Сәрсенбі, 03 қыркүйек, 12:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66, 2179
03.09.2025
PDF мұрағаты

Асылжан Жаманқұл, Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры: Шын жүйрік бұқаралық спорттан шығады

03.09.2025

33 0

Спорт сергектікті қалайды. Күнделікті дағды мен бірқалыпты тіршілік спортқа жат. Үнемі қозғалыста, үнемі дамуда болуы қажет. Біз өңір спортында белгілі тұлға Асылжан Зұлфықарұлымен сұхбатта осы ұғымды түсіндік. «Спортты дамытудың бірденбір тетігібілікті маман, кадрлерді дайындау» деп кесіп айтты ол. Кадр қадірлі болғанда ғана, істің алға басатыны мәлім. Сан мыңдаған спортшыға ұстаз болған Асылжан Жаманқұлмен Сыр спортының бүгіні мен ертеңі жайлы пікірлескен едік

Асылжан Зұлфықарұлы, өңір спортының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген маман ретінде аймақтағы осы саланың дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Қызылордадағы спорт саласының өрлеу, жаңару кезеңі Садық Мұстафаев басқарған тұстан басталды.  Ол уақытта бізге спорт саласының ішіне ену қиын болды. Бұрыннан келе жатқан байырғы мамандар сол қалыпты тіршілігімен жүре бергенді жақсы көрді. Сол уақытқа дейін де 30-40 жыл басқарып, жаңашылдықтан тыс қалған. Мұстафаев келгеннен бастап жан-жақтан мамандар тартып, әрбір істі қолынан келетін адамға тапсырды. Сырдағы спорттың жарқын мектебі сол уақыттан бері қалыптасты. Бұрын республика бойынша соңғы орында тұрсақ, бертін келе алғашқы орындарға шықтық. Мұның арғы жағында үлкен еңбек, маңдай тер тұр. Бізге енді керегі – осы мектепті жоғалтып алмау. Айқын мақсат, белгілі жоспар тұр, осы бағытта жұмыс істеу керек. Спорт – бір деңгейге жетіп тоқтап қалатын емес, сол биіктен де әрі қарай асқар шыңдарға бағыт алатын сала. Сөзбен емес, іспен көрінетін жер.

Кейінгі уақытта ұлттық спорт екінші орында қалған сияқты. Бұл қанымызға сіңген қастерлі дүниеге қиянат емес пе?

– Әуел бастан Қызылорда облысындағы басты орынға қойылған бағыт – олимпиадалық спорт түрі. Бірақ ұлттық спорт түрлері қатар, бірге, бір деңгейде дамып отырды. Содан кейін бұқаралық спорт екі спорт түрінің алдында, бірінші кезекте қолға алынған. Өйткені, барлық спорт түрінің іргетасы – бұқаралық спорт. Таразының басы осылай тең ұсталу керек. Елдігіміздің айбыны ретінде әлемдік деңгейде көк туды көкте желбірету мақсатында олимпиадалық спорт түріне басымдық беру, ол – әрине бар. Бірақ қалған екеуін де өгейсітіп алмауымыз керек.

Асылжан Жаманқұл, Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры: Шын жүйрік бұқаралық спорттан шығады

Шын жүйріктер қайдан шығады?

– «Жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар» бұқаралық спорттан шы­ғады. Біздегі кез-келген спорттың, тіпті әлемді аузына қаратқан олимпиадалық спорттың да ірге­тасы – бұқаралық спорт. Осы сөзімді қайталап айтамын. Біз бұны ұмытып кетпеуіміз керек. Спорттағы бұл жүйе пирамида тәріздес. Пирамиданың қазығы бұқаралық спорт болса, шыңға бағыт алғаны – олимпиадалық спорт. Ал қазақтың бұқаралық спортының іргетасы – ұлттық спорт. Кішкентай баланың асық ойнауы, ләңгі ойнауы, садақ атуы, атқа мінуі, жамбы ату, найза лақтыру, қыздардың бестас ойнауы – мұның барлығы қанымызда бар ұлттық спортымыздың бастауы. Көрдіңіз бе, бір-бірін толықтырып тұр. Үш таған тәрізді. Оның бірі осал болса, шайқалып тұрады. Біз осы нәрсені басты ұстаным етіп алуымыз керек. Бұл жерде ешкім жаңадан велосипед ойлап тауып жатқан жоқ. Мысалы, кубалықтардың әуелі бокстан таны­латыны, аргентиналықтар мен бра­зилиялықтардың футболдан чемпион болатыны да осы пирамида үлгісінің дұрыс қалануынан. Өйткені, футбол мен бокс – олардың ұлттық ойыны. Бұл – олардың барлық спорт түрлерінің бастауы, іргетасы. Бізде де солай, іргетас ұлттық спорттан қалануы керек.

Қазір аралас жекпежек түрі кең дамып келе жатыр. Халықтың да, спортшылардың да қызығушылығы зор сияқты

– Иә, оның жүлдесі тіпті олим­пиадалық спорт түрлерінен де асып түскен жағдайлар бар. Шавкат Рахмоновты қазір бәрі таниды. Халықтың қошеметі ерекше. Бізге бір орында тұрып қалып, тек мына спорт түрін дамытуымыз керек деген қағида келмейді. Заманның ағымымен, халықтың ықыласымен де санасуымыз керек. Мұны да қолға алсақ, жаман болмаймыз.

Әрине, сөзіңіз орынды. Бірақ осы нәрсені қолға алуға, дамытуға не жетпейді? Бәлкім, жаңаша көзқарас керек шығар

– Маман керек. Бұл сұраққа әріден жауап бергім келіп отыр. Мені қуантатыны, әрбір ауылда спорт кешендері салынып жатыр. Алақандай ауылдың төрінде бо­лашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік бар. Қызылордада бұрын-соңды болмаған «Қызыл­орда-Аренаның» өзі неге тұрады? Мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған кешендерге дейін бар. Салынып жатқан спорт сарайлары мен стадион­дардың саны да жетерлік. Бұлар­дың барлығын ашып, пайдалануға берілген соң не керек? Білікті кадр керек. Қызылордада мұндай кадрды дайындайтын бір ғана мекеме бар. Ол – Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы атындағы мектеп-интернат-колледжі. Мұнда біз спорт түрлерінен дайындайтын жат­тықтырушылар тәрбиеленеді. Міне, осы кадрлерді қолдау керек. Ертеңгі күні жоғарыда біз айтып кеткен нысандар ашылып, ондағы функционалдық қызметтердің бар­­лығы дерлік игеріліп, елге пай­дасы тиюі үшін сол жерлерге мықты кадрлер бару керек.

Демек, ананың туысы, мына­ның танысы деген нәрсе спортта жүрмейді деген сөз ғой бұл

– Әрине, ол жердегі жауапкер­шілік жүгінің артында ұлттың мүддесі тұрады. Қаншама баланың болашағы бар. Сапасы жоғары деңгейде салынып жатқан әрбір нысанға білікті, білімді, тәжірибелі маман барса, онда нәтиже де, көрсеткіш те жоғары болады. Сон­дай мамандарды дайындайтын біз жоғарыда айтып өткен Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы атында­ғы мектеп-интернат-колледжі. Олай бол­са, біз іргетасынан бастап, нық­тап, сол оқу орнының базасын нығайтып, заманауи оқу ордасына айналдыруымыз керек.

– Кадр туралы айтып қал­дыңыз. Біздің «Қайсар» қазір легионерлерсіз ойнап жүр. Сіздің де түпкі ойыңызда осындай ма­ғына жатқан сыңайлы.

– Дұрыс айтасыз. Біз бұл жағ­дайға да қатты қуандық. Жақсы емес пе, өзіңнің еліңнің баласы атқа шауып, бәйге алып жатса… Қандай бақыт. Біздің әрбіріміздің кеудемізде осындай ұлы мақсаттар болуы керек.

– Біз бұған дайын болдық па?

– Әрине, дайын емеспіз. Фут­болды жақсы ойнайтын мықты жігіттеріміз бар. Олар бірақ сыртта жүр. Оларды мұнда 1 млн теңге айлыққа шақырсақ, келмейді. Сыртта жүріп 5-6 млн теңге жалақы алады, мұнда келу үшін өзінің табысынан артығырақ сұрайды. Өйт­кені, сұраныс болып тұрғанын біліп тұр.

– Бірақ осыған дейін одан он есе қымбатқа шетелден алдырдық қой…

– Иә, алдырдық. Мен бұл жер­де мынаны айтайын. Футболға бюджеттен жұмсалатын қаржының шегі болу керек. Көп қаражат керек болса, сол жердегі менеджерлер өздері іздеп табуы керек. Шетелде осы әдіс қолға алынған.

– Нақтырақ айта аласыз ба?

– Мәселен, Ресейдің, Беларусьтің екінші деңгейлі ойыншылары бізге келіп үздік болып жүрді. Соларға 4-5 млн теңге қаражат жұмсадық. Өзіміздің ойыншыларға азғантай бердік. Екінші бір мәселе бар осы жерде. Өзіміздің жігіттер ойнасын деген бастама көтеріліп еді, олар сұраныс бар екенін білді де бағасын қымбаттатып жіберді.

– Осы жерде кез келген спорт­шыға тән қасиеттің бірі ұлт­жандылық болу керек шығар деген ойға келіп отырмын…

– Дөп түстің. Қажымұқан баба­мыз балуандығымен өнер көр­сетіп, қолындағы бар тапқанын сол кезеңдегі Алашордашыларды қолдауға салған екен. Ал қазіргі балуандар арасында «мен жеңіп келдім, әкімшіліктен маған не береді» деген сияқты көзқарас көбейіп кетті. Алдыңғы толқынның кезінде де мұндай ас та төк сыйлық болған емес. Бір құрмет грамотасы мен бір медаль. Тек олимпиададан жеңіспен келгенде ғана сыйақы табыстаған. Міне, өзің дұрыс айтып отырсың. Әрбір спортшының кеуде сарайында ұлттық мүдде, ел­жандылық болуы керек. Әлемнің басқа мемлекеттерінің көпшілігінде қазір де сондай. Асып кетсе, 4-5 мың доллар сыйақы беріп жатады. Ал бізде олимпиада чемпионына да, оның жаттықтырушысына да 250 мың доллар береді.

– Бәлкім, қызығушылығын ояту керек кезең болған шығар…

– Иә, бізге сол кезең керек болды. Қазір біз ол кезеңнен өтіп кеттік. Ата-аналар да, балалар да түсінсе деймін. Спортпен айналыссаң, ол – сенің болашағың. Қай салаға барсаң да, қоғамға қажетіңді сезінесің. Ешкім «мемлекет үшін күресіп жатырмын, мемлекет маған берсін» деген ұғыммен емес, өзіме керек деген ұғыммен айналысу керек.

– Сіз осы күні шәкірттеріңізді осы бағытта тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Мен шәкірттеріме спорттың биікке шығаратынын түсіндіремін. «Сендер осы спорты сүйіп келдіңдер. Жетістікке жетемін деп келдіңдер. Сол жетістікке жетіңдер, оған дейін еңбектеніңдер» деп үйретемін. Бізді бітірген спортшылардың бәрі жақсы. Алмас Өтешов те бізде оқыды, Александр Зайчиков те біз де оқыған. Талай мықтылар тәрбиеленіп шық­ты. Бізде Қызылорданың ең мықты спортшылары тәрбиеленеді.

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткен спорт нысандары ашыла бастады. Енді солардың барлығын мықты кадрмен қамтамасыз етуге оқу орнының шамасы жете ме?

– Шамасы келеді. Бірақ заман талабына сай оқу орны да жаңарып отыру керек. Нағыз қазанында қайнап шығады. Басқа да оқу орын­дарында спортшы мамандығы бар. Бірақ оларда біз сияқты екі мезгіл жаттығу өтпейді. Ал біздің оқу орнының мамандандырылған деп аты айтып тұр. Балаларды әр спорт түрлері бойынша ел чемпионатына, әлемдік жарыстарға қатысуына мүмкіндік бар.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: