Анаға тағзым
Қызылорда облысы, бұрынғы Тереңөзек ауданы «Жаңа арық» колхозының егіс даласында айлап жүріп күндіз-түні еңбек еткен аяулы анам Қаншай Әбдірманқызы (1912-1994) және сол кезде жұмысқа айлап кеткен анамның орнына бір жастағы мені бағып-қаққан 11 жастағы аяулы апам Қаншагүлдің (1936-2015) рухына арнаймын:
Айналайын,
Асыл анам, ардағым,
Сен бәйтерек,
Мен бір бұтақ тармағың.
Тар заманда тамақ тауып бердің сен,
Ауызды ашсам «баласындай» қарғаның.
Иығыңнан түспей ауыр кетпенің,
Бір ай бопты егіс жаққа кеткенің.
Ол кезде мен бір-ақ жаста екенмін,
Есімде жоқ сенсіз «азап» шеккенім.
Анам кейін бар шындықты ағытты,
Апам мені бір ай бойы бағыпты…
Аласұрып анамды іздеп жыласам,
Арқалап ол құйрығымнан қағыпты…
Апам менен жүрсе-дағы «шаршап-ақ»,
Күндіз-түні жұбатыпты арқалап…
Ол кісінің еңбектерін өлшеусіз,
Қайтардым ба, жоқ па, ойым шартарап…
Бір ай өтіп, анам үйге келіпті,
Әбден шаршап, есіктен әрең еніпті.
Бір үзім нан өзі жемей анашым,
Жер басынан маған әкеп беріпті.
Анашымның пейілінің ағын-ай,
Мә, жей ғой деп бергенімен жаным-ай,
Бауырына тығылыппын апамның,
Алмай нанды, өз анамды «танымай»
Алдыңа АНА бар жақсыны әкеліп,
Қояр едім айды анау әперіп.
Сол кезде мен қалсам сені «танымай»,
Кешір АНА, кетсе менен қателік!
1995 ж.
Күміс күлкі көктеміңмен ерте кел!
Әйел – Ана,
Әйел – Ару,
Ертегі ел,
Сыры жұмбақ,
Нәзік жанды еркелі ел.
Аналарым, Аруларым өзіңмен,
Күміс күлкі көктеміңмен ерте кел…
Аруларды келе жатқан гүл ашып,
Алмаңдаршы тектен-текке жылатып.
Сезіммен де сеніммен де аялап,
Жүріңдерші жылы сөзбен жұбатып…
Сендер үшін ата берсін ақ таңдар,
Сырлы әлемнің сұлулығын сақтаңдар.
Сендерсіңдер жанұяның тірегі,
Тіршіліктің тауқыметін тартпаңдар!
Әйел – анық,
Әйел – бақыт, береке,
Әйелдерсіз керілмейді кереге.
Құтты болсын,
Құтты болсын, Арулар,
Көктемменен бірге келген мереке!
Туған жер
Ақын айтқандай,
Уа, туған жер ыстықсың сен өзгеден,
Ой мен қырың қалдыма мен кезбеген…
Адам түгіл қарлығаштың өзі де,
Жылан шыққан ұясынан безбеген.
Уа, туған жер ыстықсың сен өзгеден!
Киелі Қараөзектің топырағы,
Осында ойлы жандар отыр әлі.
Бұл жерден зиялылар көптеп шыққан,
Елімнің екінші ол Отырары.
Сағыныш
(1964 жылғы сыныптастарды еске алу)
Жәудіреп тура қарайтын,
Жандардан шуақ тарайтын,
Көздеріңді сағындым…
Сыйласатын сыпайы,
Сырласатын шынайы,
Сөздеріңді сағындым …
Сезімдер ішке сыймайтын,
Сездіре алмай қинайтын,
Кездерімді сағындым…
Он бір жылғы сырластар,
Орны бөлек құрдастар,
Өздеріңді сағындым…
1980 ж.
Бибімнің бұйрығы
(Қазіргі «Алтын балық» ертегісі)
– Әй, байым-ау!
Бар ма сенде жігер, намыс?
Тап тезірек қыруар табыс!
Бәрі түгел байып жатыр,
Көрші-қолаң, тамыр-таныс…
Баю керек, жұрттан қалма!
Кет! Үйден шық, балық аула!
Қармақ құрып, ауыңды сал,
Түрлі балық түсер ауға.
Ілінсе егер алтын балық,
Құлап қалма естен танып!
Мінетін «Джип», миллион доллар,
Әкел үйге сұрап алып!
Әкелмесең үйге кірме,
Жерді басып тірі жүрме!
Болмаса егер бұл тілегім,
Сен менімен өмір сүрме! –
Деп әйелім қуды үйден,
Маза кетті көңіл-күйден…
Оң сапарды бере көр деп,
Қош айтысып шықтым үйден.
Бұл бибімнің мінезі анық,
Ұстау керек алтын балық.
«Жетікөл» мен «Телікөлге,»
Жүрдім-ау мен қармақ салып…
Айлап емес, жылдап жүрдім,
Бір түсерін болжап білдім.
Сәрсенбіде сәті түсіп,
Сол балықты аумен ілдім.
Тілегімді Құдай берді,
Оңғара гөр, ісімді енді.
Судан шығып сәлем беріп,
Алтын балық былай деді:
– Не қалайсың?
Жібер мені!
Сыйға берем саған нені?
Орындаймын қолдан келсе,
Тұрмысыңның болса кемі.
– Азық-түлік бәрі де бар,
Тұрмысымның нәрі де бар.
Қос-қос көлік, бірнеше үй,
Артық дүнием әлі де бар.
Алты бөлмелі үй «Алмалыда»,
Адам қалмай «аңырап» тұр.
Он бөлмелі үй «Қарғалыда»,
Күнге күйіп қаңырап тұр.
Алтын, күміс жетіп жатыр,
Бірі келіп… кетіп жатыр…
«Жұрт қатарлы күйбең тірлік,»
Міне, осылай өтіп жатыр…
Сонда да бибім қуды үйден,
Ызаланып ашу-күймен.
Миллион мен «Джипті» мініп,
Орал деген сондай сыймен.
– Байқаймын кедей емессің,
Тұрмысың жүдеу емес тым.
Байыған сайын жылама,
Бәрібір «тойдым» демессің.
Қомағай деген жаман ат,
Болғаны жөн-ау қанағат.
Қас-қағымда күй тайып,
Болуың мүмкін қарабақ.
Деді де балық қолымнан,
Суға түсіп жоқ болды.
Айтқан сөзі жонымнан,
Дәлдеп тиген «оқ» болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!