Сейсенбі, 29 шiлде, 18:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Ақжармада  біткен іс көп, жоспар жетерлік

29.07.2025

69 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қала іргесіндегі бір кездері Кеңес одағына МИС атымен танымал машина сынау станциясы бүгінде бүтіндей бір ауылға айналғалы қаш-шан. Кеңес одағының түкпір-түкпірінен жаңадан шығарылған техникалар әуелі осында жеткізілетін. Мұндағылар техниканы әбден сынап, «мынауың дұрыс, мынауы бұрыс» деп төрелігін айтатын. Осы күні Ақжарма ауылдық округі атанып, негізгі елді мекенге батыр Баймұраттың аты қойылса, Талдыарал да осы аумаққа қарайтын ауыл ретінде танылған. Тірлігі түзу, қадамы нық ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

«Арманым – ауылды баққа айналдыру»

Баймұратқа барар жолды көпшілік білетін шығар… Халықаралық дәліз жолдың бойынан ауылға қарай тура түскенде оң қапталдағы қалың тоғай, ну орманға айналған бақты байқаған боларсыз. Бұл – ауылдың өзіне тән ерекшелігі. Жасыл-желектен басталған елді мекеннің ішінде де қараусыз қалған бақты Саттар Бейбітұлы елге әкім болып келе сала айналасын қоршатып, тап-таза саябаққа айналдырған екен. Әлі де мұндай арманы көп екен.

– Талы жоқ ауылдың ауа райы бірден белгілі болады. Оттегі аз. Егер жасыл-желекпен көмкеріп тастасаңыз, оның өз кереметі бар. Ауылдың көркін ажарландырып тұрады. Ауылды бақ қылсам деген арманым бар. Әрине, қаражатқа тіреледі. Бірақ қоршауын ғана қолдаса, қаламшамен-ақ еге беруге болады. Ал алма бақ егуге көшетке де қосымша қаржы керек. Меніңше, біз қаражатты болашағы маңызды осындай жобаларға көптеп бөлуіміз керек. Облыс әкімінің бастамасымен қазіргі таңда қаланың көп бөлігінде тал егу жұмыстары қарқынды жүрді. Міне, осындай бастама әрбір ауылда болса екен, – дейді Саттар Әбдіреев.

Бүгінде ауылдық округте ауылды аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында басты арықтар тазартылған. Ал көркейту-көгалдандыру айлығында 500 түп сыр талы мен терек көшеттері егілді. Мұның өзі әкімнің асыл арманының орындалуына бастаған маңызды қадам екені даусыз.

Ауыл қалаға жақын орналасқандықтан мұнда көшіп келушілер қатары қалың. Сондықтан елді мекеннің ауқымы да кеңейіп келеді. Жаңадан қалыптасып жатқан аумақтарға тас жол төселіп, халыққа қолайлы тұрмыс кешуге бар мүмкіндік жасалуда.

– Мына өздеріңіз көріп тұрған көшенің халқына қиын болатын. Балалары мектепке толарсақтан саз кешіп қатынайтын. Қазір, міне, тас төселді. Ауылда осындай көшелерге тас төсеу жұмыстарына 323,3 млн теңге қаражат бөлінді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талдыарал елді мекенінде бір көшеге 3,1 млн теңгеге түнгі жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Ал Баймұрат ауылындағы көнерген көше шамдары жаңартылды, – дейді ауыл әкімі.

Бұл ауылда байқау жеңімпаздары тұрады

Таяуда ғана өткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде Іздіқұловтар отбасы І орын жеңімпазы атанды. Иә, Гажденбек ақсақал мен Гүлназ апайдың шаңырағындағы еңбекпен тәрбиеленген перзенттер бүгінде отбасының мерейін тасытып отыр. Ал ақсақал қартайдым деп отырған жоқ. Қолынан кетпені мен күрегін тастамай, немерелерін еңбекке баулып жүр.

– «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген керемет сөз бар. Біз еңбекпен тәрбиелендік, солай жетілдік. Қазір қозғалған сайын жаным рахат табады. Мына ауладағы жемістің әрбірі осы балалар үшін егілді. Күтіп-баптауы керек, баладай етіп мәпелейсің. Сен қаншалықты қарасаң, соншалықты жеміс береді, – дейді Гажденбек ақсақал.

Ал Гүлназ апай «Көгерген әрбір көшетті балалар ешкімнің қолына қарап, жегісі келгенді жұрттан сұрамасын», – деп ектік дейді.

Шаттыққа бөленген шаңырақта бақ тұрақтаған. Алақандай ауылдағы әрбір тұрғын ол кісілерді құрметтейді.

Темірбектің саумалы –  денсаулыққа мол дәрі

Ауыл тұрғыны Темірбек Қазымбеков – еңбегімен елге танылған жан. Бүгінде дертіне шипа іздеген ауыл тұрғындары Темірбек ағайдың телефонына шығады. Алдын ала жазылып, басынан келіп, саумал ішіп кетеді. Темірбек Елешұлы бұл іске ұрпағын тәрбиелеп, немерелерін де еңбекке баулып жүр.

– Қазір хабарласып, бос уақытқа жазылып қояды халық. Саумалды басынан ішіп, үйреніп қалды. Кейбірі әкеп берші деп өтінеді. Оған да қызметіміз дайын. Сапалы, табиғи саумалға сұраныс жоғары. Қайсыбір жылы вирустың кезінде жұртшылық осы саумал арқылы жан бақты. Емдік қасиеті мол ғой. Немерелерді де осы іске баулып жүрміз, – деді ақсақал.

«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақтың» қадіріне жеткен қазақ қой. Мінсе көлік, ішсе сусын, жесе ас. Бие қажетті мөлшердегі саумалын берді де, сауын орнынан шығып, шөпке беттеді. Малдың өзін ақылды етіп тәрбиелеуге болады. Ол иесіне байланысты. Техниканың тілін меңгергеннен бөлек, елдің егін, коммуналдық саласын басқарған Темірбек Елешұлы мал шаруашылығын да ұршықша иіріп отыр.

– Қазақ «еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Әрбір әрекеттің жемісті нәтижесін көріп келеміз. Саумалды да немерелерге үйретіп, оларды еңбекке баулып жүрмін. Ізіңдегі ұрпағың ісіңді жалғап жүрсе, бақыт емес пе?! – дейді малға шөп салып жатып.

Толғауы тоқсан тіршілікте түрлі адамды жолықтырамыз. Сабаға қымыз сапырып, қонағына ұсынған шаңырақтан біз қазақтың «кең болсаң, кем болмайсыңын», «қолы қимылдағанның аузы жыбырламайтынын» және елге қызметтің қай кезде де абырой сыйлайтынына куә болдық.

Шаштараз

Осыдан біраз бұрын Баймұрат батыр ауылында Ержан Серікбайұлы мен Жансая Ерәлиеваның ашқан шаштараз кәсібінің елге қызмет істеп жатқанын жазған едік. Бүгін отбасылық кәсіптің қызмет көрсету ауқымын арттырып, шаштараздың жанынан дүкен ашыпты. Жұмысы жүйелі жүріп жатқан кәсіпкерлер мақсатқа бастар жолда қорықпау қажетін айтуда.

– Әрине, алдыңызға мақсат қойсаңыз, оған жету – сіздің қолыңыздан келетін іс. Біз осылай бастадық. Қазір шаштараз жанынан дүкен аштық. Ғимараттың алды жазғы кафеге сұранып тұр. Құдай қаласа, кәсіпті кеңейтіп, дамығанға не жетсін?! – дейді Жансая Ерәлиева.

Шағын ауылдан кәсібі өрге бастаған осындай жандарды көрдік. Әкім де жан сарайындағы асыл арманымен бөлісті. Облыс орталығына қайтып келеміз. Жолдағы ағаштар, расымен, қала көшелеріне әрі көлеңке, әрі таза ауа болып тұратыны рас. Баймұрат­тағы ну-тоғай – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: