Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақ халатын ардақтаған

11.05.2024

1049 0

Алақандай ауылда өскен бойжеткен шынашақтай қыздың арманы көп еді. Ол кішкентайынан ақ халаттыларға қызыға қарайтын. «Мен қашан мектеп бітіреді екенмін? Дәрігер болып, елге пайдам тиіп, сырқаттарға көмектессем» деп іштей асқақ арманға қол созатын. Бүгінгі кейіпкеріміз Эльвира Ақылбайқызы Рамазанова 1992 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. №234 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепті тәмәмдаған.

Бұл мамандыққа жүрегі дауалап көп адам бара бермейтінін түсінген қаршадай қыз бар ынта-жігерімен мектеп бітірісімен облыс орталығындағы медициналық колледжге оқуға түсті. Оқу орнының қабырғасында жүріп түрлі шараларға белсене қатысып, озат студент атанды. Оқу орнын 2012 жылы ойдағыдай бітіріп, акушер мамандығын алып шыққан жас маман еңбек жолын 2012 жылы №3 қалалық емхананың аймақтық мейіргері болып бастады. Білімін тереңдетуге бекінген ол 2016 жылы «Болашақ» университетін бітіріп, «Педагог-психолог» біліктілігі бакалавр академиялық дәрежесін алады. Ел сенімін ақтаған мейіргер 2017 жылдан бастап ІІІ жалпы тәжірибелі аймақтың аға мейіргері болады. 2023 жылдың қазан айынан бастап «Профилактикалық және әлеуметтік көмек көрсету» бөлімінде ұрпақты болу жасындағы әйелдерге өзіндік мейіргерлік қабылдау қызметін атқарып келеді. Биылғы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, «Денсаулық сақтау» бакалавр академиялық дәрежесін алды.
12 жылдық еңбек өтілінде балалардың денсаулығына қарап, науқастанған нәрестелерге, бүлдіршіндерге, кәмелетке толмаған балаларға жәрдем көрсетіп, олардың аналарымен қоян-қолтық араласып, сауығып кетуіне бар күшін аямай, адал еңбек етті. Күннің ыстығына, суығына қарамай өзіне бекітілген тұрғындардың үйіне барып, ақыл-кеңесін беріп, өзінің ақ халатындай кіршіксіз адалдығымен халықтың батасын алды. Ақ бата мен тұрғындардың ыстық ықыласының арқасында аудан, облыс деңгейінде алғыс хаттар, марапаттар алды.
– Ақ халатым ақ арманым секілді. Жаны жүдеу, дерті бар науқасқа көмек беруді парызым санаймын. Бас мейіргер қызметін атқарған кезде жас мамандарға көп ақыл-кеңес беремін. Біздің жұмысымыз кіршіксіз таза болу керек. Ел сенімін ақтауымыз қажет. Гиппократ антына адал болу – басты қағида. Біздің жұмысымыздың барынша шапшаң болуын қадағаладым. Өйткені асқынған дертпен бетпе-бет келген науқасқа барынша жедел жәрдем беруіміз керек. Ал алдын ала профилактикалық шараны ұйымдастырсақ ауру өршімейтіні белгілі. Науқаспен сөйлескенде барынша жұмсақ, сыпайы сөйлесу дәрігердің басты міндеті болу қажет. Сонда жұмысымыздың оң нәтижесін көреміз, – дейді ақ жүректі абзал жан.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: