«Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауының нүктесін қала іргесіндегі қызылжармалық өнерпаздар қойды. Ауыл тұрғындары шаһар тойына ерекше дайындықпен келген. Салтанатты шара орталық алаңға кіреберістен-ақ басталды. «Ғасыр сөйлейді» атты көрмеде осы жылдарға дейін Сыр елінің бас қаласы – Ақмешіттің дамуына атсалысқан тұлғалардың суреттері мен өмір деректері көрсетілді. Ақ кимешек киген әжелеріміз сабау сабап, жүн түтіп, байырғы дәстүрді жаңғыртып отырды. Ал Қызылжарма тұрғындарының қолдан жасалған бұйымдары да көрмеге көрік сыйлап тұрғандай еді…
Суретті сөйлеткен шебер балалар да қолына бояуы мен қағазын алып, орталық алаңдағы жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Текемет тоқыған аналарымыз қазақтың қолөнерінің шоқтығын биіктетіп тұрды. Сабаға қымыз сапырып, ағарғаннан ұсынған жұрттың бас шаһарға деген ықыласы да бөлек. Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев пен Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Шәріп Әбдірахманов бастаған зиялы қауым өкілдері көрмені аралап, елдің өнеріне оң бағасын берді.
Көркемөнерпаздар алдымен сахналық қойылымы арқылы көпшілік көңілін тапты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін өнерін арқалап келген салтанатты кеште Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев сөз сөйлеп, елдің мерейін үстем еткен мерекемен құттықтады. Алаштың ордасы болған Ақмешіттің қазақ тарихындағы алар орны мен маңызына тоқталды.
Мерекелік кеште Қызылжарма халқы ұлттық биден бастап, заманауи би, ұжымдық әндер, хор тәрізді түрлі жанрда өнер көрсетті.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!