Тұтас Қазақстанның Астананың туған күніне жиналған мерекелік кеші болатын. Әдепкіде көңілінде қобалжу болғанымен бастауыш сыныптан бері көрермен алдына шығып жүрген Никита үшін мұнда да ән шырқау аса қиынға соққан жоқ. Сахнаға шыққанда қалың көрермен мені қалай қабылдар екен, шалыс басып қалмаймын ба деп уайымдады. Әннің алғашқы қатары басталғанда-ақ оның бәрін көрерменнің жылы қабылдауы, өнерпазға деген ыстық ықыласы жеңіп кетті. Ескендір Хасанғалиев орындайтын «Атамекен» әні басталған сәттен-ақ тұтас халық орнынан тұрып, бірге шырқады. Никита мұны күтпеп еді, жүрегі дүрсілдеп, беймәлім күйге түсті. Тіпті ғарыш әлемінде самғап жүргендей…
Әңгіме өнерді өзіне серік етіп, өзі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас сарапшысы болып еңбек етіп жүрген Никита Мясцов жайында.
– Сенесіз бе, «Атамекен» әнін орындасам, қай жерде де халықтың ықыласы ерекше болады. Елдің жүрегінен орын тапқан ән ғой. Халық орнынан тұрып, менімен бірге ән шырқайды. Мен осы әнді айтқанда ерекше бақытты сезінемін. Тәңір сыйлаған талантым халыққа қызмет етуіме бұйырған ғой, сахнаға шықсам, ханның тағында отырғандаймын. Әрине, негізгі қызметім бар, бірақ ән шырқағаннан жаным рахаттанады, – дейді Никита Николайұлы.
Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде туып-өскен Никита туған жерге жиі барады. Облыс орталығында да, ауданда да ассамблея ұйымымен етене байланыста. Аудан, облыс деңгейіндегі «Абай оқулары» байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Республикалық патриоттық әндер байқауында да талай рет топ жарған.
– Қай сайысқа қатыссам да бірінші орын, бас жүлдені қанжығаға байлап жүремін. Ең бірінші жеңісім әлі есімде. «Бозторғай» конкурсының облыстық кезеңінде Гран-При жүлдесіне қол жеткіздім. Одан кейін талай сайыста төрге оздым. Қай жерде де патриоттық әндер жаныма жақын. Әнге құштарлығым анамнан дарыса керек-ті. Анам – бастауыш сынып мұғалімі. Келіншегімді қосып қалып, үшеуіміз «Бірлігіміз жарасқан» әнін трио ретінде орындап жүрміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген бар ғой. Балаларым да «алманың ағашынан алыс түспейтіні» тәрізді, өнер әлемінен алыстамасы анық, – дейді Никита.
«Көңілім әнді ұғады» деп, Абайша әндеткен талантты жанның өмірінде елеулі оқиғалар көп. Ақтауға еліміздің тұңғыш Президенті келген сәтінде «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған. Ол кезде де елдің батасын алған Никита қайда өнер додасы болса, бәйгеде тұяғымен жер тарпыған тұлпардай дайын тұрады. Оның әнге деген құштарлығы мен қазақ өнеріне деген құрметі әрбір әрекетінен көрініп тұрады. Барған жерден құр алақан қайтпайтыны да оның шынайы ниетінен болса керек.
– Мен де Геннадий Головкин сияқтымын. Ұлтым – қазақ, руым – орыс. Бұл елде өсіп келе жатқан әулеттің төртінші ұрпағымыз. Мен тәуелсіз елім – Қазақстанды сүйемін. Елім үшін еңбек етемін. «Әр қазақ менің жалғызым» деп анық айта аламын. Бізді ешкім бөліп, жармайды, біз де ешкімнен бөлінбейміз. Ал өнерім – халқыма, – дейді талантты әнші.
Никита тек өнерімен ғана емес, қоғамдағы белсенділігімен де көзге түсіп жүр. Бірнеше жыл бұрын қазақ тілін белсенді насихаттағаны үшін ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталды. Аймақтағы қызметі үшін де марапат мінберіне шығып жүрген кездері аз емес. Оның барлығын Никита «Отанға қызмет – ерге міндет» деген мағыналы сөздің аясында ұғынып жүр.
– Әрбір әрекетіңнен біреуге көмегің тиіп жатса, қуану керек. Мені жан-жақтан іздеп жатады. Концертке, сұхбат алуға деген сияқты. Бірақ біреуіне де «уақытым жоқ, кейін хабарласайық» деген емеспін. Мені халық көтерді, халықтың алдында, осы елдің алдында қарыздармын. Ал өнерім бағаланып жатса, менен бақытты жан жоқ, – дейді ол.
Никита тағы да сахна төріне шықты. Оны елдің танып алғаны соншалық, әр жерден «Атамекен» деп сұрап жатты. Оның дауысымен орындалған ән расымен құйқаңды шымырлатып, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Ғажап!
Өнерің өрге жүзсін, Никита!
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!