Астана – болашақтың қаласы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана – болашағы зор қала» деп атап айтқандай, жастардың қай салада болсын жұмыс істеуге, білім алуына және демалуына мүмкіндік көп.
Мереке қарсаңында елордаға арман қуып көшіп келген қызылордалықтарға хабарластық. Оның бірі – Айгүл Шокенова.
Мен үшін сиқырлы қаладай сезілді
– Астана күн өткен сайын қарқынды дамып қана қоймай, бүкіл әлем тамсанатындай қалаға айналды. Мұнда жастардың өсуіне мүмкіндік көп. Яғни түрлі сала бойынша сұраныс артып келеді. Сондықтан жастар болашағын жоспарлап, арманына қол жеткізе алады деген сенімдемін. Мен 24 жасымда бағымды сынап көру үшін келген едім. Шыны керек, елорда мен үшін сиқырлы қаладай көрінді. Себебі өмірім түбегейлі өзгерді. Алға қойған мақсатым келген күннен бастап қиындықсыз орындалды. Бәлкім, Астана мені жаздың жылы шырайымен қарсы алғандықтан болар. Жолым болып, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына мейірбике болып жұмысқа орналастым. Елордаға келгендегі қадамым оң болып, әріптестерім де жылы қабылдап, ортаға тез бейімделдім. Уақыт өте бақытымды елордадан тауып, отбасын құрдым. Қазіргі таңда жолдасым екеуміз кәсіп ашып, 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Келешекте балаларымның осы қалада болашағына жоспар құрып, арманына қол жеткізіп, еліміздің өсіп-өнуіне үлес қосса деймін. Себебі Астана армандар орындалатын, жастардың қаласы. Осында көшіп келгеніме биыл 13 жыл болды, – дейді Айгүл Шокенова.
Жарқын Болашаққа
қадам бастық
Астанаға арман қуып келгендердің бірі – әріптесіміз Әсия Нұрлыбаева. Бұған дейін Әсия Сыр еліндегі «Qyzylorda» телеарнасында тележүргізуші қызметін атқарса, қазіргі таңда Астана қаласындағы 24kz телеарнасында тілші, тележүргізуші.
– Әсем қала Астана – алға қойған жоспарды жүзеге асыруға, арманға қанат қақтыратын үлкен қала. Елорда заманауи үлгідегі сәулеті келіскен зәулім ғимараттармен әдемі. Қаланың күннен күнге көркейіп келе жатқан көрінісіне қарап сүйсінеміз.
Астанаға арман қуып көшіп келдік. Алайда өзімді Астананың тұрғыны болдым деп айта алмаймын. Себебі көшіп келгенімізге 1 жылға жуықтады. Елорда бізді суығымен қарсы алып, қорқытқан еді. Десе де ертеңімізден үміт үзбей, келешекке нық сеніммен қарадық. Астанаға келгелі ойым, болашаққа деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Келешекте балаларымыздың осы әсем қалада өсіп, білім алып, арманына қол жеткізсе деген арманым бар. Туған жерім мені тұлға етіп қалыптастырса, елорда жарқын болашаққа қадам басуға мүмкіндік берді, – дейді Әсия Нұрлыбаева.
Елорда еңбек етуге үйретеді
Бүгінде елорданың жергілікті тұрғынына айналған Сыр елінің азаматы Астанаға қалай келгенін айтып берді.
– Бастауышты бітірген кезімде әкем жұмыс бабымен елордаға ауысты. Алғашында әкем Астанаға өзі барып, еңбек демалысында келіп тұратын. Көп ұзамай отбасымызбен көштік. Шынын айтсам, алғашында туған жерімді, достарымды қимадым. Бұл кез келген бала үшін стресс. Жаңа ортаға сіңіп кету оңайға түспесін білдім. Алайда Астанаға кіріп келе жатқанда, пойыздың терезесіне үңіле қарап, қандай әдемі қала деп тамсанып қарадым. Бала болсам да елордаға көшіп келгеніме қатты қуандым. Ал жаңа мектепке барғанда, мені жақсы қарсы алды. Жаңа достар таптым. Бүгінде Астанаға көшіп келгенімізге 18 жылға жуықтады. Осы жылдың ішінде Астана көркейіп қана қоймай, бүгінде білім мен ғылым жағынан, технология, жасанды интелект және тағы да басқа қырынан да дамып келе жатыр. Бұл қала кез-келген адамды тәртіпке, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа үйретеді. Қаланың айнадай таза болуы да адамдардың мәдениеттілігінде. Әрине, Астана әсем қала, бірақ өзге қалалардан суығымен ерекше, – дейді Айбек Зікірияұлы.
Кейіпкерлеріміз айтқандай, бас қаланың ерекше тұстары бар. Десе де тұрғындар үшін ең басты нәрсе – қауіпсіздік. Global Peace Index зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан қауіпсіздік деңгейі бойынша 50 елдің қатарына кіреді. Бүгінде елорда Орталық Азиядағы ең қауіпсіз қалалардың бірі болып саналады.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!