«Алдыңа келген науқастың алдымен дүниесіне үңілу керек. Тән жарасын таңу ешқайда қашпайды», – деп бастады әңгімесін аға мейіргер Ақмаржан Жаңабаева.
Ақмаржан десе, ақ маржан екен. Жаныңа шуақ шашқан жып-жылы сөздері-ақ бар дертіңді ұмыттырып жіберердей. Көңілдің көңілден су ішетіні тәрізді, өзінен кейінгі жас мамандардың жадына да осы қасиетін сіңіріп келеді. Біз айтып отырған Ақмаржан Серікқызы – №6 қалалық емхананың күндізгі емдеу бөлімінің аға мейіргері.
– Әдепкіде бұл мамандықты таңдағым келмеді. Бірақ ата-анамның ақылын тыңдадым. Қазір әрбір жұмыс күні қанша жанның денінің саулығына атсалысып жүріп, оларға алғысымды айтып жүремін. Меніңше, әр адам күнделікті жұмыс күнін жай өткізбей, сол әр күнде кемінде бір жақсылық жасауы керек. Өйткені біздің жұмыс жақсылық жасаудан тұрады, – дейді күлімсіреп.
Еңбек жолын №6 емханада бастады. Содан бері осында еңбек етіп келеді. Осыдан ширек ғасыр бұрын келген жас маман бұл күнде кейінгіге ақыл айтып отырған бас маманға айналды. Мойынға артылған жұмысты жауапкершілікпен атқарып, Гипократ антына берік болып жүрген Ақмаржан Серікқызы өмірде мықты маман әрі адам болуың үшін үлгі тұтар тұлғаңнан жаңылыспау керек екенін айтты.
– Мен ата-анамды үлгі тұтамын. Әкем де, анам да маңдай терімен нан тауып, ұрпағына лайықты тәлім беріп келеді. Бала айтқаныңды емес, көргенін алады. Олар осы бағытта бізге әрдайым үлгі көрсетіп келеді. Әлі күнге менің өмірлік ұстаздарым, олардан үйренерім көп. Жұмысты адал атқарып, мойындағы міндетті жалақы алу үшін ғана емес, алғыс алу үшін де атқару керегін бойыма сіңірді. Мен олардың алдында басымды иемін. Қызметте де, өмірде де сәл бір жетістікке жетсем, сол кісілердің арқасы, ақ батасының, берген тәлімінің жемісі, – дейді ол.
«Елге айтқаның өз бойыңда болсын» дейтін білікті маман салауатты өмір салтын да ұстанады. Ақмаржан Серікқызы 2003-2007 жылдар аралығында медицина қызметкерлері арасындағы спартакиадаларға белсеңді қатысып, марапат мінберіне жиі шықты. Ал 2004 жылы қалалық мейіргерлер сайысында үздік үштікті түйіндеп, ұжымының абыройын арттырды.
– Менің бірнеше мамандығым бар. Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің түлегімін. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін педагог-психолог мамандығы бойынша тәмамдадым. Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжінде мейіргер ісінің қолданбалы бакалаврын бітірдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің академиялық дипломын алдым. Оқу-білімнің артығы жоқ. Арманыңдағы мамандыққа 50 жасыңда қол жеткізсең де, кеш емес. Өйткені адам өзінің жақсы көрген мамандығында ғана рахаттана еңбек етеді. Ал сол мамандығың елдің кәдесіне әркез асатын болса, онда сіз қуана беріңіз, – дейді ол.
Расында, 25 жылдық тәжірибесіне ол әркез тың білім қосып отырады. Жұмыс барысында офлайн және онлайн түрде өз біліктілігін арттыра жүруді дағдыға айналдырған. Біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін шыңдау мақсатында біліктілігін арттыру циклдарына, түрлі курстарға, семинарларға үнемі қатысады. Жоғары санатты мейіргер өзінің ісіне берілген, мамандығын өз өмірінің басты бағыты санайды.
– Ақ халатты абзал жан болу – ол тек оқу-біліммен келмейді. Ол – адам бойына тәңір сыйлаған талант. Мейлі, жүре қалыптасуы мүмкін. Бірақ бойыңнан сол мамандыққа бейім мен құрмет табылса ғана өз биігіңізді еңсересіз. Мен осы салада тер төгіп, еңбектеніп жүргенім үшін бақыттымын. Маңдайдан аққан әрбір тамшы тер – халықтың алғысына апаратын жол, – деп мамандығының шынайы бағасын берді.
Емхананың күндізгі емдеу бөліміне ене қалсаңыз, ақ қанатты періштедей ақ халатты медбикелерді көресіз. Есіктен ене сала алдымен сәлемдесіп, кейін шаруаңызды біліп, сыпайы ғана сөйлесіп жүрген олардың бойынан Ақмаржан Серікқызы айтқан қасиетті аңғарасыз. Міне, мамандықты сүю деген осындай болса керек-ті.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!