Алматы қаласында белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті. Тартысты додадаға ел аймақтарынан барған қаламы жүйрік журналистерден құралған 14 команда қатысты.
Журналистер арасындағы футболдан турнир жыл сайын Амангелді Сейітханның туған күні қарсаңында өтеді. Спорттық шара биыл «Хабар» агенттігінің 30 жылдығы аясында өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шағын футболдан Сыр өңірінің БАҚ өкілдері де қалыс қалған емес. Сыр өңірінің журналистерінен құралған «Ақмешіт» футбол командасы бірінші орынды иеленді. Сырбойылық журналистерден құралған команда 2023 жылы да дәл осы республикалық турнирде жеңімпаз атанған еді.
Қала әкімі Нұржан Ахатов «Ақмешіт» футбол командасын салтанатты түрде қабылдап, жеңісімен құттықтады.
– Бұл жеңіс Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл мерейтойы қарсаңында зор маңызға ие болып отыр. Сіздер журналистика саласында ғана емес, спортта да серпінді қадам жасадыңыздар. Доп додасында дарабоз атанып, мерейімізді асыра білдіңіздер. Бұл – ортақ абырой. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді қала әкімі.
Айта кетейік, жеңімпаз команданы қалаға кіре беріс қақпадан қызылордалық жанкүйерлер, әріптестері, достары ерекше қуанышпен күтіп алды. Олардың қатарында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омар да бар. Олар БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетіп, чемпиондарға ыстық лебіздерін білдірді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!