Отан. Бұл сөздің астарына тереңдей ой жібере бастасақ шексіз әлемге сапар шеккендей боласың. Әрине, саналы түрде еркін қадам бассаң. Жұдырықтай жұмыр жердің бетінде қаншама ұлт пен ұлыс өмір сүруде. Мемлекеттігін құрып, көпшілігінің бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортасынан географиялық орнын анықтап алып, ата-бабаларының салып кеткен жолымен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқанына көзі қарақты азаматтардың бәрі де куәгер. Әрбір тірі пенденің дүниеге келуімен қатар бәсекелестік ортаның қалыптасатыны сөзсіз құбылыс. Бірақ, ел тұтастығын сақтай отырып, ұлттық менталитетіміздің қанға сіңген қасиетін сақтау, өскелең ұрпаққа өнеге етіп ұсыну, әрбір басталған істі жүзеге асыру үшін намысқа тырысу, туған жерің үшін, ұлтыңның абыройын асқақтату үшін әрбір жастың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру ендігі кезекте кезек күттірмейтін міндетке айналу керек деп санаймыз. Әрбір отбасында береке-бірлік болған кезде ғана табысқа кенелесің, жақсы өмір салтын қалыптастыра аласың, сыртқы дүниеде болып жатқан жайлардан өзіңе қажетті пайдалы жағын өз бойына сіңіруге талпыныс жасайсың. Отан атаулы киелі сөздің әрбір отбасынан бастау алатынын бір сәтте естен шығармасақ екен. Елдің тыныштығы берекелі істердің бастауында болатын терең мағыналы сөздің – Отанның қуатты мемлекет болуы, экономикалық жағынан жан-жақты дамуы, ғылыми-техникалық прогрестің алғы шебінде болуы, қорғаныс саласында өзін-өзі қорғай алатындай қабілетке ие болуы ел азаматтарының туған жеріне деген баға жетпес сүйіспеншілігінде жатқанын біздің әрқайсымыз сезінуге тиіспіз. Әрбір азаматтың туған жерді түлетуге, бәсекеге қабілеттілігін, заманға сай терең білім алуға дегендегі құштарлығын арттыруға, кәсіби шеберлігін шыңдауға, қолда бар мүмкіншілікті пайдалануға ықпал жасау қазіргі уақыт талабы осыларды қажет етіп отыр.
Қазақ елінің әрбір азаматының бойында бір ерекше мақтаныш сезімі билей алғанын да білеміз. Жер шарындағы өркениетті тәуелсіз мемлекеттер арасындағы территориялық көлемі жағынан алғашқы он мемлекеттің бірі екенімізді білеміз. Ата-бабаларымыздың төгілген қанымен келген, көрші елдермен ел басшылығындағы азаматтардың табиғи мәмлегерлік қасиеттерінің арқасында қол жеткізілген ұлан байтақ қазақ даласын халқымыздың кәдесіне қалай тиімді пайдалана аламыз, оның тұтастығын қалай қамтамасыз ете аламыз деген сұрақ біздің әрқайсымызға ой салып жүргенін айқын сезінеміз. Сонымен, елдің тыныштығын қалай қамтамасыз ете аламыз?! Қазіргі қалыптасқан бүкіл әлемдегі жағдайларға байланысты бүкіл қазақстандық азаматтың, қазақ жастарының патриоттық сезімдерін қалай оята аламыз, жігерлендіре аламыз деген ой мазалайтыны рас. Қазақстан Республикасының Ата заңының «Адам және азамат» бөлімінің 36 бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп атап көрсетілген.
Демек, туған жерімізді, Отанымызды арам пиғылды жаудан қорғау, біздің әрқайсымыздың Ата-бабалар аманатын Ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің перзенттік борышымыз. Осы ретте айтуымыз керек, біз осы қолда бар мүмкіндігімізді қалай пайдаланып отырмыз? Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында қаншама халқымыздың тарихи тұлғаларына арнап тұғырлы ескерткіштер орнаттық, олардың айтып кеткен ұлағатты өсиет сөздерін кейінгі ұрпаққа қалай жеткізіп жатырмыз? Жыл сайын жүздеген жастар Отан қорғау сапына жіберіледі, осы сәттегі қалыптасқан көріністерді көз алдыңа елестетіп көріңіз, көңілің тола ма?
Қобыланды батыр, Жалаңтөс Баһадур батыр, Жанқожа батыр, Бұқарбай батыр, Аманкелді батыр, Анаға тағзым, Бегім ана ескерткіштерінің жастарға патриоттық тәрбие берудегі, әсіресе әскер қатарына өзінің азаматтық борышын атқаруға шығарып салу сәтін болашақ Отан қорғаушы жауынгерлердің мәңгі есінде қалатындай етіп ұйымдастыра білуіміз керек-ақ.
«Отан – Ана» деген киелі сөздің шын мәніндегі мағынасын Аналардың Аманат – ақ батасымен: «Ұлым, әрдайым қырағы бол!», Абыз ақсақалдардың: «Ата-бабалар аманатын орындау, сендердің туған жер перзенттерінің азаматтық міндеті – борышы екенін әрдайым есте сақтаңдар» деген ұлағатты сөздерді есіту, олар үшін туған жерге, Ата-анаға деген патриоттық сезімдерін оятып, жігерлендіре түсетіні айдан анық.
Қазақ елінің мәртебелі жауынгері атану мемлекетіміздің ірге тасын берік нығайтып, рухымызды асқақтатып ата-бабалар аманаты деп түсінуіміз керек.
Ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан өнегелі ұрпақтар сабақтастығы жалғасын таба берсін, достар!
Сайлаубай Әбішев,
облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақстан Республикасының
Алтын Жұлдызы» атты төсбелгісінің иегері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!