Дәл осы мәселе апта басында Үкімет отырысында талқыланды. Бүгінде жаз бойы еңбек еткен диқандардың егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Дәл қазіргі мақсат – өнімді шашау шығармай жинап, теріп алу. Науқанның уақытында аяқталуы өте маңызды. Биыл елімізде егін жинау науқаны бойынша рекордты түсім болады деген болжам бар. Себебі, қазіргі күзгі науқан былтырғыдан да қарқынды жүруде. Шаруалар да қолдаусыз емес.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов егін жинау науқанының барысына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің азық-түлікті өзі өндіруі қажет екенін және ішкі нарықтың шетел өнімдеріне тәуелділігін азайту маңызды екенін айтты. Бұл мақсатқа жетудің негізгі шарты – егінді сапалы әрі уақтылы жинап алу. Үкімет егіс науқанына қажетті жағдайдың бәрін жасады. Қомақты қаражат бөлінді, шаруалар техникамен, жанармаймен, өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Енді ең бастысы, алқаптағы жұмысты дер кезінде бітіру, – деді Олжас Бектенов.
Көрсеткіш көңіл көншітеді
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, экспорттау, саланы дамыту мәселелері Президент Жолдауларында айтылып, тиісті бағдарламалар қабылданды. Сол тапсырмаларды нәтижелі жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзіне сүйенсек, 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылған. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 700 млрд теңге жұмсалған. Яғни, диқандарға қажетті техникалар мен жанар-жағармайын, керек-жарағын алу үшін көрсетілген көмек ауқымды. Осыған сәйкес, егін жинау науқанының көрсеткіші көңіл көншітеді.
– Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландыру жасалып, қолайлы ауа райының нәтижесінде вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы, егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді дақылдар. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды. Жалпы, 24 млн тонна астық жинаймыз ба деген болжам бар. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді, – деді А.Сапаров Үкімет отырысында.
Маңдай тердің өтеуі
Рас, қыста картоп пен сәбіз бағасы шарықтайды. Сондықтан бағаны тұрақтандыру мақсатында өзіміздің жерден шығатын өнімдердің мол болғаны абзал.
Ауыл шаруашылығы министрінің сөзіне сүйенсек, республика бойынша астық сақтау көлемі – 30,7 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіс астығынан 3,1 млн тонна астық келіп түскен. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 есе артық.
– Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай өнімі былтырғы деңгейде болмақ. Күріштің де жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан аспақ. Бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды, бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі. Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдермен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді. Картопты 2,7 млн тонна көлемінде жинау ойда бар, оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Шаруаларда құны килосына 90–120 теңгені құрайды. Сондай-ақ 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, килосына 50–60 теңгеден сатылады. Шаруаларда 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір килосы 85–95 теңгеден болатын, шамамен 100 мың тонна сәбіз бар, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Егін жинау мерзімінен кешікпеуі керек
Сыр өңірінде күзгі науқан кезіндегі жұмыс қызу. Шаруалардың еңбектерін жауын-шашынға қалмай, уақытында жинап алу ортақ міндет. Осы мақсатта аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
– Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды. Өңірімізде егін жинау жоспар бойынша қазан айының 15-нен кешікпей аяқталуы тиіс. Қала, аудан әкімдіктері, жұмысты мерзімінде бітіруге күш салу керек. Ол үшін шаруашылықтарды қажетті дизель отынымен толық қамтамасыз ету маңызды. Бүгінде күзгі егін жинау жұмыстарына бөлінген 10400 тонна арзандатылған дизель отынының 5500 тоннасы жеткізілген. Дегенмен, шаруашылықтардың дизель сатып алу көрсеткіштері әлі де төмен. Қала, аудан әкімдіктері, мәселені қатаң бақылауға алып, қыста шаруашылықтардың толық есептесуін ұйымдастырыңыздар. Бөлінген дизель отыны игерілуі керек. Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес күрішті кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін өзге дақылдардың көлемін арттыруымыз қажет. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу – заман талабы. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2026 жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдау шараларына облысымызға 9 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған қолдау. Осының арқасында егіс құрылымын әртараптандырып, оның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін ұлғайтуымыз керек. Оның ішінде, күрішті тамшылатып суару әдісімен егуді қолға алуға тиіспіз, – деді Н.Нәлібаев.
Ал, қала бойынша қазіргі уақытта шаруашылықтар жоңышқа орымын аяқтап, шөп дайындау жұмыстарын атқаруда. Бау-бақша өнімдері де межелі уақытында жиналуда. Осы уақытқа дейін күріштің 1 275 гектары орылып, 1024 гектары бастырылған. Орта өнім 52 центнерден келуде. Егін жинауға қажетті жанар-жағар май жеткілікті деңгейде. Қалалық диқандар күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алуды мақсат етуде.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!