Бейсенбі, 05 маусым, 06:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 -2154
03.06.2025
PDF мұрағаты

Арман Келдібаев, Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы: Бұл – тек видео емес, шабыт пен шеберліктің нәтижесі

03.06.2025

263 0

Бүгінде технологиялық прогресс пен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы барлық салаға елеулі әсер етуде. Әсіресе ерекше дамып келе жатқан бағыттардың бірі – мобилография. Бұл ұғым көпшіліктің түсінігінде, қарапайым видео түсіру ғана емес, оқиға мен сәтті көркемдікпен бейнелейтін, шығармашылықты талап ететін жаңа кәсіп. Мобилография – қазірдің өзінде жастар арасында үлкен сұранысқа ие әрі заманауи медиа мәдениеттің маңызды бөлігіне айналған сала. Әлеуметтік желілер мен цифрлық контентке сұраныс артқан сайын, мобилографтар да өз рөлін нығайтып келеді. Қарапайым телефон арқылы сапалы әрі креативті видеолар түсіріп, мыңдаған аудиторияны қамтып, қоғамда өз орнын тапқан жастардың еңбегі назар аударарлық. Осы ретте облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек етіп жүрген мобилография маманы Арман Келдібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Мобилография саласына қалай келдіңіз?

– Қазалы ауданы жастар ресурстық орта­лығында жұмыс істедім. Жастар орталығының құрамында түрлі мәдени және әлеуметтік шара­ларды ұйымдастыру мен ақпараттандыру жұмыс­тарымен айналыстым. Әрбір іс-шараны видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жүктеп отырдық. Бастапқыда бұл – күнделікті жұмыс еді. Алайда уақыт өте келе мен бұл іске қызыға бастадым. Кәсіби курстардан өтпесем де, өз бетімше үйреніп, камерамен, смартфонмен жұмыс істеу тәсілдерін меңгердім. Шараларда түсірген видеоларымыз жұрт­шылықтың назарын аударып, тіпті ұсыныстар түсіп жатты. Өз еңбегімді көру, оның адамдарға позитивті әсер етуі мені одан әрі шабыттандыра түсті. Сол сәттен бастап мобилография менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

–  Бұл салада біраз шыңдалған маман сияқтысыз…

– Кәсіби  түрде 2021-2022 жылдан бастап айналыса бастадым. Осы жылдары мен өзімді нақты осы салада сынап, түрлі жобаларда жұмыс істеуге бел будым. Жыл өткен сайын тәжірибе жинап, сапалы контент жасауға дағдыландым. Әуелі өзім үшін басталған қызығушылық бірте-бірте кәсіби бағытқа айналды. Қазір де үнемі дамып, жаңа нәрселерді үйреніп, тәжірибе арттыру үстіндемін.

– Сіз үшін мобилография саласыңдағы ең қызықты жанр немесе тақырып қандай?

– Әрине, мобилография кең әрі сан қырлы сала. Әр жанрдың өз ерекшелігі бар. Жаныма жақын бағыт – ресми және мемлекеттік іс-шараларды сапалы, кәсіби деңгейде түсіру. Бұл жұмыстар үлкен жауапкершілікті талап етеді, сонымен қатар нақты кадр мен мазмұнға баса назар аударылады. Сонымен қатар бос уақытымда «Speed Ramp» стилінде бейнероликтер жасағанды жақсы көремін. Ол – динамика мен әсерге толы жанр,  шығармашылық еркіндік береді.

– Жақсы кадр алу үшін қандай техникалық тәсілдерді жиі қолданасыз?

– Меніңше, кез келген кадр адамның көру қабілеті мен шеберлігіне байланысты. Техника қанша жерден мықты болса да, оны дұрыс пайдалана алмасаңыз, сапалы өнім шықпайды. Кейде түсірілім нүктесі ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ сол сәтте дұрыс ракурс пен композиция таба білу – кәсіби шеберліктің белгісі. Әрбір кадрды түсірмес бұрын ойланып, жоспарлап аламын: «Бұл ракурстан қалай көрінеді?», «Түс пен жарық қалай үйлеседі?» деген сұрақтар үнемі ойымда жүреді.

– Мобилографтың жұмысы үшін телефонның қандай ерекшелігі маңызды деп ойлайсыз?

– Көпшілік қымбат смартфон қажет деп ойлайды. Бірақ менің тәжірибемде бастысы – шеберлік. Телефондағы камера баптауларын дұрыс қолдана білсеңіз, қарапайым құрылғымен де кәсіби деңгейде видео түсіруге болады. Әрине, кейбір қосымша функциялар – мысалы, стабилизация, 4К түсіру мүмкіндігі, фокус тереңдігі – пайдалы. Ең бастысы, сіздің көзқарасыңыз бен ниетіңіз.

– Мобилографияда кездесетін қиындықтар қандай?

– Бірнеше қиындықтар бар, бірақ мен үшін ең күрделісі – видеомен үйлесетін музыканы таңдау. Музыка – видеоны ашатын элемент. Дұрыс таңдалған әуен көрерменге әсер етудің негізгі құралына айналады. Кейде бір музыканы табуға бірнеше сағат кетеді. Сол себепті  бос уақытымда алдын ала видеоларға лайық  әуендерді жинап, арнайы папкада сақтап қоямын. Бұл – уақытты үнемдеуге көмектеседі.

– Кадр сапасын жақсартуда қандай қосымшаларды жиі қолданасыз?

– Қазіргі таңда видео өңдеуге арналған көптеген қосымша бар. Олардың ішінде ең танымалы – «CapCut». Бұл бағдарлама – көп функциялы әрі қолдануға өте ыңғайлы. Онда фильтрлер, арнайы эффектілер, мәтін жазу, музыкалық сүйемелдеу сияқты қажетті құралдардың бәрі бар. Жаңадан бастаушылар үшін де, кәсіби мобилографтар үшін де таптырмас көмекші.

– Сіз үшін сәтті түсірілімнің кілті неде?

– Сәтті түсірілім – бұл тек жақсы техника мен сценарий емес, бұл – адамның көңіл күйі мен ішкі дайындығы. Егер түсірілімге жақсы оймен, позитивті көңіл-күймен келсеңіз, бәрі де сәтті шығады. Объектіні түсірер алдында міндетті түрде ой елегінен өткізіп, оның ерекшелігін, маңызын түсініп алу қажет. Сол кезде ғана видео шынайы әрі әсерлі болады.

– Жұмыс барысында қандай қызықты немесе ерекше оқиғалар болды?

– Иә, мұндай сәттер көп. Соның ішінде ерекше есте қалғаны – Жанкент қалашығына барып түсірілім жасағанымыз. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс болды. Түрлі сала мамандарымен, әкімдік өкілдерімен бірлесе еңбек ету – мен үшін жаңа тәжірибе әрі ерекше әсер қалдырады. Осындай тарихи нысандарды халыққа насихаттау – үлкен мақтаныш.

– Мобилогра­фияға жаңадан келгендерге қан­дай кеңес берер едіңіз?

– Ең басты кеңесім – тоқтамау. Үйренуден жалықпау керек. Қазіргі заманда ақпарат көп, интернет арқылы кез келген дүниені меңгеруге болады. Тек ниет пен еңбек қажет. Өзім де күнделікті жаңалықтармен танысып, бі­лімімді толықтырып оты­рамын. Тәжірибе мен үздіксіз даму – жетістікке жетудің кілті.

– Алдағы уақытта қандай жобалармен жұмыс жасауды жоспарлап отырсыз?

– Қазірдің өзінде бірнеше ұсыныс бар. Түрлі сала бойынша түсірілімдер жасау жоспарланып отыр. Бірақ менің ең үлкен арманым – Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешенінде жұмыс істеу. Сол арманға жету жолында еңбек етіп, дайындық үстіндемін. Алдағы уақытта осы бағытта нақты қадамдар жасағым келеді.

– Өз салаңызда қандай жетістіктерге қол жеткізгіңіз келеді?

– Мен үшін жетістік – тек марапат немесе танымалдылық емес. Шынайы жетістік – өз ісіңді сүйіп, сол арқылы отбасыңа, еліңе пайдаңды тигізу. Мысалы, осы саладан тапқан табысыммен отбасымды асырап отырғаным – үлкен жетістік. Халықтың, ата-анамның, жұбайымның ризашылығын алу – ең үлкен марапатым. Сол себепті мен әрбір жобама жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етуге тырысамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: