Сенбі, 14 наурыз, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19 (2231)
14.03.2026
PDF мұрағаты

Ақ кіреуке жағам бар

14.03.2026

23 0

(Болмыс пен бітім)

Нәжмадин ағамыздың есімін естігелі қай заман?! Бір топырақтың перзентіміз. Қызметке ертерек араласты. Үнемі жақсы аты шығып жататын. Біздің жастау кезімізде оған қатысты мынадай бір әзіл айтылатын. Ауданды басқаратын беделді адамның алдына Нәжмадин ағаның кезекті бір қызметке ұсынылған қағаздары келген көрінеді. Бірінші хатшы құжатқа зер салса, үміткер өрімдей жап-жас дейді. Бірақ осы уақытқа дейін беделді қызметтің біразын атқарып үлгерген. «Қой, мынау жүгіріп келе жатқан бала ғой, жолын кеспейік», – депті әлгі басшы.

Шынында да, сен кедергі жасасаң да, жаса­масаң да, еті тірілігінің арқасында бәрібір бір жерден тесіп шығатын өрендер болады. Нәжмадин ағам жас күнінен солардың санатынан еді. Қашанда оның іскерлігі, тығырықтан жол табатыны, кез-келген шаруаның көзін білетіні жөнінде үнемі әңгіме болатын. Оның үстіне ол өте қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен жұртқа жаққан сияқты. Үлкенді сыйлап, кейінгі буынды құрметтейтіні де назардан тыс қалмай­тын. Әсіресе, елмен етене жақындығы, кім-кіммен де бірден ашық-жарқын сөйлесіп кететін­дігі өзгелерге ұнайтын. Әйтеуір біз жас күнімізде ол туралы там-тұмдап жетіп жататын мәліметтің өзінен-ақ бюрократияны білмейтін басшы деген сыңайдағы түсінік қалыптастырып үлгердік.

Мен оны алғаш рет пойыздың үстінде көр­дім. Кәдімгі Мәскеу–Алматы жүрдек пойызы. Тоқсаныншы жылдардың басы. Қос рельстің үстінде елдің сол кездегі астанасына қарай жүйткіп бара жаттық. «Лениншіл жастың» жас тілшісіміз. Ауылдағы демалысымызды аяқтап, Алатау жаққа аттанған бетіміз. Көрші купеде бір топ кісі әңгімелесіп отыр екен. Ортақ таныстарымыз бізді соларға ертіп апарды. Амандастық. Тілдестік. Төрде отырған жігерлі жігіттің аты-жөні Нәжмадин Мұсабаев екен. Сол баяғы сыртынан жақсы білетін Нәжмадин ағамыз. Сөзі салмақты көрінді. Жүйелі сөйлейді. Өзгелерді де тыңдай біледі. Ұмытпасам, бұл Нәжмадин ағамның Жоғары партия мектебінен Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институтына айналған оқу орнында оқып жүрген кезі болса керек. Түсіп оқыды ма, әлде өндірістен қол үзбей, сырттай білім алды ма, анық есімде жоқ. Бірақ оның сол институттың тәртіптері туралы кеңірек әңгімелегені жадымда қалыпты. Бұл менің осынау білім ордасы туралы бірінші рет мәлімет алып тұрғаным еді. Жастығына қарамастан жергілікті биліктің тұтқасын ұстап жүрген абыройлы ағамыз осы жолы да тәуір әсер қалдырды.  

Кейін журналистік сапарлармен Сыр бойына ат басын бұрғанымызда ара-тұра жолы­ғысып тұрған сияқтымыз. Бірақ көп ара­ласа қойғанымыз жоқ. Бір-бірімізге көбіне-көп сырттай тілеулес болдық-ау деймін. Ол үнемі жоғары қызметте жүрді. Өмірі бітпейтін әкімдіктің шаруасына жегілді. Лауазымы жыл сайын өсіп жатты. Біз оның онсыз да жетпейтін уақытын алуды қажет деп таппадық. Оның да бізге қарайлайтындай мұршасы болған жоқ. Нәжмадин ағамыз беделді қызметтер атқарды. Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қазалы ауданының әкімі болды. 

Тағдыр деген үйлестіре қояйын десе, оп-оңай екен. Кейін өмір жолымыз бір мекемеде тоғысты. Бұл менің ару Алматыдан Сыр еліне келіп, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары әрі Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезім еді. 1997 жыл. Бірде стадионда футбол көріп отырдық. Бүкіл әкімдік қызметкерлері өңірдің «Қайсар» командасына тілеулес болып, арнайы келгенбіз. Өзімізбен бірге жайғасқан жанкешті футбол жанкүйері, облыстық телерадиокомпанияның төрағасы Серік Пірназар әлдекімнен телефон арқылы тапсырма алып жатты. Бір мезетте Секең дауысы саңқылдап, өз қызметкерлеріне тосындау жаңалықты хабарлай бастады. «Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып Нәжмадин Түрікбенұлы Мұсабаев тағайындалды»… Біз бұл хабарламаға елең ете қалдық. Себебі, қала әкі­мінің бірінші орынбасары Ирина Леонидовна Ким өз орнында отыр еді. Сондықтан біз әдепкіде Ирина Леонидовна қызметінен босап қалды ма екен деп ойладық. Сөйтсек, біздің әкімдікке тағы бір бірінші орынбасар бекітіліпті. Қызық, облыс әкімдігінде – жалғыз-ақ бірінші орынбасар. Ал бізде – екеу… Ойнайсыз, біздің қалалық әкімдікпен…

Сонымен, жұмысты бастап кеттік. Қызыл­орда қаласының әкімі – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағасы Бақберген Досманбетовтің үш орын­басары бір қабатта отырамыз. Қабылдау бөл­меміз ортақ. Бірінші орынбасар Ирина Ким экономика және қаржы мәселелеріне жауапты. Екінші бірінші орынбасар Нәжмадин Мұсабаев коммуналдық қызмет саласын қадағалайды. Мен болсам, әлеуметтік саламен айналысамын. Яғни, идеологпын.

Қызылорда қаласының арнайы экономи­калық аймақ мәртебесін иеленгеніне көп бола қоймаған кез. Бүкіл ел бойынша төрт экономикалық аймақ қана бар. Соның бірі – Қызылорда қаласы. Жұмыс қайнап жатыр. Күн-түні  әкімдіктен шықпаймыз. Қашаннан ерік-жігері мол Нәжмадин аға ертелі-кеш  бір тынбайды. Бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары болып істеген адамға қала әкімінің бірінші орынбасары деген не тәйірі, Нәжмадин Түрікбенұлы бұл жұмысты да дөңгелетіп әкетті. Арнайы экономикалық аймақ жағ­дайын­дағы ережелер мен қағидаларды тез игеріп, жаңаша тәсілдерге жедел бейімделді. Кабине­тінде көп отырмайды. Шаруасы жетіп арты­латын шаһардың ескі көшелерін аралап кетеді. Су құбырларын қарап шығады, жылу орталығының қысқа дайындығын тексереді.

Жылу демекші, сол жылғы қақаған қыста жылу-электр орталығының төбесі опырылып түсті. Қаншама жылдан бері келе жатқан ескі ғимарат сыр берді. Бұл әкімдік үшін өте ауыр сынақ болды. Қала әкімі Бақберген Досманбетов пен оның жылуға жауапты орынбасары Нәжмадин Мұсабаев ТЭЦ-те түнеп жатып жұмыс істеді. Жылу жағынан түсінігіміз қарабайырлау болғанына қарамастан, бізде солардың жанынан айналсоқтап шықпаймыз. Ара-тұра облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев келіп кетеді. Жылу орталығының құлаған бөлігін қалпына келтіру ісі ұзаққа созылды. Қала тұрғындары сол қысты зор қиындықпен өткізді. Ахуалды жеңілдетуге бұл саланың қыр-сырын жетік білетін Нәжмадин Мұсабаевтың көбірек септігі тигені анық.

Қабылдау бөлмеміз ортақ болған соң, бәрін байқап отырамыз. Бізге қарағанда, оған келушілердің қарасы қалың. Өйткені ком­муналдық шаруашылықта проблема дегенің шаш-етектен. Қаланың қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген ескі құбырларының төңірегіндегі ірілі-ұсақты мәселенің өзі жетіп артылады. Соның бәріне қатысты жұмыстың дені Нәжмадин ағаның бақылауынан өтеді. Яғни, тізгіннің ұшы сол кісінің қолында тұрады. Әдетте, бұл саладан қиындық көргендердің жүйкесі жұқа келеді. Кейде қабылдау бөлме­мізде шаң-шұң дауыстар қаттырақ естіліп жатады. Мұндайда Нәжмадин ағам аспай-саспай, кабинетінен сыртқа шығады. Келген­дермен ашық сөйлеседі. Мәселені ерінбей-жалықпай түсіндіреді. Әйтеуір жаңағы айқай-ұйқайды дереу су сепкендей басады. Біз оның ашынған жұртпен келіссөз жүргізуден тай­салмай, тығырыққа тірелген мәселенің өзін лезде шешетіндігіне талай рет көз жеткіздік. Ол сөйтіп, қай кезде де өз ісінің маманы, өз сала­сының білгірі ретінде танылды.

2007 жылы Арал ауданында арқалы ақын, жампоз жазушы Зейнолла Шүкіровтің туғанына сексен жыл толуына арналған мерейтойлық кеш өтті. Кәдімгі Мұзафар Әлімбаев ағамыз жазған «Құрыш қазақ» поэмасының басты кейіпкері. Жүрегімен жылжыған Зекең. Мұзбалақ Мұқағали жыр арнаған тағдырлы тарлан. Екі ғасырдың тоғысында «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп жүрген кезімде Арал мен Бөгенде болып, Зейнолла Шүкіров туралы деректі телебағдарлама түсіргенмін. Ал бұл тұста мен «Айқын» газетінің бас редакторы болып қызмет істейтінмін. Осы іс-шараларға Алматыдан арнайы келдім. Аралда ақындар айтысы ұйымдастырылды. Беделді ағаларыммен бірге айтысқа қазылық еттім. Нәжмадин Мұсабаев бұл кезде Арал ауданының әкімі еді. Осы жолы елге жиналған бір топ қаламгерге «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Арал аудандық мәслихаты тиісті шешім шығарып, хаттама толтырып қойыпты. Солардың арасында мен де жүрмін. Нәжмадин ағам жастығымызға қарамастан сенім артып, бізді де қатарға қосыпты. Құрметті азамат атанған ағалардың атақ-даңқы атан түйеге жүк боларлықтай. Міне, қараңыз, Молдахмет Қаназов, Айжарық Сәдібеков, Сайлаубай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбаев… Солардың сапына қосылдық. Сөйтіп, Нәжмадин ағам бізге ертерек жауапты міндет жүктеді. Осыған сай бол дегендей емеурін білдірді. Біз де мұны түсіндік. Бұдан соң жақсы ағаның атына кір келтірмеуге тырыстық.

Нәжмадин Мұсабаев дегенде оның Аралға сіңірген еңбегі ойға оралады. Жалпы, ол Сырдарияның бойында орналасқан үш ауданға басшы болды. Алдымен өзінің кіндік қаны тамған Қазалы ауданының еңсесін көтерді. Жаңақорған ауданының әкімі болған тұста, жаңа бастама көтеріп, алқапқа алғаш рет мақта екті. Ал Арал ауданын басқарған кезеңде өлшеусіз іс тындырды. Әлемдік проблемаға ел назарын аударды. Сырттан келген мәртебелі меймандарға жергілікті жұрттың ахуалын нақты мысалдармен егжей-тегжейлі түсіндірді. Теңіздің белгілі бір бөлігін сақтап қалуға арналған әйгілі жобаны іске асырушылардың бірі болды. Осыған орай «Ғаламат жобаның басы-қасында жүріп, бірнеше жыл бойы Арал ауданын басқардым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, балық шаруашылығы дамып, өзге өңірлерге көшіп кеткендер атақонысқа қайта келіп, ұрпақтың атакәсібін жалғағанын көрдік. Расында, қазір Аралдың балығы алыс-жақын шет елдерге қайтадан экспорттала бастады. Теңіз қалаға жақындады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жөнделді. Солтүстік Аралдың жаңғыру жұмыстарына куә болған соң жұрттың бойында үміт оянып, келешекке деген сенім орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің қазіргі тұрмысынан айқын аңғаруға болады», – депті Нәжмадин аға беделді басылымда жарық көрген бір мақаласында.

Мақала демекші, ол кәсіби жазбагер болмаса да, ойға түйгендері мен көрген-білгендерін қағазға түсіруден әсте жалықпайды. Ара-тұра республикалық және жергілікті басылымдарға ой-толғамдарын жариялап қояды. Соның бәрін тақырыптық тұрғыдан топтап, бірнеше жинақ етіп те шығарды. Ұмытпасам, алғашқы кітабы «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы» деп аталатын еді. Сол жинақта қастерлі өңірдің тарихы мен даму жолдарына қатысты көптеген мәлім-беймәлім деректер бар. Бұл да елі мен жерін қадірлейтін абзал азаматтың ешқан­дай дүниені қағыс қалдырмай, руханият­тың қажетіне жаратуға даяр тұратындығын көрсетеді.

Нәжмадин ағамыздың ауыз толтырып айту­ға лайық тағы бір қыры – ұлт шежіресінде ізі қалған тарихи тұлғаларды дәріптеуі. Өңірдегі үш ауданды басқарған тұсында сол жерден түлеген белгілі адамдардың жұртшылық есінде қалып, кеңінен мәлім болуына елеулі еңбек сіңірді. Әсіресе, Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев, Зейнолла Шүкіров, тағы басқалардың ардақты есімін ұлықтауға үлес қосты. Жалаңтөс баһадүр қоры басқармасының төрағасы ретінде әйгілі тұлғаның өмірі мен жасампаздық жолын зерттеуге және жұрт­шылыққа танытуға белсене атсалысты. Жалаңтөс баһадүр мен оның аталас туысы Әйтеке би жерленген орындарға арнайы барып, тағзым етіп, қаншама құнды мәліметке қанығып қайтты. Осы екі аса танымал адам туралы көркем немесе деректі дүние жазам деген қаламгерлерге жүйелі түрде кеңес беріп отырады. Бұл тұрғыдан осы қорды өзі құрып, жиырма жылдай басқарған, жалаңтөстануға ерекше еңбек сіңірген Ыдырыс Қалиевтың өнегелі істерін үнемі үлгі етіп ұстанады. Жүрген жерінде ылғи да айтып отырады. Жалаңтөс баһадүрдің тікелей ұрпағы Ыдырыс аға қорды басқарған тұста Нәжмадин ағамыз оның оң қолы болды. Құрылымның жұмысына қолдан келген жәрдемінің бәрін көрсетті.

Өмір болған соң, оның өрі мен еңісі болмай тұрмайды. Біздің кейіпкеріміздің де басынан түрлі жағдайлар өтті. Бірде жоғары билік оны қызметінен жария түрде тізім арқылы босатты. Жұртшылық ағамыздың карьерасы осымен біткен шығар деп ойлады. Жоқ, күн-түн демей тынбай жұмыс істеп, өзінің ортақ іске жан-тәнімен берілгендігін дәлелдеп, қайтадан төрге шықты. Бордай үгітіліп кеткен жоқ. Еңсесін тіктеп, қайта түледі. Басын көтере ұстап, биікке беттеді. Үлкен қызметке дандайсыған жоқ. Төмендеуін ұсынса, азсынған жоқ. Қай ісін де зор қанағатпен, асқан шүкіршілік­пен атқарды. Жүнжіп-жығылу, қамығып-қапалану, күйзеліп-кемірілу оның табиғатына жат. Тағдырдың басқа салғанына қайыспай қарсы тұрады. Өз намысы үшін аянбай күресе біледі. Сондай-ақ ол үнемі жеңіске жетіп үйренген. Қысқасы, Нәжмадин Мұсабаевтан бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер көп нәрсе үйренуіне болады.

Кейіпкеріміз қызметтен кеткеннен кейін ­де өз ортасына қадірлі болды. Беделді меке­мелер оның зейнет жасына жеткеніне қара­мастан кеңесшілікке тартты. Нәжмадин Мұсабаев сынды тәжірибелі басшының жиған-тергені жас ұрпақ үшін ауадай қажет екені анық. Ең бастысы, бұл мекемелер осы­ны жақсы түсінді.

Нәжмадин Түрікбенұлының болмыс-біті­мінің, мінез-құлқының, іс-әрекетінің ылғи жақсы жақтары ғана есімде тұр. Ненің не, кімнің кім екенін аңғара қоймайтын шалалау кезімізде кей нәрсені дұрыс түсінбей, ептеп ренжітіп алған болуымыз да мүмкін. Бірақ ол соның бірде-біреуін білдірген жоқ. Түк болмағандай жайбарақаттық танытты. Сол арқылы кеңдік көрсетті. Өзі де құшағы кең ағамыз қашаннан «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қасиетті қағидаға арқа сүйейді.

Жұртына қадірлі азамат былтыр мерейлі жасқа жетіп, еліне есеп берді. Сол берекелі белесіне тарту ретінде осынау естелігімізді арнағанбыз. Өзіңіз туралы айтылғанда, Махамбеттің желісі­мен «Міне, осындай ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар» деп мақтан тұтамыз. «Кіреуке» сөзі «ерте замандағы соғыста қолданатын, оқ өтпейтін сауыт» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл ұғымның табиғаты сіздің де табандылығыңызды айғақтай түседі.

Аман жүріңіз, айбынды ақ кіреуке!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: