Президент биліктің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мақсатында «Есеп беретін Үкімет» қағидатын енгізді. Осының аясында Ақжарма ауылының әкімі Саттар Бейбітұлы БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Бүгінде ауылда 74 кәсіпкерлік нысан тіркеліп оның 35-і жұмыс істеп тұр екен. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында төрт тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз 6 млн 300 мың теңге грант иегері атанған. Олар қаржысын дәнекерлеу аппаратына, тігін машинасына, мал шаруашылығына, сүт өнімдерін дайындауға жұмсайды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 5 млн 150 мың теңгені құрайтын СТО ашу жобасы да қолдау тапқан.
Округте 8 дүкен жұмыс істейді. Ауыл әкімінің айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында мониторингтік топ түсіндірме жүргізеді.
– Өткен жылы 17 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартуға байланысты жыл сайын әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны азайып келеді, – деді ол.
Ауылдық округте екі орта мектеп, «Ина-Жан» балабақшасы, мәдениет үйі, екі кітапхана жұмыс істейді. №9 және №10 кітапханада 35941 дана кітап қоры және 1355 тұрақты оқырманы бар. Ақжарма мәдениет үйінде 15 қызметкер, 5 үйірме халыққа қызмет жасауда. Олар «Сыр Орда» вокалды аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, Әуен-ән үйірмесі, «Көркем сөз оқу» үйірмесі, «Мерей» би үйірмесі жұмыс істейді.
Ақжарма ауылдық округінің даму жоспары қарқынды. Атап айтсақ, Баймұрат батыр ауылына құны 1 млн 500 мың теңге тұратын аяқсу айдайтын мотопомпа алынды. Демеушілікпен Шіркейлі каналынан Баймұрат батыр ауылына аяқсу келетін кіреберіс үлкен сағасына жаңадан құбыр салынды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талдыарал елді мекеніндегі Т.Қоңырбаев көшесіне түнгі жарық орнатылды. Сонымен бірге Талдыаралдағы балалар ойын алаңын жөндеу, құрылғыларын ауыстыру жұмыстарына да қаржы бөлінді. Баймұрат батыр ауылындағы 19 көшеге қиыршық тас төс төселді.
– Ауылды дамытуға бағытталған жоспарлар кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биылғы және алдағы жылдарға қаржыландыруды қажет ететін жобалар жетерлік. Баймұрат батыр ауылына ұзындығы 1,7 шақырым болатын 3 көшеге жол жөндеу, аяқсу жүйесіне науа құрылысы, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын жүргізу үшін үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Ал Талдыаралда жаңадан қоныстанған аумаққа су тарату насос станциясын салу үшін қаржы бөлу ұсынылса, демеушілер жабық спорт кешенін салуға қолдау білдіруде, – деді Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!