Дүйсенбі, 25 қараша, 02:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ата заң – алтын тұғырымыз

30.08.2024

324 0

Тәуелсіздіктің мызғымас мұрасы, бағалы құндылығы саналған Ата Заңымыз ел еңсесін тіктеуге, ел іргесін бекітуге айрықша ықпалын тигізді. Ата заң – құқықтарымыз бен бостандығымыздың кепілі. Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция.
Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүние жүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Ол – ел тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты. Ата Заң – барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елмен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата Заңы өмірге келді. Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата Заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.
Ата Заңымыздың өміршеңдігі, демократиялық табиғаты туралы қазақстандықтар да, шетел азаматтары да жиі жылы лебіз айтып, болашағымызға зор сенім білдіріп келеді.
Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Әрбір азаматы өзін тең сезініп, емін-еркін жайдары өмір сүретін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын дәлелдейді. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаты мен міндеті, құқықтары көрсетіледі. Ал Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Ата заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституциямызда айтылғандай еліміздің ең басты қазынасы-адам, оның өмірі мен бостандықтары болып саналады. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны.
Ата Заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек. Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып саналатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлт тұрады. Бүгінде олар достық туын жоғары көтере біліп, Қазақстан мемлекетінің экономикасын өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізігі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет заңнамасында бекітілген жеке тұлғаның құқығын жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселелердің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилығының белгісі деп баға берген еді.
Ата Заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азаматтар тең құқылы. Егер олармен заң бұзушылық жіберілген жағдайда жауапкершілікке тартылып, жалпыға бірдей тәртіпте шартты жазасын алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында Ата Заңның ең жоғары заң күші бар және республиканың барлық аумақтарына тікелей қызмет етеді деп айқын жазылған. Басқа да шығарылып жатқан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар еліміздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ал 74-баптың 1-тармағында Қазақстан Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық келісім-шарттарға қол қойылмайды делінген. Демек, Ата Заңымызда адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі.
Адам құқықтары мен бостандықтары тек қана бір мемлекеттің ісі емес, бүкіл халықаралық бірлестіктің субъектісі болып табылады. Адам құқығы саласындағы жалпы танылған халықаралық нормалар қазір ұлттық заңдарды қалыптастырудың негізі. Сондықтан да мемлекет ішіндегі адам құқығын қорғау механизмі, халықаралық құқық нысандарымен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Адам құқығын қорғау жөнінде нормалар қабылдаған халықаралық ұйымдар, адам құқығының бұзылмауына жол бермеуге нақты механизмдер қарастырды.
Конституцияның қабылдануымен мемлекет пен азаматтық қоғам институттары қалыптасып, адамның құқығы мен бостандығының кепілдік берілді, елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуеті қарқынды дамыды. Шекарасы шегеленіп, алдағы күнге батыл жоспар құрған мемлекетте сот жүйесін жандандыру мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Үшінші биліктің материалдық жақтан мінсіз болуы, судьялардың талапқа сай қызметі өз шешімін тапты.
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты.
Конституцияның 7-бөлігі соттар және сот төрелігіне қатысты, онда Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды делінген.
Біздің Конституциямыз мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Ең бастысы, Ата Заңымыз Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді. Конституцияның тарихы тереңде. Дала заңынан бастау алған бұл құжат мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның құқығы мен бостандығы деуімен де жанымызға жақын. Ата заңда адам өмірі мемлекеттің негізгі байлығы саналған соң елдегі заңнамалардың да ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталып, халықтың игілігі үшін жасалатыны түсінікті.
Мемлекетіміздегі әр адам Ата Заңның шеңберінде өмір сүргенде ғана біз өзімізге тән ұлттық құқықтық жүйемізді жетілдіретін боламыз. Сондықтан ең басты міндет заңды және жеке тұлғалардың, қоғамдық құрылымдар мен азаматтардың Ата Заңға деген құрметін барынша дәріптеу болып саналады.

Т.Тілеп,
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: