Италияның Милан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындары қазақ спорты үшін ұмытылмас сәттерге толы болды. Ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан отандасымыз Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан қол жеткен тұңғыш алтын медаль. Шешуші сәтте сыр бермеген спортшы еркін бағдарламаны мінсіз орындап, жалпы 291,58 ұпай жинады. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған Михаил шеберлігі мен табандылығының арқасында қарсыластарын басып озып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Күміс медаль жапониялық Юма Кагиямаға бұйырса, қола жүлдені тағы бір жапон спортшысы Шун Сато иеленді.
Михаил Шайдоров 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алғашқы бапкері – әкесі, мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионы Станислав Шайдоров. Әке жолын жалғаған спортшы алты жасынан бастап мұз айдынында кәсіби дайындыққа кіріскен. Ал 2018 жылдан бастап халықаралық аренада көзге түсті. Италиядағы Egna Spring Trophy турнирінде жүлделі орыннан көрініп, Стамбулда өткен Bosphorus Cup жарысында күміс медаль иеленді. Кейін Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, Sofia Trophy турнирінде қола жүлдеге ие болды. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, халықаралық деңгейдегі мықты спортшы екенін дәлелдеген.
2025 жылы Денис Тен мемориалы турнирінің жеңімпазы атанып, төрт құрлық чемпионатының Challenge Cup додасында топ жарған. Сол жылы Азия ойындарының қола жүлдесін және әлем чемпионатының күміс медалін иеленді. Ал 2026 жылғы Милан Олимпиадасында тарихта қалды. Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанауда 30 жылға жуық уақыт алтын жүлдеге қол жеткізе алмай келген еді. Михаил Шайдоровтың бұл жеңісі ел спорты үшін жаңа кезеңнің басталғанын аңғартты. Марапаттау рәсімінде көк байрағымыз көкке көтеріліп, Италия төрінде Әнұранымыз шырқалды.
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 36 спортшы 10 спорт түрі бойынша сынға түсуде. Бұл – ел тарихындағы қысқы ойындарға қатысқан ірі құрамалардың бірі. Қазақстан құрамасында тәжірибелі спортшылармен қатар, Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған жас спортшылар да бар.
Бүгінге дейінгі нәтижелерге тоқталсақ, Қазақстан үшін ең маңызды көрсеткіш фристайл-могулдан тіркелді. Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Әмренова іріктеу кезеңінен өтіп, финалда өнер көрсетті. Финалда А.Городко 72.15 ұпай, Ю.Галышева 72.34 ұпай, А.Әмренова 68.47 ұпай жинады. Алайда ережеге сәйкес алғашқы кезеңнен кейін үздік сегіздікке енген спортшылар ғана жүлде үшін күреседі. Осылайша үш қазақстандық спортшы да жарысты финалдық кезеңде аяқтап, жүлдесіз қалды. Дегенмен олардың финалға шығуы – жақсы нәтижелерінің бірі. Сондай-ақ биатлонда қазақстандық спортшылар жекелей сында жоғары нәтиже көрсете алмады. 15 шақырымдық жарыста Айша Рақышева 86-орын, Милана Генева 89-орын иеленді. Екі спортшы да Олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Бұл сайыста Болгария өкілі Лора Христованың қола жүлде алуы басты сенсациялардың бірі болды, ал Франция спортшылары көш бастады. Қазақстандық биатлоншылар алдағы жарыстарда нәтижені жақсартуға мүмкіндік алады. Бастысы, тәжірибе.
Жарыстың алтыншы күні Қазақстаннан жеті спортшысы жарыс жолына шықты. Александра Скороходова тау шаңғысының супергигант түрінде сынға түсті. Павел Колмаков финалға шығып, өз бағдарламасын орындады. Шаңғы жарысында Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Анна Мельник және Дарья Ряжко бақ сынады. Ал Надежда Морозова 5 мың метр қашықтықта конькимен жүгіру жарысына қатысты. Надеждадан күтетін үміт көп. Дегенмен, шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Данил Васильев әзірге 27-орында тұр. Ал Илья Мизерных финалда 281,6 ұпай жинады.
Италияның Валь-ди-Фьемме кластерінде өткен үлкен трамплин сайысында Илья Мизерных пен Данил Васильев финалда өнер көрсетті. Илья Мизерных іріктеу кезеңінде көпшілікті таңғалдырып, ТОП-10 қатарына енді.
Жүлдегерлер: 1-орын – Домен Превц (Словения) – 301.8 ұпай, 2-орын – Рен Никайдо (Жапония) – 295.0 ұпай, 3-орын – Кацпер Томасяк (Польша) – 291.2 ұпай, 8-орын – Илья Мизерных – 281.6 ұпай, 27-орын – Данил Васильев – 235.9 ұпайды қанжығасына байлады. Илья Мизерных жарыс барысында Олимпиада чемпионы Филипп Рейманд (Германия), Йоханн Андре Форфанг (Норвегия), Андреас Веллингер (Германия) сынды спортшылардан оза шықты. Осылайша шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Ал шорт-тректе Ольга Тихонова 1000 метр қашықтықта бақ сынап, келесі кезеңге өте алмады. Ал Павел Колмаков жұптық могул сайысында франциялық спортшыдан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Қос спортшы ширек финалға шықты
Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метрге іріктеу жарыстары басталды. Қазақстан құрамасының көшбасшылары – Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев келесі кезеңге жолдама алды.
Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Никиша 3-топта сынға түсіп, 40818 секунд нәтижемен мәреге үшінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші бойынша ол ширек финалға өтті. Айта кетейік, Миландағы салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекеттік туды ұстап шығу мәртебесі де Никишаға сеніп тапсырылған болатын.
Ал әлем кубогы кезеңдерінің және Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжғалиев өз тобында бірінші болып келіп, ширек финалға тікелей жолдама иеленді. Тәжірибелі спортшы жарыс барысында сенімді өнер көрсетті.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!