Тарих беттерінде әлі де ашылмаған парақтар бар. Оның қадіріне жетіп, зерделеу үшін алдымен ниет керек. Ниет болмаса, бәрі бекер. Ол кезде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп», оңтайлы сәтте екі ауыз сөзді айтып қалып, алдыңғы қатардан көрініп жүретін кей ғалымдардың әрекетімен пара-пар дүние шығады. Әрбір деректің астарынан ұлттық мүддені іздеп, қазақтың кешегі өткен күнінің шынайы бағасын беру керек деп жүрген ғалым Асхат Сайлауұлы «ұлттың оянатын кезі келді» дейді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерімен әңгімеде құнды деректерге куә болдық.
– Асхат Сайлауұлы, өзіңізбен Ақмешіттің Қызылорда атануы, Қызылорданың астана болуы тәрізді тарихи деректерді талқылап, бұған дейін де сұхбаттасқан едік. Бүгінгі сөз басын қазақ тарихындағы Қызылорданың астаналық кезеңінің маңызынан бастасаңыз…
– Қызылорда – ең әуелі ұлтымыздың қазақ атауын қайтарғанымен маңызды. Оған дейін бізді «киргизы» деп атады, ал қырғыздарды «кара киргизы» деді. Тіпті граф Спиранскийдің 1822 жылғы «Сібір қазақтарының жарғысы» деген құжатында хандықты толық жойып, өзінің дербестігінен айыру мақсаты тұрды. Осы құжатта бізді «жергілікті аборигендер» деп атайды. Бұл жергілікті тұрғындар деген мағынаға келеді, бірақ бұл жерде кемсітушілік бар. Одан кейін «кайсаки», «киргизи» деген тәрізді түрлі атаулар қойды. Бұл – ұлтсыздандыру жұмысының белсенді жүруі. Қазақ деген атауды атамай, бізді жойып жіберуді мақсат еткенінен шығады. Мысалы, орыс-түзем мектебі деп атады. Неге ол орыс-қазақ мектебі емес?! Қазақтарды өз атымен атамай бұратана халық деп кемсітті.
1925 жылы қазақ деген атауды біз Алаш қайраткерлерінің арқасында алдық. Дінше Әділовтің тергеудегі берген түсініктемесінде «Сұлтанбек Қожанов пен Қоңырқожа Қожықов, барлығымыз түскі ас іштік. Сол кезде Қоңырқожа Қожықов «Қызылды біз большевиктерге жағу үшін, ал Орда деген сөз – өзіміздің қазақ сөзі» деп айтты» делінген.
– Әрине, Қызылорда сөзін Алтын орда сөзімен мағыналас деп бұған дейін де айтып жүрміз. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Осы жерде тоқтала кетерлігі, әлгінде ұлт атауына байланысты сөз қозғадыңыз ғой. Яғни, сьезд 15-19 сәуір аралығында өтті. Ұлт атауын қайтарған күн де ұлықталу керек шығар…
– Ұлт атауын қайтарған күнді біз Республика күні ұлттық мерекесі етіп бекітуіміз керек. Біз сол атауды алған кезде автономиялы республика болдық. Оған дейін Ресейдің отарында болдық. Олар бізді губернияға бөліп тастады, дәстүрлі шаруашылығымыздан айырды. Әр губернияның өзінің орталығы болды. Бір губернияның қазағы екінші губернияға кіре алмайтын еді. Мұның барлығы қазақты бөліп-жарып, басын қоспай, біртіндеп құртудың амалы еді. Міне, сол губерниядан кейін автономиялы республика болғанымыз – тәуелсіздіктің алғашқы қадамы еді. Міне, сол 15-19 сәуір аралығындағы бір күнді белгілеп, Республика күні ұлттық мерекесі етіп алсақ, қандай жарасымды. Міне, осыдан кейін тәуелсіз Қазақстанның іргетасы Қызылордада қаланды деп қалай айтпайсың?! Бұл күнді ұлттық мереке етіп тойлайтын уақыт жетті. Оған тарих әлдеқашан өз бағасын беріп қойған.
– Қызылорданың астаналық кезеңінде ерекшелеп айтатын қандай тың деректер бар?
– Біздің өңірде сол уақытта мемлекеттік баспахана жұмыс істеді. Осы кезде 1925-1932 жылдар аралығында Қызылордада жарық көрген кітаптарды іздестіріп жатырмын. Тіпті 1935 жылға дейін шыққан кітаптар бар. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Ауыл пионерлерінің ойыны мен өлеңдері», «В вагонах смерти Атамана Анненкова», «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар», «Ұйым мен еңбек шарт – жалшылар қорғаны», «Экспресс» және «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» кітаптары шыққан. Бейімбет Майлиннің 15 кітабы осы Сыр топырағында басылған. Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» еңбектері жарыққа шықты. Сондай-ақ Міржақып Дулатовтың, О.Бековтің, Жүсіпбек Аймауытовтың Қызылорда астана болғанда осында жарық көрген кітаптарымен танысып жатырмыз. Мұның барлығын онлайн кітапханадан алдық. Біздің өңірде жоқ кітаптар. Төте жазумен және латын қарпімен басылған.
Көріп отырсыз ба, біз осындай жұмысты жалғастыра беруіміз керек.
– Тарих қойнауындағы осы деректерді жинақтап, Сырдағы баспаханада басылған кітаптарды жинаудың өзіне көп уақыт керек шығар…
– Менің ойымша, әрі кетсе бір жылда біз түгендеп болар едік. Әрине, арнайы жоба дайындап, кешенді жоспармен іске кірісу керек. Қазірдің өзінде қайраткерлердің кітаптарын онлайн үлгіде алып жатырмыз. Цифрландырудың үлкен бір көмегі тиіп жатыр.
Бірнеше жыл бұрын белгілі ғалым Серікбай Қосанов Қызылордаға келіп еңбек етті. Сол кісі «Алаш кеңес қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі» атты көптомдық шығарайық деген ұсыныс берген болатын. Бірақ ол ұсыныс қабылданбады. Егер сол ұсыныс қабылданғанда биылғы ғасыр тойына ерекше тарту, ең керемет жаңалығы болар еді…
– Ағарту жұмысы қалай жүрді ол кезде? Алаш қайраткерлері де тынбай еңбек етті. Осы жұмыстар тарихтан бағасын алды ма?
– Мұнда Қазақ халық ағарту институты жұмыс істеді. Онда Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов тәрізді қайраткерлер еңбек етті. Олардың осы Қызылордада еңбек еткен уақытындағы құжатын алдыртсақ, ол да бір жақсы жұмыс болар еді… Құжат жоқтың қасы.
– Сөзіңізді бөлгеніміз үшін айып етпеңіз. Өзіңізбен бірге Алаш қайраткерлерінің тұрған үйлерін араладық. Көбінің орнын да білмейміз, тек тұспалдап айтамыз. Көп ғимаратты сақтай алмай қалдық. Бұл шындық қой…
– Әрине. Біз түгендеп жатқан жоқпыз. Көп нәрсені қираттық. Сол арқылы тарихымыздың бір парағын жұлып тастап жатырмыз. Өкінішке қарай, таба алмай қалдық. Бірақ әлі де кеш емес. Сол орындарға ескерткіш тақталар қойсақ… Қазіргі таңда Алма Оразбаеваның тұрған үйінде белгі бар. Осы ұлылар мынадай жерде тұрған екен, осы жермен жүрген екен деген ой халықтың санасында қалыптасар еді. Теміржол вокзалымен дәуірлес «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ «Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі» филиалы Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясы Қызылорда электрмен жабдықтау ауданының ғимаратының өзін 1925 жылы түсірілген видеодан танып, суретке түсіріп алдық. Ол да мемлекеттің қорғауына алыну керек. Осы тәрізді қорғауға алынбаған қанша нысан бар. Тіпті ескерткіш тақта қоюға жарамай жатырмыз, ал олар ұлтты аман алып қалу жолында басын бәйгеге тікті.
– Ең бастысы, Қазақ орталық атқару комитетінің орны қазір…
– Иә, дүңгіршектер мен базарға айналған. Көне базар маңындағы Қорқыт ата ескерткіші, амфитеатр бар. Сол маңдағы дүңгіршектердің орнында тарихи ғимарат болған. 1990 жылдары белгісіз себептермен бұзылып кетті. Бұзыларға дейін оның екінші қабатын қостырып, тұтастай жүйке аурулары ауруханасы етті. Бұл кеңестік идеологияның қарқыны. Қазақ атауын қайтарған ғимаратымызды, кешіріңіздер, жындыхана қылды. Бұл жерге де ескерткіш тақта қойылу керек. «Бұл жер – қазақ деген атауды қайтарған жер» деген сөздің өзі еңсеңді тіктеп, туған жеріңнің қадірін арттырып, қасиетін сездіреді. Бәлкім, сол жағалаудағы осы ғимараттың көшірмесін дәл өзінің орнында салу керек пе еді?! Сонда санада жаңғыру қалыптасар еді… Қазір сол жағалаудағы ғимаратқа барған адам «Бұл қандай ғимарат» деп ойланары кәдік. Ал мына жерде тұрса айтпаса да түсінер еді, сол тарих санаға сілкініс беріп тұрар ма еді?!
Ал өз орнына қойғанда бір үлкен кешен болар еді. Арғы жағында әскери казарма тұр, мына жағында Қазақ мемлекеттік баспасы тұр, ортасында Қазақ атқару комитетінің ғимараты бар, бері қарай шіркеу, «Айтбай» мешіті, монша ғимараты… Мұның барлығы сол кездегі қаланың бір көрінісі болып қалыптасып тұра берер еді ғой…
Қазіргі қолда бар тарихи ғимараттарды түгендеуіміз керек. Олардың барлығы бұзылса, ешнәрсе де қалмайтыны шындық. Осы кезге дейін жоғалтқанымыздан сабақ алып, бар нәрсені алып қалу керек. Бұл ретте Қызылжардан үлгі алсақ деймін. Көненің көзіндей қанша дүниені аман алып қалған.
– Алаш қайраткерлеріне қайта оралсақ… Еңбектеріне тағы бір тоқталсақ…
– Гүлнар Дулатова апамыздың естелігінде «Біздің өміріміздің ең жаймашуақ күндері Қызылордада өтті» деген жол бар. Қызылорда – Алаш қайраткерлерінің ең ұзақ жұмыс істеген жері. Мұнда Әлкей Марғұлан да, Қаныш Сәтпаев та келді. Тұңғыш инженер Мұхамеджан Тынышбаевтың да ізі қалды. «Сарқырама» каналы – сол кісінің туындысы. Қызылорда – 382 жылдық Қазақ хандығының тарихында халқымыздың өзі салған қала. Бұл туралы ғалымдар да айтып жүр. Сол кезеңдегі халық Алаш қайраткерлерінің идеясын түсінбеуі мүмкін. Олар – заманынан озып туған адамдар. Олардың идеясын көбі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп, енді ұғынып жүр. Егер де біз тек қана Алаш қайраткерлеріне арналған арнаулы музей ашсақ, Алаш қайраткерлерінің алдындағы парызымызды орындағандай болар едік.
– Сол жағалаудан ашылғалы жатқан жаңа музейде мұндай бастама бар болар…
– Әрине, ол музейде бұл қамтылған. Мен тек қана Алаш қайраткерлеріне арналған дегенді баса айтып отырмын. Осы бағытта ашылса…
Ал сол жағалаудағы музей – ұлт руханиятын қолдаудың үлкен бір көрінісі. Бұл нысан жаңа технологиямен жабдықталады. «Алаш кеңес зиялылары» атты бөлім, экспозициялық зал бар. Сонда қайраткерлерді 2D үлгісіндегі суреті сізді қарсы алады. Кәдімгі алдыңызда Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялыларының өзі тұрғандай әсер қалдырады. Қасына барып, бірге суретке де түсе аласыз. Бұл музей Ұлттық музейден кейінгі орындағы ең бір мықты, алып нысан болғалы тұр. Облыстарда мұндай керемет жоқ, тек бізде ғана.
Мен жоғарыда айтып өткен ұсыныс толық болмаса да, бір бөлігін орындап жатырмыз. Қазіргі музей директоры Сапар Алиасқарұлы бастап, 1925-1932 жылдардағы Қызылордадан шыққан, бірақ өзімізде жоқ, сирек кездесетін әдебиеттерді тізіп, жасақтаудамыз. Оның барлығы қазіргі «Ақмешіт» музейіне орналастырылып, «Алаш әдебиеті» музейі болып ашылады. Қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Фото-архивтік құжаттарды жинақтап жатырмыз.
– Міне, керемет. Қызылорданың астана болған кезеңіндегі Алаш үшін қаншалықты маңызды болғанын осыдан-ақ айқын аңғаруға болатын тәрізді…
– Иә, мен бұл ретте белгілі жазушы, драматург Әнес Сарай «Торғай – Алаштың табаны, Жымпиты – жұлыны, Семей – өзегі» деген сөзін мысалға алып, «Қызылорда – Алаштың жүрегі» деп айтуға толық негіз бар екенін жеткізіп жүрмін. Жүрегі дегенде өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Ұлтымыздың ұлық атауын осында қайтарып, автономияны да осында құрдық. Қазақтың санасына сілкініс берген қанша әдебиеттер осында шықты. Ұлт театры да осында ашылды. Ал қазақтың өзі салған жалғыз қаласы, жай ғана қала емес, астанасы екенін айтсақ, оның да әжептәуір салмақ беріп тұрғанын ұмытпау керек.
– Сұхбаттатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!