Жақында өткен «Digital Qazaqstan 2026» халықаралық форумы еліміздің IT әлемі үшін елеулі жаңалықтармен есте қалды. Соның ішінде ұлттық стартап-батлда топ жарып, 5 миллион теңге грант ұтып алған «Cortex AI» жобасы ерекше назар аудартты. Жоба авторы – Astana IT University студенті, қызылордалық Асылжан Абдуллаев. Ол жасап шығарған мультимодальды онкоагент қатерлі ісікті ерте диагностикалауда және бүйрек трансплантациясындағы күрделі мәселелерді анықтауда жаңа шешім. Бірегей жоба жайында жас өнертапқышпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– «Digital Qazaqstan Battle» байқауында жүлдегер атандыңыз. Қайтарымсыз қаржы жобаның дамуына қалай әсер етті?
– «Cortex AI» жобасының мұндай белесті бағындыруы – біздің команда үшін үлкен мотивация және еңбегіміздің нақты бағалануы. Бұл жетістік бізге жобаны әрі қарай дамытуға, клиникалық сынақтарды кеңейтуге және технологияны нақты медицинада қолдануға айтарлықтай жақындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл біз таңдаған бағыттың өзектілігін және қоғамға қаншалықты қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
– «Cortex AI» жүйесінің мақсаты қандай?
– «Cortex AI» командасының миссиясы – жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, медицина саласын жақсарту және адамдардың өмірін сақтап қалу. Біз заманауи технологияны құрғақ сан емес, адамзатқа нақты пайда әкелетін сенімді құралға айналдыруды мақсат етеміз.
– «Cortex AI» жүйесінің қызметін түсіндірсеңіз…
– Cortex AI – бұл трансплантация алдында ағзаның қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын жасанды интеллект жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, біз дәрігерлерге күрделі отаға дейін «осы трансплантация сәтті бола ма, әлде қауіп жоғары ма?» деген өзекті сұраққа нақты жауап беруге көмектесеміз. Трансплантация – өте күрделі процесс. Біздің жүйе ота басталмай тұрып «донор бүйрегі науқасқа сәйкес келе ме?» «болашақта ағзаны қабылдамау қаупі бар ма?» деген сұраққа жауап іздейді. Бұл – медицина мен цифрлық технологияның бірлесе болжау арқылы қауіпті төмендету.

– Неліктен бүйрек трансплантациясы мен кейінгі асқыну қаупін болжау тақырыбына тоқталдыңыз?
– Бұл идеяға трансплантация саласындағы күрделі мәселе – ағзаның қабылданбау деңгейінің жоғары болуы түрткі болды. Өкінішке қарай, әлемде жыл сайын мыңдаған ота жасалғанымен, олардың шамамен үштен бірі сәтсіз аяқталуда. Біздің жобамыз тәуекелді алдын ала анықтауға болатын, дәрігерлерге септігін тигізсе екен дедік.
– Жобаны әзірлеу барысында қандай медициналық мәселені шешуді басты мақсат етіп қойдыңыз? Жүйе науқастың жағдайын қандай деректер негізінде талдайды?
– Жобаны әзірлеудегі басты мақсат – трансплантация нәтижесін жақсарту және науқастың өмір сүру ұзақтығын барынша арттыру. Яғни, жасанды интеллект көмегімен дұрыс донор-реципиент жұбын таңдау арқылы түрлі асқынулардың алдын алуды көздедік. Жүйе науқастың жағдайын генетикалық деректер, атап айтқанда HLA сәйкестігі, биомаркерлер, клиникалық көрсеткіштер және логистикалық факторлар негізінде болжайды. Жалпы алғанда, 30-дан астам күрделі параметр талданады. Бұл дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, себебі бұрын бірнеше сағат немесе тіпті күн қажет ететін талдау процесі біздің жүйеде небәрі бірнеше секундта жасалады.
– Жүйенің басты артықшылығы неде: жылдамдық па, дәлдік пе әлде ерте диагностика ма?
– Жүйенің басты артықшылығы – тек жылдамдық немесе дәлдік қана емес, ең бастысы – ерте болжау мүмкіндігі. Біз отаға дейін қауіп деңгейін анықтай аламыз, бұл медицина үшін өте маңызды қадам. Жүйенің дәлдігі 84%, ал талдау уақыты 12 сағаттан 33 секундқа дейін қысқарады.
– Асқынуларды ерте болжау науқас өміріне нақты қалай әсер етеді?
– Асқынуларды ерте болжау науқастың тағдырына тікелей әсер етеді. Бұл дәрігерге дер кезінде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде трансплантаттың қызмет ету мерзімі ұзарып, пациенттің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады. Жоба барысында білікті дәрігерлермен және медициналық сарапшылармен тығыз жұмыс жасадық. Олардың тәжірибесі жүйені дұрыс бағытта дамытуға және медициналық талаптарға сай етуге көмектесті.
– Бұл жүйені отандық ауруханаларға енгізу жоспарда бар ма?
– Қазіргі уақытта жүйені Қазақстандағы медициналық ұйымдарға енгізу жоспарымызда бар. Біз қазірдің өзінде бірнеше пилоттық орталықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта бұл цифрлық шешімді еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолдануға мүмкіндік туады деп сенеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!