Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылды.
Жаңа Ата заң қазақ елінің Тәуелсіздігін, Егемендігі мен аумақтық тұтастығын мызғымас құндылықтар қатарына жатқызады. Демек, жаңа Конституция бірінші кезекте қасиетті Тәуелсіздігімізді қорғауға бағытталған.
Оның негізгі философиялық өзегі – халық билігі, құқық үстемдігі және әділеттілік қағидаттары. Құжатта Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіліп, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалады. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені нақты көрсетіліп, билікті жүзеге асырудың негізгі тетіктері ретінде сайлау мен референдум институттары бекітіледі.
Ата Заңымыздың жаңа жобасының басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Яғни, біздің басты байлығымыз адами капитал мен азаматтарымыздың жетістігі. Бұл бағыттар Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды, себебі ғылым мен инновация экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жаңа Конституция ұлттық құндылықтарымызды сақтайды. Мұнда неке ұғымы тек ер мен әйелдің арасындағы тең әрі ерікті одақ екені нақты жазылған. Бұл норма өскелең ұрпақты қазақтың болмысына жат идеялардың әсерінен қорғауға арналған.
Конституция жобасындағы түбегейлі өзгерістердің бірі – мемлекеттік басқару жүйесін институционалдық тұрғыда жаңарту. Осы тұрғыда Вице-президент институтының енгізілуі ерекше маңызға ие. Вице-президент мемлекетті басқаруда сабақтастықты қамтамасыз етіп, Президенттің тапсырмасы бойынша ішкі және сыртқы саясатта өкілдік функцияларды атқарады. Бұл лауазымның саяси партиялардан тыс болуы атқарушы биліктің бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң шығарушы билік жүйесінде де елеулі өзгерістер ұсынылады. Конституция жобасына сәйкес, бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Құрылтай 145 депутаттан тұрып, пропорционалды сайлау жүйесі негізінде қалыптасады. Бұл өзгеріс заң шығару процесін оңтайландырып, саяси жауапкершілікті арттыруды көздейді.
Халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту мақсатында Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа институт енгізіледі. Халық Кеңесі – жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ететін, қоғамдық пікірді жүйелеп, заң шығару бастамасына ықпал ететін жоғары консультативтік орган ретінде айқындалады. Бұл орган азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтудың жаңа форматына айналады.
Қорытындылай келе, 2026 жылы жарияланған Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасы – мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, адамға бағдарланған, әділетті және ашық қоғам құруға бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат. Ол халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде орнықты дамуына берік негіз қалайды.
Ескеретін жайт, Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда e-Otinish және eGov порталдары арқылы ұсыныстар қабылдануда.
Жалпы, жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтын болады.
Гүлшат Мұсаева,
«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы,
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!