Сейсенбі, 03 наурыз, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2229)
03.03.2026
PDF мұрағаты

Арманға адал болу керек

03.03.2026

37 0

Қазіргі таңда жастар арасында қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі – грэпплинг. Бұл – күрестің бірнеше бағытын біріктірген, еркіндікке негізделген жекпе-жек өнері. Грэпплинг тек күшке ғана емес, ой мен есепке сүйенетін спорт түрі. Ұлт намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген, жас та болса әлемдік додаларды бағындырған Әлижан Алматовпен тілдесудің сәті түсті. Бүгінде ол грэпплингтен әлем чемпионы, 2 дүркін Ашық Азия чемпионы, сондай-ақ 2 дүркін Қазақстан чемпионы.

– Алғашында фут­болмен айналыстым. Жат­тықтырушым мені қақ­пашы етіп қойды. Шыны керек қызығушылығым азая түсті. Бірақ бұл спорт түрі маған жақын болмады. Сол кезде достарым грэпплинг секциясы ашылғанын айтып, барып көруге кеңес берді. Көп ойланбастан бардым. Содан осы спортпен жүйелі айналысып келемін, – дейді ол.

Кейіпкеріміз бұл спорт түрінің ерекшелігі көп екенін айтады. Мысалы мұнда қылғындыру, қол-аяққа ауыр күш жұмсау әдісін қол­дануға болады. Дзюдоны алсақ, көбінесе тік қалпы күреседі. Ал бізде партердегі күрес басым. Сол еркіндік те оны қызықтыра түскендей.

Жаттығуды да жүйелі білу маңызды. Әрбір жаттығу шамамен екі сағатқа созылады екен.

– Алдымен денені қыздыру, одан кейін қажетті әдістерді пысықтау және соңында еркін күрес болады. Қыздырыну кейде ойын форматында өтеді. Ерекшелігі де осы. Кейін  өзімізге керек жаттығуларды жасап, күресеміз, – дейді ол.

Бұл спортта тактиканың маңызы ерекше. Грэпплинг – кішкентай шах­мат сияқты. Әр әдісті ойлап жасау керек. Бір ғана қателік жіберсең, жеңіліп қалуың мүмкін. Алғашқы жарыс оның есінде ерекше сақталыпты.

– Қатты қобалжыдым. Атымды атаған кезде бойымдағы қорқыныш одан сайын күшейді. Не істерімді білмей қалдым. Сол жарыста жеңіліп қалдым, бірақ бұл маған үлкен сабақ болды. Түсінгенім, адам өз-өзіне сенімді болу керек. Қазір, міне, грэпплингтен әлем чемпионымын. Ең маңыздысы, өзіңе деген сенім, арманына адал болуың, – дейді ол.

Жарыс алдындағы ең ауыр ке­зең – салмақ қуу. Салмақ қуу – көп спортшыны сындыратын сәттің бірі. Күрестің өзі  қиын болмағанымен, салмақ қууда шыдамдылық керек. Спортшылардың басым бөлігі осы мәреге жеткенде, яғни салмақ қууға келгенде спортты тастап кететіндері де болады. Бастысы, төзім және тәртіп керек екен, – дейді спортшы.

Оқу мен спортты қатар алып жүру де оңай емес. Әлижанның айтуынша, университет оған әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Болашаққа қойған мақсаты да биік.

– Әлемге әйгілі спортшы болғым келеді. Грэпплингтің дамуына үлес қосып, халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерсем деймін, – дейді ол.

Ғайниза Төлесова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: