Қазақ «асық ойнаған азар» десе де, жақсы тілекті «асығың алшысынан түссін» деп бастайды. 3000 жылдық тарихы бар бұл ұлттық ойын түрі қазір әлемдік деңгейде танылып жүр. Бұған дәлел – жақында ғана өткен «Көшпенділер» сайысы. Еліміз командалық сайыста топ жарып, алдыңғы қатардан көрінген еді. Қош, бүгінгі әңгіме ұлттық спорт түріне айналған асық ойыны туралы болмақ.
Сан ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп келе жатқан асық – әрі спорт әрі тәрбие құралы. Бұл спортта барлық жаттығу түрі қамтылған. Созылу, көздеу, дәлдеу, қозғалыстың бәрі бар. Азаннан кешке дейін аяқ жарылғанына да қарамай асық ойнап, дорбаға жинап, оны сату ауыл баласының кәсібі еді. Сол кездегі аула ойыны қазір әлемдік деңгейдегі спортқа айналып отыр. 2011 жылы Асық ату федерациясын ашуға Жомарт Сабыржанұлы зор үлес қосқан еді. Содан бері асықтың тарихы зерттеліп, жарыстар ұйымдастырылды. 2017 жылы БҰҰ-ның комиссиясымен ЮНЕСКО-да қаралып асық ойыны қазақтың ұлттық спорты болып патенттелді. «Бір кездері асықты спорт етемін деп жүргенде «малдың бәрін қырасыңдар ма?» деп сенімсіздік танытқандар болып еді» деп еске алды №235 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалім Райхан Наукеев.
Қай спортты алсақ та өзінің жаттығу әдістері мен құрылғылары бар. Асық ойыны спорт түріне айналғаннан соң оны дамыту үшін біршама жұмыстар атқарылды. Мен де ағаш ұстасына өз идеямды айтып, «асық қамба» ойынын жасап шығардым. Асықты шиіріп ату мен дәлдікті қалыптастыру үшін «асық қақпасын» жасадым. Инклюзивті балалардың дамуы үшін қызылды-жасылды асықты пайдалану жобасы да жүзеге асуда, – дейді асық ойынының бапкері Райхан Наукеев.
Бүгінде асық ойыны дамып келеді. Қазір кәсіби асықшылар ойын кезінде малдың асығы емес, арнайы материалдан жасалған асықпен ойнайды. Ойын ережелері мен қоса асықтың салмағы да стандартталды. Сақаның салмағы 28-30 гр. болса, ал жерге тігілетін асық 17 гр. болып бекітілді. Қазір мектептердің көбінде асық спорты насихатталады. Жақында ғана Астанада өткен «Алтын Сақа» олимпиадасында №235 мектептің атынан қатысқан Милена Цой «Бес асық» ойынынан жүлделі оралды. «Ұлттық спорт түріндегі асық ойындары» атты семинарға ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Ташметов те қатысты. Өз кезегінде Райхан Наукеев көне дәуірдегі асық ойынының цифрлы дәуірге ыңғайланған робот түрін таныстырды. Асық ойнайтын роботты көргенде жиынға қатысушылар тәнті болған екен.
Информатика пәнінің мұғалімі Асқар Қарасайұлы оқушылармен бірге бұл роботты 10 күнде жасап шығарған. Ұлттық ойындарды робототехника арқылы насихаттау тиімді болғанын жеткізді.
Асық спорты біздің мектепте жиі ойналады. Райхан Наукеевтің идеясымен бірлесе отырып робот ойлап таптық. Робот асықты ату үшін арнайы қозғалтқыштың көмегіне жүгінеді. Алдымен асық роботқа бекітіліп, пәрмен беріледі. Робот ату сызығына келіп, механизм іске қосылып, тігілген асықты атады. Алдағы уақытта оқушылармен біріге отырып асық ататын роботты жетілдіріп сайыстарға қатысу жоспарда бар, – дейді Асқар Беков.
Облыс аумағындағы ортағасырлық Кескен-Күйік қалашығынан қоладан құйылған екі асық табылды. Бұл – асық ойыны ерте заманнан, тіпті біздің заманымызға дейінгі кезеңде ойналғанының дәлелі десек те болады. Қазір асық спорты заманға сай түрленіп ережелері бекітілді. Жақын уақытта Францияға асық ойынын насихаттау үшін елімізден спортшылар барады. Ал асық спортының дамуына үлес қосып жүрген Райхан Наукеев әлі де асық ойнайтынын айтты. Сонымен қатар ол ұлттық спорт қыз қуу, теңге ілу ойынын ықшамдап сабаққа енгізген.
– Асық ойнамаған бала мен асық ойнаған баланы салыстырсақ, асық ойнаған бала шымыр, ширақ келеді. Өйткені бұл қимыл қозғалысты қажет ететін спорт. Облыс бойынша асықтан аға жаттықтырушы Азамат Көбеновтың қолдауымен спорт мектебінде асық үйірмесі ашылып, жаттықтырушыларға көңіл бөлініп жатыр. Бұл да болса асық спортының дамуына үлесі зор. Төрт қабырғада отырған қала баласын асық ойынына қызықтыра алсақ, бұл біздің жеңісіміз дейді, – Райхан Наукеев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!