Ойпырмай, осы әйел дегеніңнің жанын түсіну қиын ғой. Бірде түйе, бірде бие болмысымен есіңнен тандырады, шіркін. Бір таңда жайма шуақ көктемдей, ғажап самал самайыңнан өпкендей болып тұрады. Ал бірде дауылы мен бораны қатар соғып, қабағынан қар жауып, жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Бәтиманың ондайы жоқ еді, кейінгі уақытта пайда болып жүр. Отырсаң – опақсың, тұрсаң – сопақсың. Қайда барсаң да, қасыңнан бір елі қалмайды.
– Қайда барасың, – деді жанарынан от шашып.
Қайда бара жатқанымды ұмыттым да, состиып, кекештеніп, аузыма сөз түспей, қақшидым да қалдым. Бұл түрім күмәнді көрінсе керек, сол тұрған бойымнан мін іздеп кеткен ол:
– Оңбаған, менен бірнәрсе жасырып жүрсің? Бөтен біреуге тайып бара жатырсың-ау, қасыңа отырып алайын. Бар, ал, бар, – деген кезде көліктің есігін әрең аштым.
Апырай, төбелесте алдыма жан салмай, он балаға қарсы тұрсам да сынбаған болмысым бір әйелге бас ұрып қалдым ба деп аң-таң болған күйі көлікті оталдырып, ағайдікіне бардым. Көзі сонда жетті ғой.
Көңіл-қошың болмаса, соны түсінер адам іздейсің ғой. Нәпақа тауып, такси болғанда бір келіншек мінген. Көзі мөлдіреп тұрғанын көрсеңіз… Тілден қаласыз. Есімі Жаңагүл екен. Жаңагүлдің жанары тым бөлек көрінді. «Құдай-ау, бұған дейін қайда жүрген?» деп, ішімнен сан рет сөктім бұл келіншекті. Ақыры телефон алмастық, осылай таксиге клиент болған келіншекпен қаланың ең тәуір дәмханасында тарастық. Кафесі мен ресторанға барар шама бар ма, үйге барғанда өткізер тарифке жеткізе алмасаң, қалғанын кредитпен қосып бересің ғой. Жігіт дегенің қызық қой, үйге кірер алдында екі нәрсені өшіресің. Біріншісі, телефон шалған күмәнді нөмірлер болса, екіншісі – «ватсаптағы» күмәнді хаттар. Ол жерде бірнәрседен сезіктенді ме, басыңа шәйнек киесің. Бос шәйнек емес, ішінде қайнаған суы бар шәйнек. Айтпақшы, әлгі Жаңагүлді «Автоэлектрик Жаңабек» деп телефонға баттитып сақтап қойдым.
Күндердің күнінде көліктің тоғынан ақау шықты. Онжылдық «ыстажбен» оны-мұны шұқылап, ауруын таба алмай жатырмын. Бәтиманы бәлінсаға апаруым керек еді. Ол да өзінің шаруасы болған соң ба, әйтеуір, таңнан бері жүгіріп, жағдайымды жасап жүр. Балаларды жылатпады, көңілімді құлатпады, әйтеуір, не керек со күні таңнан бері тәнті етті. Жиырма жылда тағы бір ғашық бола түстім. Әйел дегенің өзі бір керемет кітап қой, тауыса алмайсың, оқи бергің келеді. Бірақ сол пәленбай томның соңына жетемін дегенше, еркек байғұс бір жөн болады ғой.
Содан не керек, тоқтан шыққан ақауды таппай басымды тауға да, тасқа да соғып отырғанда телефон шыр етеді ғой. Ол Бәтимада болатын. Қараса «Автоэлектрик Жаңабек» деп тұр екен. Дереу жүгіріп маған әкеле жатыр. Бергі жақта Жаңабек, арғы жақта Жаңагүл екенін қайдан білсін?!
Көлік жөнделді ғой. Бастысы, өзім жөнделдім. Телефонды алып алып, екі сағат бойына тізімді жаңарттым. Автоэлектрик Жаңабекпен бірге сварщик Сәкен де, тракторист Талғат та, кран Дастан да кетті. Мұндайдың қырық шақтысы бар екен…
Бәтиманы жақсы көріп кеттім…
Мырқымбай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!