстық кездерінде ағзаның ішкі температурасы көтеріліп, жылу соғуы (медициналық атауы – жарақаттық ыстық ұру) мүмкін. Бұл жағдайда ағзаның табиғи салқындату жүйесі – терлеу және қан айналымы баяулап, кейде мүлдем тоқтап қалады. Соның салдарынан бас айналу, тері құрғауы, жылу соғуы белгілері, ұйқысыздық пен шаршағыштық пайда болып, ағза жарақаттық дағдарысқа ұшырайды. Бұндай жағдай ең алдымен жүрек пен бүйрекке үлкен жүктеме түсіреді. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар үшін ыстық ауа аса қауіпті – оларда асқынулар мен жүрек талмасы қаупі бірнеше есе артады. «Гарвард Денсаулық басылымы» сайтында келтірілген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, ауа температурасы 12°C-тан 33°C-қа көтерілгенде инсульт қаупі екі еседен аса артады. Себебі жоғары температура кезінде қан қоюланып, бұл өз кезегінде қан ұюына алып келеді. Сонымен қатар ыстық ауа райы денедегі сұйықтықтың жетіспеушілігіне әкеледі. Соның нәтижесінде адамдарда бас ауруы, бұлшықет тартылуы, жүрек айнуы секілді белгілер жиі байқалады. Далада ұзақ уақыт жұмыс істеу немесе спортпен айналысу кезінде бұл белгілер күшейіп, ауыр жағдайларда инсультке немесе жүрек талмасына әкелуі мүмкін.

Температура жоғарылаған сайын төзім де таусыла ма?

Жоғары температура адам­ның психологиялық хал-ах­уалына да айтарлықтай кері ық­палын тигізеді. Аптап ыстық тек терімізді ғана күйдіріп қоймай, көңіл күйімізге де қысым жасайды екен.

«American Psychiatric Association» зерттеулері бойынша ыстық күндері адамдардың көңіл-күйі айтарлықтай төмендеп, ашу­ланшақтық пен агрессия деңгейі артады. Әсіресе қоғамдық көліктерде, жолдағы көлік кептелісінде және кеңселерде бұл құбылыс анық бай­қалады екен. Ауа температурасы артқан сайын адам ағзасы физиологиялық күйзеліске ұшырайды. Миға оттегі жеткізуі қиындай түсіп, қан айналымы нашарлайды. Мұның нәтижесінде адам өзін әлсіз, тітіркенгіш және кейде тіпті өзін агрессивті сезінеді. Психологтардың айтуынша, жоғары температура мидың эмо­цияларды реттейтін аймақтарына да әсер етеді. Әсіресе қорқыныш, тез ашулану белгілері байқалып, сабыр сақтау қабілеті төмендейді. Сондықтан күн ысыған сайын адамдар арасындағы жанжал, дауласу, ұсақ-түйекке ашулану оқиғалары жиілейді. UCLA Health (Калифорния университетінің Лос-Анджелес) сайты жариялаған ақпаратқа сүйенсек, аптап ыстық ұйқының сапасын нашарлатады екен. Ауасы тар бөлмеде сапалы ұйықтау мүмкін болмайды, бұл адамның жүйкесін жұқартады, шыдамдылығын азайтады. Ұйқысыздық, физи­калық және психологиялық стресс бірте-бірте күйзеліске әкеледі.

Аптап ыстық: Ауа райының адамға әсері қандай?

Жаһандық жылынудың салдары

«NASA» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2024 жыл Жер тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді. Жаһандық орташа беткі температура ХХ ға­сырдың орташа деңгейінен 1,28°C жоғарылап, 2023 жыл­ғы рекордтан да асып түсті. 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың тамызына дейін 15 ай қатарынан ай сайынғы ғаламшар температурасы тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Осы кезеңдегі аптап ыстықтар шарықтау шегіне жетіп, 2023 жылдың шілдесі климат тарихындағы ең ыстық ай болды, шілде айының орташа температурасы бұған дейін жылдардағы шілдеден 0,24°C-қа жоғары болып, 1951-1980 жылдардағы шілде нормасынан 1,18°C артты.

Ал 2024 жылдың шілдесінде тәуліктік температура рекорды тіркелді. «NASA» деректері бойынша, 2024 жылғы 22 шілде жер тарихындағы ең ыстық күн болды, тіпті 21 және 23 шілде күндері де алдыңғы тәуліктік рекордты (2023 ж. шілдедегі) жаңартты. Мұндай рекордтар жаһандық жылынудың ұзақ мерзімді үрдісін айқын көрсетеді.

«IPCC» сайтында жарияланған «IPCC-нің климаттың өзгеруі» жөніндегі алтыншы  баяндаманың дерегіне сүйенсек, адамзаттың парниктік газдар шығарындылары 1850-1900 жылдармен салыс­тырғанда планетаның орташа температурасын шамамен 1,1°C-қа көтерді. Ғалымдардың айтуынша, климаттың мұндай жылдам ысуы соңғы мыңжылдықтарда бұрын-соңды болмаған құбылыс. 2023 жыл қорытындысында жаһандық температура соңғы 100 мың жылдағы ең ыстық күйге жеткені хабарланды. «Copernicus» қызметінің мәліметіне қарағанда, 2023 жыл сондай-ақ тарихта барлық күндері 1°C-тан жоғары өткен алғашқы жыл болды. Мамандардың айтуынша, парниктік газдар концентрациясы өсе берсе, бұдан да экстремалды ауытқулар болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, аптап ыстықтан зардап шегетін адамдар саны қарқынды түрде өсуде. ДДСҰ мәліметінше, ыстық толқындары тек қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ғана емес, жалпы қоғамның денсаулығына және экономикасына үлкен соққы әкеледі: аптап уақытында жаппай ауруханаға түсу көбейіп, еңбек өнімділігі күрт төмендейді. Бұған қоса, орман өрті мен түтін де денсаулыққа зиян қосымша факторға айналады. Ыстық пен құрғақшылықтан тұтанатын өрттер ауа сапасын нашарлатып, тыныс алу мүшелеріне қауіпті жағдай туғызуда. 2023 жылы ауа райының ерекше құрғақ, ыстық болуына байланысты әлемнің бірнеше өңірінде өрт бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. «Global Fire Emissions Database» дерегінше, Канадада 2023 жылғы орман өрті маусымында 18,5 млн гектар жер отқа оранып, бұл 1989 жылғы рекордтық көрсеткіштен екі есе артты. Осы аумақтағы түтін АҚШ пен Еуропаның да бірқатар қалаларына жетіп, миллиондаған тұрғынды ластанған ауамен тыныстауға мәжбүр етті. Климаттың жылынуы өрт қаупін күшейтіп, құрғақшылық пен аптап кезінде өсімдіктердің кеуіп кетуі салдарынан өрттер жиі әрі кең таралатыны ғылымда дәлелденген. «Еуропарламент» деректеріне сүйенсек, климаттық апаттар жер шары халқының өміріне тікелей әсер етуде. Су тасқыны, құрғақшылық пен дауыл секілді табиғи апаттар соңғы 15 жылда 376 миллионнан аса адамды орын ауыстыруға мәжбүрледі.

Бұл сан алдағы жылдары еселеп өсуі мүмкін: болжам бойынша 2050 жылға қарай климаттық себептермен 1,2 миллиардқа дейін адам өз өңірін тастап кетуге мәжбүр болатын климаттық босқынға айналуы мүмкін. Әлемнің көптеген аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімі төмендеп, азық-түлік бағасы өсуде. Мысалы, «ыстықтың әсерінен болатын инфляция» ұғымы пайда болды – аптап пен құрғақшылық салдарынан өнім шығыны көбейіп, нарықта азық-түлік қымбаттауда. Сарапшылардың есептеуінше, орта температура әрбір 1°C-қа көтерілген сайын жаһандық ішкі жалпы өнім шамамен 12%-ға төмендеуі мүмкін деген алаңдататын болжам бар. Климаттық дағдарыс енді тек экологиялық мәселе емес, сонымен бірге экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін факторға айналды.

Мемлекеттік шаралар және халықаралық әріптестік

Қазақстан климаттық қатерлерге бейімделу үшін мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралар қабылдауда. 2022 жылы ел үкіметі 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті. Бұл стратегияда парниктік газ шығарындыларын азайту ғана емес, климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы шаралар да қарастырылған. Атап айтқанда, су ресурстарының азаюы, ауыл шаруашылығының өнімділігі, халық денсаулығы мен экожүйелерге келетін қауіптерге қарсы тұру үшін бейімделу іс-қимылдары жоспарланған. Қазақстан халықаралық ұйымдармен бірлесіп климаттық тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруде. Мысалы, 2024 жылы БҰҰДБ мен Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлттық бейімделу жоспарын жасады. Бұл жобаға Жасыл климат қоры қаржылай қолдау көрсетіп, елдің стратегиялық даму құжаттарына климатқа бейімделу шараларын енгізу көзделген.

Бейімделу жоспары климат өзгерісіне осал салаларды анықтап, әр сектор үшін нақты іс-қимылдар тізбесін ұсынады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар деңгейінде өңірлік бейімделу жоспарларын жасау, ауа райын бақылау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қазгидромет базасында климаттық мониторингті жақсартуға, ашық болжам жасауға дәлдетуге бағытталған халықаралық жобалар іске асуда. Денсаулық сақтау жүйесінде ДДСҰ қолдауымен ыстық толқындарына ден қою жоспары жасалып, аптап кезінде халыққа ескерту беру, көмек көрсету алгоритмдері пысықталды.

Қазақстан жаһандық климаттық келісімдердің белсенді қатысушысы. Ел 2016 жылы Париж келісімін ратификациялап, жаһандық температура өсімін өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 2°C-тан төмен ұстап тұруға өз үлесін қосуды міндеттеді. Соңғы жылдары еліміз парниктік газдарды төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында жұмыстар атқаруда.

Мысалы, жел және күн электр станцияларының қуаты 2015 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өсті. 2025 жылдың өзінде жаңартылатын энергия үлесін 15%-ға жеткізу межеленген. Қазақстан орман алқаптарын ұлғайту және жерді шөлейттенуден қорғау шараларын қолға алды – жаңа орман егу, су үнемдеу технологияларын енгізу, трансшекаралық су ынтымақтастығы сияқты жобалар жүзеге асуда.

Халықаралық серіктестік те климат мәселесінде маңызды рөл атқарады. Қазақстан Орталық Азия өңірінде климат өзгеруіне бейімделу бойынша ынтымақтастық орнатып, көршілес елдермен бірлескен бағдарламаларды іске асыруда. БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Еуропалық одақ сынды ұйымдардың қолдауымен елімізде климаттық қаржыландыру тетіктері жетілдіріліп, төмен көміртекті технологияларға инвестиция тарту жүзеге асып жатыр.

Климаттың жылыну қарқыны бәсеңдер емес, тіпті жеделдей түскені байқалады. Сарапшылардың ескертуінше, жаһандық жылынудың әрбір қосымша 0,1°C-ы климаттық экстремумдар мен олардың зардаптарын еселей түседі. Сондықтан апатты салдарларды болдырмау үшін парниктік газ шығарындыларын жедел қысқарту әрі өзгерген климат жағдайына бейімделу шараларын кешіктірмей жүзеге асыру қажет.

Бұл – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам. Аптап ыстық мен су тасқындары сияқты құбылыстарға үйреншікті жағдай деп қарауға болмайды. Инфрақұрылымды жаңа климатқа бейімдеп жаңарту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қала құрылысы мен ауыл шаруашылығын өзгерген жағдайға сәйкестендіру – басты міндеттердің бірі.

Қуантарлығы, еліміз бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Жаһандық қауымдастық үшін ортақ мәселе – климат өзгерісіне қарсы күресте Қазақстан халықаралық келісімдер мен серіктестіктердің талаптарын орындауға ұмтылуда. Бейімделу – міндетті жол: климат өзгеруін толық тоқтату мүмкін болмағандықтан, оның әсерін жеңілдетуге және экономика мен қоғамды жаңа жағдайға бейімдеуге басымдық беру керек. Ауа райының бүгінгідей құбылмалы кезеңінде уақытылы әрекет етсек, келешекте климаттық тәуекелдерге төтеп бере алатын тұрақты Қазақстанды қалыптастыра аламыз.

София ХАЙРУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: