А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымының кезекті ХІV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға қала әкімі Нұржан Ахатов, қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Шакизат Төребаев қатысты.
Конференцияда қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Шакизат Төребаев қалалық ардагерлер ұйымының 2021-2025 жылдар аралығында атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ардагерлер ұйымының қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы, жастарға өнеге көрсетуі, бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды кеңінен жеткізді.
– Қалалық ардагерлер ұйымында жыл сайын еліміздің киелі, көрікті, тарихи жерлеріне саяхаттау дәстүрге айналған. Өткен жылы 42 ардагер Оқшы Ата, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб кесенелеріне барып зиярат етті. Сонымен бірге 47 ардагер Байқоңыр, Қорқыт Ата, Марал бабаға саяхат жасады. Ардагерлер Байқаңыр космодром аймағындағы «Байқоңыр космодромы» тарихи музейін аралады. Қорқыт Ата мен Марал бабаға зиярат еткен ардагерлер көптеген мәліметтермен таныс болды, – деді қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Шакизат Төребаев.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық ардагерлер ұйымының тексеру комиссиясының есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жарыссөзде шығып сөйлеген делегаттар қалалық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысына оң баға беріп, өзекті ұсыныс-пікірлерді ортаға салды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша қалалық ардагерлер ұйымының Пленум және Алқа құрамы сайланды. Алқа мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде қалалық ардагерлер ұйымының төрағалығына Өмірбек Шәменов, төраға орынбасарлығына Серікбек Жүсіп, жауапты хатшылығына Малика Ибадуллаева сайланды. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІХ конференциясына делегаттар ұсынылды.
Конференцияда сөз сөйлеген шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы ардагерлер ұйымының қала өміріндегі орнын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қаланың жан-жақты дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ардагерлерге алғысын білдірді.
– Ардагерлер ұйымы – қоғамдағы үлкен күш. Бірлік пен ынтымақты нығайту жолында аға буынның маңызы зор. Сондықтан сіздерге артылар сенім жоғары. Қазіргі таңда қаламызда 230-дан аса бастауыш ұйымға біріккен 35168 ардагер бар. Ардагерлерге республикалық бюджеттен зейнетақылары мен мемлекеттік арнаулы жәрдемақылары төленуде. Мұнымен қоса, 1708 ардагер мен мүгедектерге түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Мемлекеттік мерекелер қарсаңында сый-құрмет жасалып келеді, – деді Нұржан Ахатов.
Қала әкімі қалалық ардагерлер ұйымына жетекшілік жасап, өзінің сүбелі үлесін қосқан Шакизат Төребаевқа алғысын білдіріп, қаланың ең жоғарғы марапаты қала әкімінің «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-сияпат көрсетті. Жаңадан сайланған ұйым басшылығына сәттілік тіледі.
Конференцияны қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы қала ардагерлерінің белсенділігіне жоғары баға берді. Сонымен қатар қаланың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып жүрген бірқатар ардагерлерге «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі, Алғыс хаттар мен «Құрмет грамоталар» тапсырылды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!