Сейсенбі, 18 қараша, 01:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

«Ақылды жәшіктің» пайдасы

18.11.2025

28 0

«Innofest – 2025» инновациялық фестивалінің жүлдегері – Қызылорда қаласындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 11-ші сынып оқушысы Диас Тасболат. Ол небәрі бір тәулік ішінде қоқысты автоматты түрде сұрыптайтын «ақылды жәшік» жасап, қазылар алқасының да, қатысушылардың да назарын өзіне аударды.

– Жеңімпаз атанғанымды естігенде төбем көкке жеткендей болды. Бұған дейін іштей бірінші орын аламын деп сенгеніммен, марапаттау сәтінде біраз қобалжыдым. Әуелі басқа қатысушыларға смартфон, iPad, MacBook сияқты сыйлықтар беріліп жатты, ал менің атым әлі аталмады. «Әлде мен мүлде жүлдесіз қалдым ба?» деген ой келді. Ал негізгі жүлделерді соңына қалдырғанын кейін түсіндім. Соңында атымды атаған кезде еңбегімнің ақталғанын сезініп, қуандым, – дейді Диас Тасболат.

Диас бала кезінен IT мен экология тақырыбына қызығып келе жатқан жас зерттеуші. Бүгінде ол жаратылыстану-математика бағытында білім алып, информатика мен физикаға баса назар аударады. Экологиялық жобаларға қатысып, түрлі ғылыми байқауларда бақ сынауы да оған үлкен тәжірибе болды.

– 5-сыныптан бастап экологияны қорғау тақырыбында түрлі ғылыми жобаларға қатысып жүрмін. Сол арқылы қоқыстың қоршаған ортаға тигізетін зиянын, ал дұрыс сұрыптау арқылы оның басым бөлігін қайта өңдеуге болатынын терең түсіндім. Қалалардағы қоқыс полигондарының жай-күйі, көшедегі қалдықтар мені қатты ойландырды. Сол үшін жобамның тақырыбын қоқысты сұрыптауға арнауды жөн көрдім, – дейді жас өнертапқыш.

«Innofest – 2025» туралы ол алғаш рет өзіне осы жолда әрдайым бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісінен естіген. Диастың фестивальге қатысуына ғылыми жетекшісі, инфор­матика пәнінің мұғалімі Индира Шагирова ықпал еткен.

– Фестиваль туралы жетекшім Индира Шагирова апайымнан білдім. Апайым бұл фестивальдің форматын, 24 са­ғат ішінде идеядан жұмыс істейтін прототипке дейін жеткізу қажеттігін түсіндіріп, мені қатысуға ынталандырды. Мені шабыттандырған екі нәрсе болды. Біріншісі – тәжірибе жинап, еліміздің әр өңірінен келген білімді оқушылармен бірге бәсекеге түсу мүмкіндігі, екіншісі – грант пен ақшалай сыйлықтар. Дегенмен, мен үшін ең бастысы, өз идеямды нақты құрылғыға айналдыру еді, – дейді Диас.

Жеңімпаз жоба – «Сұрыптаушы қоқыс жәшігі». Қарапайым тілмен айтқанда, қоқысты автоматты түрде ажыратып, тиісті бөлігіне жіберетін «ақылды жүйе». Жәшікке тасталған қалдықты жасанды интеллект пен сенсорлар таниды, содан кейін қоқысты сұрыптайды.

– Қазір дүние жүзінде де, біздің елде де қоқыс мәселесі өте өзекті. Пластик, қағаз, әйнек бәрі араласып, қайта өңдеу қиынға соғады. Жобамның мақсаты – осы процесті жеңілдету. Адам қоқысты бір жерге тастайды, ал әрі қарайғы сұрыптау жұмысын жәшіктің өзі атқарады. Осы арқылы полигондарға жөнелтілетін аралас қоқыс көлемін азайтып, қайта өңдеуге жарамды шикізатты көбірек бөліп алуға болады, – дейді Диас Тасболат.

Жобаны жасау барысында Диас бір ғана саламен шектеліп қалмай, бірнеше бағытты ұштастырған. Ол әрі бағдарламалауды, әрі электрониканы, әрі жасанды интеллектті қатар меңгеруге тырысқан.

– Бұл жобаға Arduino платформасын, Python бағдарламалау тілін және жасанды интеллект элементтерін қостым. Arduino арқылы моторлар мен сенсорларды басқарамын, ал Python көмегімен қоқыстың түрін танитын модельді іске қостым. Түрлі сенсорлар қақпақтың ашылуын, жәшіктің толуын, қандай бөлікке бағыттау керегін анықтап отырады. Бір сөзбен айтқанда, бір жобаның ішінде hardware, software, ЖИ бар, – дейді ол.

Фестиваль алдындағы дайындық та бір күнмен шектелмеген. Диас ай­лар бойы идея­ны пысықтап, қажетті мәліметтер жи­нап, код нұс­қа­ларын сынақтан өткізген. Ал жарыстың кезінде қатысушыларға бар болғаны 24 сағат берілген.

– «Innofest» аясында бізге 24 сағат ішінде дайын прототип жасап шығу міндеттелді. Бірақ мен үшін бұл жобаға дайындық бірнеше жыл бұрын басталды деуге болады. Экология тақырыбындағы алдыңғы жобаларым, жиналған тәжірибем осы идеяға келіп тоғысты. Соңғы айларда осы жобаға күніне 2-3 сағаттай уақыт бөліп жүрдім, ал фестиваль кезінде сол дайындықты бір тәулік ішінде толық прототипке айналдыруға тырыстым, – дейді жас өнертапқыш.

Әрине жоба жасау барысы оңай болған жоқ. Диас үшін ең үлкен техникалық кедергі – Arduino мен Python арасындағы байланыс, яғни екі түрлі ортадан дыбыс алмасуын дұрыс жолға қою еді.

– 24 сағат ішінде мен үшін ең қиын сәт – Arduino-ның Python-ға дыбыс беруін іске қосу болды. Бірнеше рет түрлі қосылу нұсқаларын, кодтарды тексердім, бәрін қайта-қайта қарап шықтым, бірақ біраз уақыт бойы нәтиже шықпай қойды. Әсіресе түнгі екілер шамасында қатты қиналдым. Шаршау бар, уақыт та өтіп жатыр, ал жүйе толық жұмыс істемейді. Сол кезде кенет «қалай жалғау керек?» деген жаңа идея келді. Сол ойды жүзеге асырғаннан кейін ғана бәрі жұмыс істей бастады. Бұл мен үшін техникалық жағынан да, моральдық тұрғыдан да үлкен жеңіс болды, – дейді Диас Тасболат.

Ол жетістікке жетуде менторлардың, әсіресе жетекшінің рөлі зор болғанын Диас атап өтті. Ұстазы Индира Шагирова оның назарын тек технологияға емес, мәселенің мәніне аударуға тырысқан.

– Жетекшім Индира апай әрдайым «Технология – құрал ғана, ең алдымен шешіп жатқан мәселеңді түсіндіре біл» деп айтып отырады. Сол кеңестің арқасында мен жоба таныстырылымында тек техникалық бөлшектерге емес, экологиялық проблеманың өзіне, қоғамға әсеріне, біздің шешімнің нақты пайдасына көбірек тоқталдым. Сондай-ақ менторлар «прототип мінсіз болуы шарт емес, бастысы, логикасы мен болашағы айқын болсын» деп, артық уайымнан арылуыма көмектесті, – дейді ол.

Жеңіске жеткен жоба фестивальмен шектеліп қалмайды. Диастың жоспары – «Сұрыптаушы қоқыс жәшігін» алдағы уақытта нағыз стартапқа айналдыру. Ол алдымен құрылғыны жетілдіріп, дизайн мен техникалық бөлігін оңтайландырғысы келеді.

– Әрине, бұл жобаны алдағы уақытта стартап деңгейіне шығарғым келеді. Ең алдымен, прототипті жетілдіріп, бағасын тиімді ету, мектептерде, кеңселерде, қоғамдық орындарда пилоттық түрде орнатып көру ойымда бар. Егер нәтижесі жақсы болса, оны тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де қолдануға мүмкіндік туады деп сенемін, – дейді Диас.

Жас өнертапқыш кәсіби болашағын да айқын елестете алады. Ол IT мен жасанды интеллект саласында терең білім алып, экология, білім беру, қала инфрақұрылымы сынды бағыттарда пайдалы жобалар жасауды армандайды.

– Алдағы 3-5 жылда өзімді IT және жасанды интеллект саласында көргім келеді. Мықты техникалық білім алып, өз стартаптарымды дамытуды, экология, қала инфрақұрылымы сияқты салаларда нақты шешім ұсынатын жобалар жасауды мақсат етемін. Болашақта жасанды интеллект пен «ақылды құрылғыларды» біріктіретін жобалармен айналысып, еліміздің цифрлануына және жасыл технологиялардың дамуына үлес қоссам деймін, – дейді ол.

Диас үшін «Innofest – 2025» фестивалі тек бір реттік жарыс емес, үлкен тәжірибе мектебі.

– Ең бастысы – қорықпау. Идеяңыз әлі толық дайын болмаса да қатысып көріңіз. Мұндай фестивальдерде жаңа достар тауып, идея алмасасыз, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Әр жоба Қазақстанның дамуына, әсіресе жасанды интеллект пен IT саласының өсуіне қосқан үлес деп санаймын. Сондықтан қатысыңыздар, байқап көріңіздер, қа­телесуден қорықпаңыздар, – дейді жеңімпаз.

София ХАЙРУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: