Көліктер ағылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында, Қызылорданың іргесінде Ақсуат елді мекені бар. Бір жағы қалаға таяу, бір жағы кең жазираға ұласқан бұл ауылда күнделікті тіршілік өз арнасымен жүріп жатыр. Таң қылаң бере қорадан малдың дауысы мен егін басындағы еңбектің дүбірі естіледі. Мұндағы әр үйдің төрінде адал еңбек пен маңдай тердің иісі сезіледі. Жер-Ананы баптап, қуаң даланы жасылға орап отырған тұрғындардың тіршілігі бір шеті қала өркениетімен, бір шеті ата кәсібімен өрілгендей. Уақытпен бірге жаңарып, дәстүрмен бірге тамырын тереңге жайып, еңбекпен өрілген өмірді көру үшін Ақсуатқа арнайы жол тарттық.
Бүгінгі ажарлы ауылдың бастауында бірлік пен тірлікті ту еткен елдің қайраты жатыр. Әуелде аз ғана шаңырақ қоныс тепкен бұл өңірде жер жыртылып, дән себілді, мал басы көбейді. Күннің ыстығына күйіп, суығына тоңса да, ауыл адамдары еңбек етіп, жердің ризығын молайтты. Алғашқыда бірнеше шағын шаруашылық болды. Біртіндеп олар іргелі ұжымдарға бірікті. Мұның артында елді асырау, тұрмысты түзеу, болашаққа жол ашу мақсаты тұрды. Уақыт өткен сайын Ақсуаттың аты алысқа жайылды. Бүгінде бұл мекен – қала мен даланың тоғысқан тұсында тамырын тереңге жайған құтты қоныс. Қазіргі таңда халық саны 11 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып, қоныс кеңейтіп келеді.
Атқарылған іс айқын, алда ауқымды жоспар бар
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында өткен жылы басталған 32 көшеге электр желісін тарту жұмыстары биыл да өз жалғасын тапқан. Қоғамдық көліктер қатынайтын негізгі көшелердегі жол жөнделуде. 1,2 шақырым болатын үш көшеге жарық орнатылған. Сонымен бірге биыл 18 көше де жол салу, 4 көшені қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын алға тартты ауыл әкімі.
– Қазіргі таңда ұзындығы 1,22 шақырымды құрайтын А.Арысбаев, Орманбаевтар және О.Жакенов көшелеріне жарық бағанасы орнатылды. Бұл – тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалған маңызды қадам. Алдағы уақытта тағы 7 көшеге жарық шамын орнату жоспарланып отыр. Қазір осы бағытта «қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі арқылы мемлекеттік конкурс жариялауға дайындық жүргізілуде. Біздің мақсат – ауыл көшелерінің барлығын да жарық, қауіпсіз әрі көрікті ету, – деді ауыл әкімі.
– Ақсуат – тек аты ғана әсем емес, ісі де ілгері, берекесі мол мекен. Біз үшін әрбір көше, әрбір шаңырақ – туған үйдің бір бөлмесіндей қымбат. Жарты жыл ішінде ауылымыздың көркі мен тұрмысы жақсару жолында аянбай еңбек еттік. Жөнделген жолдар, жаңарған әлеуметтік нысандар тұрғындарымыздың еңбегінің, бірлігінің айқын жемісі. Біз біріксек, алынбайтын асу жоқ. Алдағы уақытта да ауылымыздың абыройын асырып, болашағын нұрландыратын істерді қолға аламыз, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Бақытұлы.

Еңбектің қадірін білген елдің берекесі тасиды
– Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тірегі. Жарты жылда 11 кәсіпкер несие алды. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі. Ал «Бастау Бизнес» курсын оқыған 10 азамат 28,3 миллион теңгенің мемлекеттік грантын иеленді, – дейді ауыл әкімі.
Иә, маңдай тері мен табанды еңбегі әр көшеден, әр қадамнан сезіледі. Ақсуатта кәсіптің түр-түрін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Бірі жиһаз жасаса, бірі егін егіп, мал баққанды кәсіп еткен. Ал енді бірі сауда мен қызмет көрсету саласында өркен жайып, ауылдың дамуына өз үлесін қосып келеді.
– Ауылда 30-дан астам азық-түлік, 4 құрылыс заттары дүкені тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, монша, шаштараз, түрлі қызмет көрсету орындары ауыл тұрғындарына күнделікті қолайлы жағдай жасап отыр. Әр кәсіпкердің еңбегі ауылдың көркеюіне қосылған үлес. Біз үшін бұл мақтаныш, ал болашақта бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыруға ниеттіміз, – деді ауыл әкімі Н.Бақытұлы.
Былтыр ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы ауылдық округтің батыс қақпасынан кіреберіс Н.Төребаев көшесінің бойына екі қатар болып, ұзындығы шамамен 500 метр жерге 500 түп ағаш көшеті отырғызылып, қоршау жұмысы жүргізілген. Ал биыл бұл бастама ауылдың шығыс бағытында жалғасын тауып, автодәліз бойына тағы 300 түп ағаш егілді және олар да қоршалған. Мұның барлығы ауылдың көркін келтірумен қатар, экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл аумағын тұрмыстық қалдықтан тазалау жұмысы тұрақты атқарылып келеді.
Ағашқа жан бітірген шебер
Ауыл шетінен ағаш кескен ара дауысы естілді. Бұл ұста Руслан Ержігітовтың еңбек мекені екен. Оның қолынан шыққан бұйымдардың түр-түрі көздің жауын алды. Ас бөлмесіне арналған әдемі үстелдер мен орындықтар, құрылысқа қажетті заттар, шарбақтар, тіпті үй жануарларына арналған ықшам әрі ыңғайлы үйшіктер. Әрбір ағаш бөлшегі шебердің қолынан өткенде бір өнер туындысына айналады.
– Қазір Қызылорда өңірлік инвестиция микроқаржылық ұйымы арқылы жеңілдетілген несие алуға өтініш бердім. Қаржыны күтіп отырмын, – дейді ол ағаш жонып отырып. – Сол қаражатқа заманауи құрал-жабдықтар алып, кәсібімді кеңейтіп, өнім түрін көбейтсем деймін, – дейді шебер.
Руслан ұста үшін бұл тек күнкөріс емес, бала кезден жүрегіне ұялаған сүйікті ісі. Ол әр бұйымға жанын салады, себебі жақсы жасалған зат адамның қолтаңбасын, мінезін, тіпті өмірлік көзқарасын да көрсетеді. Шеберханадағы әрбір жаңғырық, араның дыбысы мен балғаның дүрсілі арманының орындалуына қарай аттаған қадам секілді.

Еңбегімен егінін жайқалтқан
Таңғы шықпен бірге көкөніс иісі Жанболат Құрмашевтің ауласынан сезіледі. Есігінің алдына еңселі жылыжай тұрғызып, жанын сала еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отыр. Әрбір қатары ұқыптылық пен мейірімнің жемісі, ал әрбір түп адал еңбектің айғағы болып тұрғандай. Көктемнің алғашқы күндерінде ол жылыжай топырағын қопсытып, құнарын арттырудан бастайды. Кейін ұқыппен таңдалған ең жақсы деген тұқымды отырғызып, өз уақытымен суарып, ылғал мен жылу тепе-теңдігін қадағалап отырады. Алғашқы жасыл өскіндер көрінгенде, олардың әрқайсысына көңіл бөлінеді. «Бұлар да бала сияқты, мейірім мен күтімді талап етеді», – дейді Жанболат аға жылыжайға кіріп жатып.
Жанболат аға күн сайын жылыжай өнімдерімен таныстарын, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр.
– Қазір кәсіп жасаймын деген жастарға мүмкіндік көп. Тек жалқаулықты ысырып, әрқашан қозғалыста болу керек. Алдағы уақытта бұл кәсібімді дамытып, өнім көлемін арттырсам деймін, – дейді ол жаңа піскен қиярды жұлып алып жатып.
Жылыжай – тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге шыдамдылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Жанболат ағаның еңбегі ауылдағы талай жастың ынтасын оятары сөзсіз.
Ыстық нанның иісі
Ауылға кіре бергеннен-ақ ыстық нанның иісі баурап алды. Бұл Ләззат Сейітованың шағын наубайханасының тынысы. Үкіметтің қолдауымен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастаған ол биылғы жылдың қаңтар айынан бері ауыл тұрғындарын ғана емес, Тасбөгет кентін де нан және нан өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Наубайхананың пеші газбен жұмыс істейді, бұл жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімнің сапасына да сеп.
– Кәсіп бастауға мүмкіндік бар, тек ынта керек. Өз ісіңді сүйсең, ол сені асырайды, – дейді ол күлімдеп. Бүгінде оның наубайханасы ауылдың берекесін арттырған, жұртты біріктірген шағын орталыққа айналғандай.
Итальяндық дәм иесі Шахаризадаханым
2025 жылы Шахаризадаханым Батырханова жеңілдетілген «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, көптен бері ойында жүрген арманын жүзеге асырған. Қажетті құрал-жабдықтарын алып, өз үйінің бір бұрышынан шағын цех ашқан. Қазір ол тек ауыл тұрғындарына ғана емес, қалаға да тәттілерін жеткізіп отыр.
– Алғашында аздап қорқыныш болды. Бірақ өзіме сеніп, тәуекел еттім. Қазір қаладан тапсырыс алып жүрмін. Жұмысымды жақсы көрген соң шаршамаймын, – дейді ол.
Шахаризадаханым – итальяндық круассан пісіреді. Француздар круассанды таңғы ас символы десе, итальяндықтар оны «таңғы күннің құшағы» деп атайды екен.
– Келешекте ауылда ашылатын бизнес инкубаторға көшіп, қасыма көмекшілер алсам деймін. Кәсібімді кеңейтіп, ауылда да, қалада да сұранысқа ие болу – басты мақсатым, – дейді кәсіпкер.
Бір кездері үйдің бір бұрышында басталған шағын кәсіп, енді үлкен цехқа айналар күн алыс емес.
Ауылыңда қартың болса…
Ауылға барған соң үлкен кісінің алдынан өтпей кете алмадым. Арнайы сәлем беріп, хал-жағдайын білу үшін Рахымбай атаның үйіне бардым. Қимылы ширақ, сөзі анық, жүріс-тұрысы байсалды кісі екен. Жүзіне қараған адам бірден-ақ елдің ықыласына бөленген, сыйлы қария екенін аңғарады. Сөйтіп, жөнімді айтып, емен-жарқын сөйлестік.
Өзі осы жерде туып өсіп, ғүмырын елге қызмет етуге арнаған. Жастайынан совхозда механизатор, тракторшы болған. Қазір зейнет демалысында болса да, қарап отырған жоқ. Қазір де ауылдық тәртіптік кеңестің мүшесі екен. Жастарға әрдайым ақылын айтып, ел бірлігін сақтап, болашағын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан қазыналы қария. Үйінің ауласы нағыз жасыл бақ екен.
– Мына жерде сәбіз, анау жерде қызанақ, шеткеріде жүгері. Аяқсудан мәселе жоқ, өзің көріп тұрғандай арық толып тұр. Сағасын өзім ашып, өзім жауып суарып аламын. Маған жақсы ермек. Немерелерім көкөнісін жеп өссін деп, қолымнан келгенше бәрін жасап келемін, – дейді Рахымбай ақсақал.
Ақсақалмен ауылдың кешегі күндері мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы азды-көпті сөз қылдық. Рахымбай қария ауылдың жағдайы жақсы екенін айтып, риза көңілін білдірді.
– Газ келіп тұр, көшеміз жарық, аяқсуымыз келіп тұр. Ел тыныш, одан артық не керек, – деп алға тартты ол.
Қариямен қоштасып, батасын алып жолға шықтым. Артымда қалып бара жатқан ауыл тыныш тіршілігімен, жылы адамдарымен, берекелі еңбегімен менің жадымда қалды. Көңілде бір қимастық бар, бірақ қаладағы қарбалас күтіп тұр. Дегенмен қайда жүрсем де бұл ауылдың мейірімі мен иісі аңқыған топырағы есімнен кетпесі анық.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!