Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ақжармалық ағайынның қуанышы

16.11.2024

267 0

Сары уайымға салынған сабалақтықтар да, газ қашан келеді деп алаңдаған ақжармалықтар да бөркін аспанға атып, қуануда. Қызылөзек тұрғындарының бұл мәселесі кезекте тұр. Келер жылы келеді деп күткен табиғи газ құбырларын орнату жұмысы Баймұрат батыр ауылында аяқталуға жақын.

Ақжармада – екі ауыл, әкім – біреу. Халықаралық дәліз жолдың бойындағы батыр Баймұрат атындағы ауыл мен Талдыарал елді мекені осы округке қарайды. Ақжарма ауылдық округіне газ апару жұмысына 1,2 миллиард теңге қаралған. Бұйыртса, жаңа жылға дейін халық табиғи отынның игілігін көруі әбден мүмкін.
– Бұл қаражат келер жылы келеді деп күтілген. Бірақ елге қолайлы жағдай жасап, халықтың мұң-мұқтажын шешудегі атқарылған еңбектің нәтижесінде жаңа жылға дейін «көгілдір отынға» қосылуымыз мүмкін. Әрине, ауа райы қарасып тұрса, жұмысты жыл аяғына дейін аяқтаймыз. Қазірдің өзінде Баймұрат батыр ауылындағы құбыр жүргізу жұмысы толық аяқталды. Ал Талдыаралдағы жұмыстың жартысы бітті, – дейді ауыл әкімі Саттар Әбдіреев.
Жақсы жаңалық жақындай түскен сайын жергілікті халықтың да уайымы сейілді. Қып-қызыл шығын болып, көмір тасып, отын жарып, күл шығаратын бейнеттен арылуға асығатындай.
– Қала іргесінде тұрып, орталықтағылар он шақты жыл бұрын көрген қуанышты сәтті сезіну – бізге бір бақыт. Жігіттердің еңбектеніп, құбыр жүргізіп жатқанын көріп, табиғи газдың жақындап келе жатқанын сеземіз. Әрине, көп үнем екені анық. Халықтың қалтасын қақпайды. Бастысы, таза боласың. Көмірдің өзіне 100 мың теңгеден артық ақша жұмсаймыз. Екіншіден, отын пайдаланбасақ, айналамыз аз жылда ну орман болады ғой. Жыл сайын жағдай жақсарып, ауылдардың да дамудың даңғылына түскені қуантады, – дейді ауыл тұрғыны, қоғамдық кеңес төрағасы Есентай Ізтілеуов.
Бүгінде Сырдың бас қаласындағы «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету 98 пайызға орындалған. Ақжарма ауылынан бөлек, «Сабалақ» саяжайына 3,1 млрд теңге, ал қаланың кейбір аумақтарына 689,2 млн теңге бөлінген. Ал Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекеніндегі бұл мәселені шешу жоспарда тұр.
Айта кетейік, Ақжарма ауылдық округінде мұнан басқа да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, өткен жылы ауылдың инфрақұрылымдық жүйесінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 33 миллион 300 мың теңгеге Баймұрат батыр ауылынан ұзындығы 2,85 шақырым болатын 3 көшеге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде екі көшенің аяқ жақ бөлігі 1,5 млн теңгеге түнгі көше жарығы орнатылды. Ал ауылдық округке қарасты екі елді мекенге заманауи 5 аялдама қойылды. Бүгінде халық игілігіне жарап тұр.


Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: