Сейсенбі, 17 маусым, 06:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

Ақмешіттің аспанынан төгілген жыр

27.05.2025

145 0

Қазақ халқының рухани тұғырына айналған айтыс – ұлттың өткені мен бүгінін, болашағын байланыстыратын киелі өнер. Жырмен сөйлеп, сөзбен елдің шежіресін шерткен бұл өнер – тек сайыс қана емес, елдің айнасы. Осы киелі өнердің көркем көрінісі Сыр елінде ерекше салтанатпен өтті. «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы ел тарихының үш кезеңіне куә болған Ақмешіттің айбынын асырып, мерейін тасытты.

Сыр елінде өткен бұл айтыстың басты ерекшелігі – оның тек поэзиялық додадан ғана тұрмайтынында. Айтыс тақырыбының өзі «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» деп аталуы бекер емес. Қызылорда – ежелгі Жанкент пен Сығанақ секілді түркі өркениетінің көне ордалары, Кеңес дәуірінде қазақ елінің алғашқы астанасы, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани темірқазығы.

– Биыл – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбай­ұлының туғанына – 180 жыл, Қызылорданың қазақ елінің астанасы болғанына – 100 жыл, жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағы­ның ашылғанына – 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Сыр өңіріндегі айтулы шаралар мыңжылдық асыл мұрамыз айтыспен басталуда. Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Өздеріңізге белгілі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президенттің өңірде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз. Сыр топырағынан түлеген ақындарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда.  Өйткені айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз. Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтату­дағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Қазақы­лықтың қаймағы бұзылмаған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиет­ті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты бол­ғай, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Айтысты ақын, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сауыт­бек Әбдірахманов қазылар алқасына төрағалық етті. Құрамында КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Жүрсін Ерман, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, сондай-ақ айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев болды.

Айтыс сахнасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын суырылып шықты. Сайысқа қаты­сушы айтыскер ақын, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов бұл айтыстың көптен бері жоспарланғанын айтты.

– Сыр бойындағы «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты үлкен айтыс көптен бері жоспарланып келе жатыр еді. Осы жолы сәті түсіп жатыр. Енді бұл алтын домбыра үшін жылдың соңында жылды қорытындылап, ең үздік ақындар қатысатын дәстүрі бар. Сол биыл Сыр бойында өтіп жатқан сияқты. Өйткені ең үздік ақындар жиналған. Бүгінгі дүбірлі додаға қатысып жатқан ақындардың бәріне сәттілік тілеймін. Елдің іші даудан, сырты жаудан аман болсын. Айтыс өнері жасай берсін, – деп лебізін білдірді.

Айтыстың әрбір жұбы көрерменнің көңілінен шығып, халықтың жүрегінен орын алды. Айтыс сахнасында тек шеберлік пен тапқырлық емес, ұлттық сана, тарихи таным, қоғамдық пікір де көрініс тапты. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметі – Сыр елі үшін өнердің тек көрермендік қызығушылық емес, тұтас мәдени өмірдің өзегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – қазақтың қара сөзін қадірлейтін жұрттың руханиятының биіктігі. Сыр елінің өнерге деген құрметі – шы­найы сүйіспеншілікпен астасқан, жүректен шық­қан ықылас. Бұл өлке үшін айтыс – жай ғана дәс­түр емес, тұтас бір халықтық мереке, рухани таза­ру сәті. Мұның барлығы мың орындық Өнер орта­лы­ғына сыймаған халықтың қарасынан айқын сезілді.

– Кеше осы айтысты таңертең 9 жарымда басталады дегенге мен Мұхтарға қалжыңдап, біржола таң атқан кезде неге бастай салмадыңдар деп едім. Азанда 9 жарымда ақындардың өзі түгілі дауысы да оянбай жатады, халық қалай оянады екен деген күмән болған. Сөйтсем олай емес екен, сағат тоғыздың кезінде зал аузы-мұрынына толып тұр екен. Бұл Сыр елінің өнерге, өлеңге, жырға деген құрметін қошеметі екенін байқауға болады. Айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Айтыскерлерді байқасаңыздар, алты жұптың бір жұбы да осал емес, кіл мықтылар жиналған, – дейді айтыскер Мақсат Аханов.

Айтыс – тыңдау­шы­сыз мән­сіз. Сах­нада ақын сөз саптаса, залда халық қошеметін біл­ді­ріп, жақ­сы көңіл-күймен отырды. Айтыс­ты тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Зал­да ине шаншар орын қалмай халықтың көп жи­­налуы, бұл – Сыр елінің өнерге деген шынайы құрметінің көрінісі.

– Бүгінгі айтыс өте тамаша өтіп жатыр. Ай­тыскер ақындардың бар­лығы дерлік бірінен бірі өткен жүйріктер. Осындай айтыстар өз жалғасын тауып, жиі болып тұрса екен, – дейді ардагер көрермен Толағай Уәлиев.

Аламан айтыстың қоры­тын­дысы бойынша бас жүлде Астана қаласынан келген Сара Тоқтамысоваға бұйырды,   I орын Қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанханға, II орын Мұхтар Ниязовқа, ал III орын  Абай облы­сы­нан келген Рүстем Қайыртай мен Қарағанды облысынан келген ақын Мақсат Ахановқа берілді.

Сондай-ақ Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) мен Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) арнайы жүлдемен марапатталды.

Сөз додасының көрігін қыздырған  қарағандылық ақын Дидар Қамиевке, Павлодар облысынан келген Аспанбек Шұғатайға, ақтөбелік Злиқа Наурызалина мен Нұрбол Жауынбаевқа, сондай-ақ Түркістан облысынан келген Нұрмахан Жақыпбекке 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: