Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында «Қажы Мырқыайдар» мешіті ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
– Сыр өңірі – Алашқа аты мәлім дүлдүл ақындар мен шайырлар, батырлар мен билердің ғана емес, ахун, ишан, молда, мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады» деген болатын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі мекенде қоғамды тұрақтылыққа бастайтын, тұтастықты сақтауға бағытталған байыпты істер атқарылуда. Биыл өңірімізде «Руханият жылы» жарияланды. Имандылыққа бет бұрып, ізгілікке ұмтылған пенденің Аллаға деген сенімін күшейтетін орын – мешіт. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірде небәрі 14 мешіт болған, бүгінде 184 мешіт ресми тіркелген. Имандылық үйлерінің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді. Дәл қазіргідей жаңа бетбұрыстар мен үдерістер заманында дәстүрлі дініміз адасушылық пен түрлі ағымға тосқауыл болып, имамдар халықты бірлікке, ынтымаққа ұйытуы тиіс. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор. Облыс орталығынан күмбезі күн сәулесімен шағылысқан мешіт салуға қолдау көрсеткен жомарт жүректі азаматтарға барша халықтың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жаңа мешіт рухани байлығымыздың темірқазығына айналсын! – деді облыс әкімі.
Дәл осындай имандылық ордасы Сабалақ саяжайында да тұрғындарға есігін айқара ашты. Жаңадан салынған «МақтұмСейіт» мешітінің ашылуына Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Қасиетті Құран Кәрім аяттарымен басталған шарада бас мүфти саяжай халқын рухани орданың ашылуымен құттықтап, мешіттің бой көтеруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізіп, «МақтұмСейіт» мешітіне Құран Кәрімді сыйға тартты. Бір айта кетерлігі, «МақтұмСейіт» мешіті – баба ұрпақтарының демеушілігімен салынып, ел игіліне беріліп отыр.
Сыр елінде рухани құндылықтар демеушілік көмегімен қайта жаңғырып келеді. Мысалы, тарихтың ізі мен сырына толы Қорқыт ата ескерткіш-кешені, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелері кәсіпкерлердің қолдауымен қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылды. Қармақшы ауданында орналасқан Марал баба кесенесін қоршаудың, реставрациялаудың және кесенеге дейінгі жолды жөндеудің есептемелері әзірленді. Жақын күндері мұнда жол жөндеу жұмыстары басталмақ.
Ақмешіт-ақпарат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!