Сейсенбі, 12 тамыз, 11:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60,2173
12.08.2025
PDF мұрағаты

Ақжарма: Көмекке мұқтаж отбасы азайып келеді

12.08.2025

57 0

Кәсіпкерліктің дамуы ел экономикасын өрге сүйрейді. Ақжарма ауылдық округінде де кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалуда. Демек, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек ақжармалықтарға үлкен серпін берді.  Мәселен, қайтарымсыз несие алу, «Ауыл аманаты» бағдарламалары өз нәтижесін беруде. Бұл – несібесін кәсіптен тапқысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік екені анық.

– Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында округте ауқымды жұмыс бар. Атап айтсақ, жеңілдетілген несие бойынша жылыжай салуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде көлік жөндеу орталығын ашу бойынша  ұсы­нылған жобалар қаржыландырылды. Округте жыл сайын әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны жыл сайын азайып келеді. Бұл үрдіс азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартуға байланысты, – деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев.

Ақжарма: Көмекке мұқтаж отбасы азайып келеді

Ақжарма ауылында мал шаруашы­лығын дамыту тұрақты қолға алынған. Барлық мал басы түрінен өсім бар. Әсіресе, мүйізді ірі қара мен жылқы малын көбейтуді тұрғындар жөн көреді. Яғни, ауыл тұрғындары еңбек етуден қашпайды. Еңбек нәтижесін де көріп жүр.

Ауылдық округ тіршілігінде инфрақұрылымның алар орны ерекше. Елді мекенде бұл бағытта қарқынды тірліктер шешімін тапқан.

– Баймұрат батыр ауылының жаңадан қалыптасқан көшелеріне тас жол салуға қаржы қаралып, 19 көшеде тиісті жұмыс жүргізілді. Алдағы уақытта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талдыарал елді мекенінің 1-ші көшесіне жарық орнатылады. Мұнан бөлек, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға бюджетке өтінім берілді. Олардың қатарында су тарату насосы мен аяқсу жүйесінің құрылысы, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жобалары бар. Ал 10 көшеге ауызсу құбырын тартуға, жабық спорт кешенін салуға демеушілік негізінде жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғындарының бірлігі бе­кем, тірлігі берекелі. Ауыл тұрғын­да­рының жағдайын жасау мақсатында Баймұрат батыр ауылында көнерген көше жарығының 100-ге жуық шамы ауыстырылған. Аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында, көше арықтары тазар­тылған. Сонымен қатар көр­кейту-көгалдандыру айлығында меке­мелер сенбілікке шығып, 500 Сыр талы мен терек  отырғызған. Ағаштар мезгілінде әктеліп, тұрғындар тазалыққа ерекше мән береді.

Болашақ ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөлген де жөн.  Осы ретте ауылдағы білім сала­сында жақсы жаңалықтар аз емес. Одан бөлек, мәдениетті дамытуға, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға мүмкіндік жасалуда.

Бұл ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқ десе де болады. Себебі жастардың көбісі ауылдан қалаға қатынап жұмыс істейді. Қоғамдық көлік қатынасы толық шешімін тапқан.

Бүгінде ауыл келбеті жылдан-жылға жақсарып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді. Демографиялық өсімі артып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

– Біздің басты мақсат алдағы уақытта да ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Елді мекенді дамытуда қол жеткізген жетістіктеріміз болашаққа бағытталған тың істерге жол ашатынына кәміл сенеміз. Қазіргі уақытта округті дамытуға бағытталған жоспарлар нақтыланып, қаржының қаралуына байланысты, кезең-кезеңімен шешімін табуға жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта алма бағын өсіру, көшелерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына сметалық құжаттар дайындау жоспарлануда, – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: