Сенбі, 17 мамыр, 06:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36,2149
17.05.2025
PDF мұрағаты

Арнайы экономикалық аймақ: Өңірге қандай өзгеріс әкеледі?

17.05.2025

63 0

Үкіметтің шешімімен өңірде «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылатын болды. Қызылордалықтар үшін «арнайы экономикалық аймақ» термині жақсы таныс десек артық айтқандық емес.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін,  1996 жылы өңірде арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл дағдарысты еңсеруді, нарық заңына бейімделуді, аймақ әлеуетін көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен экономикалық реформа болды.

«Әкім болдық, жұмыс басталды. Арыз-шағым көп. Анау үйде су жоқ, мынау үйде тағы бірдеңе жоқ деген қиын кезең. Жекешелендіру жүріп жатыр. «Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын түгел сатыңдар. Тұрғындар терезесін ойып, дүкен ашсын» деген тапсырма бар. Оны жұртқа барып айтсақ, «айдың күннің аманында тереземізді бұзып неміз бар. Керек емес» дейді. Қазір кәсіпті кез келген адам өзі үшін істейді ғой, ол кезде түсінбейді». Бұл – Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ болған кезде қала әкімі, арнайы экономикалық аймақ төрағасы қызметін атқарған Бақберген Досманбетовтің кейінгі жылдарда берген сұхбатынан үзінді. Осы бір-екі сөйлемнен-ақ бір кездері арнайы экономикалық аймақ құрылған тұста негізгі мақсаттың бірі халықты кәсіпке жұмылдыру болғанын байқаймыз. Себебі арнайы экономикалық аймақта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау бар.

Белгілі ғалым Мәди Кереев пен арнайы экономикалық аймақ төрағасы, қала әкімі қызметін атқарған Бақберген Досманбетовтің «Қызылорда» атты кітабында арнайы экономикалық аймақтың негізгі мақсаты, нәтижесі туралы кеңінен жа­зылған. «Қызылорда арнайы экономикалық аймақ құрғандағы негізгі мақсат – өнеркәсіп және басқа салаларға инвестиция тартуға әрекет жасай отырып, экономикалық басымдылықты қалыптастыру болды. Ол үшін іс жүзіне асыруға тиіс мына мәселелер қарастырылды. Қолда бар табиғи қорларды тиімді әрі кешенді игеру, аймақтың сыртқы тауар шығару мүмкіншілігін арттыру, сырттан тауар тасымалдау өндірісін дамыту, қаланың өндіргіш күштерін тиімді дамыту, жоғарғы қуатты өндіріс орындарын құру, өнімнің жаңа түрлерін шығару, инвестициялар тарту, кәсіпкерлік қызметті жандандыру және қордаланған әлеуметтік-экологиялық қиындық­тарды шешу» деп жазады.

Архив деректеріне сүйенсек, арнайы эконо­микалық аймақ аумағында тіркелген шаруа­шылық жүргізетін субъектілерге салық салудың жеңілдетілген түрі қолданыла бастады. Мәселен, заңды тұлғалардан 20%-дық табыс салығы алынды. Сонымен қатар өндірістік қызметпен байланысты әкелінетін шикізат пен құрал-жабдықтарды бажсыз әкелу қарастырылды. Инвесторлар үшін мемлекеттік заттай гранттар, табыс салығының ставкасын төмендету, шарт жасасқан күннен бастап 5 жылға дейінгі мерзімге табыс, жер және мүлік салықтарының ставкасын негізгі мөлшерлеменің 100%-ына дейін төмендету, жабдықтарды, шикізаттар және материалдарды әкелу кезінде кедендік баж салығынан толық және ішінара босату көзделді. Сол сияқты инвестиция тарту мақсатында Қызылорда қаласы бойынша инвестициялық жобалардың тізбесі бекітіліп, аймақтың экономикалық өсуіне айтарлықтай ықпал ететін 65 бизнес-жоба жасақталған. 1997 жылы ҚАЭА-ның дамуына 35,5 млн АҚШ долларын құрайтын шет елдік инвестиция тартылып, игерілген. Осы жылы облыста 8 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеді. Олардың ішінде 4-і «Қазгермұнай» БК, «Қуатамонмұнай» БК, «Құмкөл-ЛУКойл» АҚ және «Харикейн Құмкөл Мұнай» АҚ мұнай-газ кен орындарын игеру бағытында жұмыс істеді.

Арнайы экономикалық аймақ әлеуметтік-эко­номикалық, өнеркәсіптік-экономикалық жағ­­дайы өнеркәсіптің дамуы, негізгі капиталға ин­вес­тиция тарту, сыртқы экономикалық қатынастардың дең­гейі, тұрғын үй-коммуналдық кешенді қайта құру, қаланың қаржылық, тұтынушылық нарық пен жекешелендірудің қарқыны, кәсіп­керлік пен шағын бизнесті ілгерілетумен айқын­далды. 1997 жылы машина жасау және метал өңдеу кәсіпорындарының өнімінің көлемі 26,5%, мұнай өндіру 3%, жеңіл және тағам өнеркәсіптерінде 29,1%-ға артты. Экономиканың мемлекеттік емес секторындағы өндірілген өнімнің үлес салмағы 93,7% жетті. Деректерге сүйенсек, арнайы экономикалық аймақ құрылған жылдары өңір дамуында ілгерілеу болып, табысқа жетелегенін байқаймыз. Тағы да «Қызылорда» кітабындағы дерекке сүйенсек: «Экономикалық аймақ өз даму барысында тек шетел инвестициясына иек артып, қаржы жағдайын бекіту негізінде салық түсімін ұлғайту, озық технологияларды қолдана отырып жаңа өндіріс орындарын ашу, қызмет көрсету аясын кеңейту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды нысанаға алды. Бұл жоспарларды іске асыру өзара еңбек бәсекесін тудыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен септігін тигізді. Арнайы экономикалық аймақтың бұл қолайлы жағдайы халықтың әлеуметтік деңгейін көтеру мен экономикалық өсуін қамтамасыз етуді іс жүзіне асыруға зор мүмкіндік берді. Арнайы экономикалық аймақтың ашылуы шетел инвестицияларын көптеп тартуға, облыс экономикасын әлемдік іскерлік өлшемдеріне сай дамытуға жол ашты. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, көптеген бос жатқан дала осындай аймақтардың арқасында көркейіп гүлденген. Арнайы экономикалық аймақтың қаржысының 40 пайызы облыс халқының тұрмыс деңгейінің жақсаруына ықпал етуі, балалардың жәрдемақысы, зейнетақы мен жалақы уақытылы төленуі, қаламыздың көркеюі, көшіп кеткен жерлестеріміздің қайта айналып үйірін табуы, бәрі де арнайы экономикалық аймақ болуымыздың жемісі еді», – деп жазады.

Қызылорда қаласында арнайы экономика­лық аймақ құрылған кезде әкімшілік кеңес төрағасы орынбасары болған Нажмадин Мұсабаев арнайы экономикалық аймақтың облыс экономикасы үшін де, халық үшін де пайдасы көп болатынын айтты.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында эко­номи­ка­ның барлық саласында жаңа формацияға көшу оңай болған жоқ. Көп­теген қиындық болды. Халықты нарықтық экономикаға бейімдеп, ел әлеуетін нығайту мақсатын­да көп жұмыс атқа­рылды. Соның бірі – Қызылорда қала­сында арнайы экономикалық ай­мақ құрылды. Мұ­ның халыққа пай­дасы, нәтиже­сі біздің көз алды­мызда. Әсіресе, сырт­тан келетін көлік­терге, түрлі заттарға салынатын салықтан бо­сатылды. Тіпті сол кезде өзге өңір тұрғындары көлік алу үшін алдымен Қызылордаға тіркетіп, экономикалық аймақ жеңілдіктерін пайда­ланғанын жақсы білемін. Биыл жаңа әуежай ау­мағында экономикалық аймақ құрылады деген хабарды естіп жатырмыз. Мұның аймаққа көп пайдасы болатынына кәміл сенемін. Халыққа, кәсіпкерлерге, облыстың барлық саласына тигізер пайдасы жоғары, – дейді ол.

Араға 30 жыл уақыт салып, өңірде арнайы экономикалық аймақ құрылмақ. Әрине, бұл жолғы мақсат та, уақыт талабы да өзгеше. Ел экономикасын ілгерілетуге ұмтылу, шикізатқа тәуелділікті азайту, өндірісті дамыту – басты мақсат. Биылғы 13 мамырдағы Үкімет отыры­сында Қызылорда облысында «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысының халық­қа Жолдауынан туындайтын негізгі міндет­тердің бірі – аэрохабтарды дамыту, әуежай­лар­дың, автомобиль магистральдарының инфрақұры­лымын жетілдіру. Осы бағытта қаладағы халық­аралық әуежайдың жаңа терминалына ір­гелес 550 гектар аумақта «Қорқыт ата» арнайы эко­­номикалық аймағы құрылады. Бұл бастама – өңір экономикасын әртараптандыруға, мұнай өнді­рісіне тәуелділікті төмендетуге және жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастыруға бағытталған стра­тегиялық қадам. Арнайы экономикалық аймақ құрылымына авиацияға қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда, қоймалау және сақтау, сондай-ақ өнеркәсіптік аймақтары кіреді. Арнайы эко­номикалық аймақта құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, көлік-логистика, технологиялар мен инновациялар салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ құрудың белгіленген қағи­даларына сәйкес, 28 экономикалық қызмет түрінің тізбесі келісілген.

Экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуров арнайы экономикалық аймақ қатысу­шыларына салық жеңілдіктері жасалып, кәсіп­керліктің дамуына жол ашатынын айтады.

– «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы-халықаралық әуежайдың жаңа терминалына іргелес 550 гектар аумақта орналасатын болады. Арнайы экономикалық аймақтың құрылымында авиация қыз­меті, көтерме-бөлшек сауда, қойма­лау, өндірістік сектор қамтылған. Құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, логистика, технология және инновациялар салаларында 28 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Арнайы экономикалық аймақта құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика, технология және инновация салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланыпп отыр. Осылайша, жеңіл өнеркәсіпте жүн мен тері өңдеу, киім-кешек және тоқыма емес материалдар өндірісі жолға қойылады. Құрылыс саласында шыны талшықты арматура, полимер, арматураланған құбырлар, талшықты цемент бұйымдары және автоклавты газдалған бетон өндірісі бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.

«Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы­на қатысушыларына заңна­маға сәйкес бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі.

Мысалы, әлеуетті инвесторларға корпора­тивтік табыс салығынан босату, АЭА аумағында сатылатын тауарларға қосылған құн салығы, кедендік баж салығы, жер және мүлік салығы және т.б. жеңілдіктер мен преференциялар қа­растырылған. Сонымен қатар мемлекет АЭА-ны қажетті инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылыммен қамтамасыз етіп, кейіннен сатып алу құқығымен жер телімін тегін жалға береді.

«Қорқыт ата» арнайы экономикалық айма­ғы – Қызылорда облысының экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба екенін ерек­ше атап өткен жөн. Оның аясында ірі отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа өндіріс­тік қуаттарды енгізу, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу, облыстың экспорттық және көліктік әлеуетін арттыру жоспарлануда.

Жаңа жоба Қызылорда облысын Қазақстанның логистикалық және өндірістік картасында жетекші орынға шығарады деп жоспарлануда. Сондай-ақ өңір­дегі шағын және орта бизнестің дамуына зор ықпалын тигізеді.

«Қорқыт Ата» арнайы эконо­микалық айма­ғы – тек бір өңірдің емес, еліміздің индустриялық жаңғыру мен даму жолындағы стратегиялық тірегіне айналатынына сенемін, – дейді ол.

Өңір дамуында тағы бір жаңа мүмкіндікке жол ашатын «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймақ елге серпін болары сөзсіз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: