Соңғы жылдары ауылдарда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынды, инфрақұрылым жақсарып, әкімдер корпусы түбегейлі жаңарды. Жуырда өткен ауыл әкімдері мен Президент арасындағы тікелей диалог форматы – жергілікті мәселелерді шешудің тиімділігін арттыратын жаңа басқарушылық мәдениеттің айқын көрінісі болды. Тікелей диалог әкімдердің өз жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал ететін болады. Мемлекет басшысымен бетпе-бет сөйлесу, нақты сұрақтарға жауап беру, өз аймағындағы ахуалға жеке есеп беру ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін, ішкі тәртібін күшейтеді. Олар халықтың жағдайын Мемлекет басшысына жеткізе алатынын сезінген сайын, жұмысқа деген жауапкершілік те артады. Осы орайда, форумға қатысып келген кент, ауылдық округ әкімдерінің Мемлекет басшысының тапсырмасынан туындайтын міндеттері туралы пікірлерін білдік.

Айдын ТЫНЫШТЫҚБАЙ, Тасбөгет кентінің әкімі:
Елді мекендерді цифрландыру – дамудың жаңа белесі
Бүгінде ауылдарды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығының бірі. Халқымыздың түп-тамыры, ұлттық болмысымыздың өзегі – ауылда. Сондықтан ауылдың әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – ел тұрақтылығының негізгі шарты. Ауыл мен кент әкімдері атқаратын әрбір іс осы мақсатқа тікелей қызмет етеді. Бұл жауапкершіліктің салмағын кент әкімі ретінде терең сезінемін. Әкім халықпен күнделікті араласып, мәселесін дер кезінде шешетін мемлекеттік қызметші. Бұл қызмет үлкен сенім мен табанды еңбекті қажет етеді. Кенттің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалын жан-жақты ұғынып, нақты шешім қабылдау – шынайы басшылықтың басты шарты.
Жуырда ғана Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиында өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, кент пен ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған пікір алмасулар да болды. Форум барысында әр өңірдің әкімдері тәжірибе бөлісіп, ортақ мәселелерді нақты шешу жолын талқылады. Мен үшін бұл жиын үлкен әсер қалдырды. Форумнан жаңа идеялар, тың бастамалар, басқарудағы тиімді тәсілдер туралы құнды ақпарат алдық. Осындай алаңдар бізге жігер беріп, жергілікті басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызатыны анық.
Қазіргі таңда ауыл әкімдерінің 60 пайызы алғаш рет сайланғанын ескерсек, басқару жүйесінің айтарлықтай жаңарғаны байқалады. Дегенмен, әкім болып сайлану – жұмыстың бастамасы ғана. Халық сенімін ақтау үшін тоқтаусыз ізденіс пен кәсіби даму қажет.
Мемлекет басшысы ауыл әкімдеріне қойылатын нақты міндеттерді атап өтті. «Amanat» партиясының «Әкімдер мектебі» жобасы осы бағытта маңызды рөл атқарып жүр. Бірақ бұл бастаманың жоғары білімнің орнын баспайтыны анық. Сол себепті «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын жаңғырту, басқару мен көшбасшылық дағдысын арттыру – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмысты мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүйелі түрде үйлестіруі тиіс.
Сонымен қатар Президент жергілікті бюджеттің қаржылық тұрақтылығы жөнінде орынды мәселе көтерді. «Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс. Бұл жағдай ауылдардың экономикалық мүмкіндігін шектейді. Сондықтан «салықты табыс алынған жерде төлеу» қағидатын енгізу – өте орынды әрі әділ шешім. Кем дегенде түсімнің бір бөлігі ауылда қалуы тиіс. Бұл ауылдардың өз дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды тетік болады. Десек те жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді.
Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.
Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі» – деді Президент.
Президентіміздің «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ұстанымы – біздің жұмысымыздың да темірқазығы. Әрбір орынды ұсынысқа құлақ асып, халықтың талабын құрметтеу – әкімнің парызы. Форумдағы ашық диалогтар да осы мәдениеттің маңызды екенін көрсетті. Сын да, ұсыныс та даму үшін қажет.
2023 жылдан бері Тасбөгет кентінің әкімі ретінде осы міндеттерді абыроймен атқаруға бар күшімді салып келемін. Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру жобасын іске асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – менің негізгі басымдықтарым. Президент жүктеген тапсырмалардың барлығы Тасбөгет кентінде кезең-кезеңімен, сапалы әрі нақты жүзеге асатынына толық сенімдімін.
Кенттің дамуы – елдің дамуы. Әрбір шешім, әрбір нәтиже – мемлекетіміздің болашағына қосылған үлес. Халық сенімін ақтау – әкім ретіндегі басты міндетім және өмірлік борышым.

Шәріп Әбдірахманов, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі:
Ауыл мықты болса елде береке болады
Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттеріне арнайы тоқталып өтті. Cондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші» екендігін еске салды.
Жиынның мән-маңызы ерекше болды. Жиынға әкімдер, еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері қатысты.
Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауыл мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, жүктелер міндет те салмақты екендігі айтылды.
Мемлекет басшысы жиында айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажеттілігін үкімет пен парламентке тапсырды.
Пленарлық жиыннан соң 6 бағыт бойынша ұйымдастырылған панельдік сессияға қатыстық. Білімімізді шыңдап, ашық пікір алмасу мүмкіндігі болды.

Ерлан Бейсенбаев, Талсуат ауылдық округінің әкімі:
Сенім мен міндет қатар жүктелді
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауыл әкімдеріне арналған республикалық диалог-платформаға қатыстым. Президенттің тікелей бастамасымен ұйымдастырылған бұл алқалы жиын – ауылдық аумақтарды дамыту саясатының жаңа деңгейге көтерілгенінің жарқын көрінісі.
Біріншіден, ауыл әкімдерінің ел Президентімен тікелей жүздесуі – ауыл мәселелерінің ел дамуының стратегиялық бағытына айналғанының нақты дәлелі. Бұған дейін ауыл әкімдері мұндай форматта, мұндай жоғары деңгейде бас қосқан емес. Бұл – ауыл әкімдерінің рөлі артқанын, олардың қабылдайтын шешімінің мемлекет үшін маңызды екенін білдіреді.
Екіншіден, Президенттің ауыл әкімдеріне нақты міндеттер жүктеуі біздің қызметіміздің бұрынғыдан да жоғары жауапкершілікпен, нақты талаптармен, өлшенетін көрсеткіштермен бағаланатынын көрсетеді. Бұл – сенім мен міндеттің қатар жүктелген сәті.
Үшіншіден, бұл диалог-платформа барлық ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа арнаға бағыттап, ел бойынша ауылдардың әлеуетін арттыру жолында ортақ стратегия қалыптастыруға мүмкіндік берді. Инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру – енді жоспар ғана емес, орындалуы қажет нақты міндеттер.
Осылайша, Президенттің ауыл әкімдерін бұрын-соңды болмаған форматта жинауы – алдағы уақытта ауылды дамыту жұмысы жаңа талаптармен, жаңа тәртіппен, жаңа жауапкершілікпен жүзеге асатынын білдіреді. Бұл – әр әкімнің кәсібилігі мен нәтижесі айқын көрінетін кезеңнің басталғанын көрсететін маңызды белгі.
Ауыл әкімдеріне артылған сенімді ақтап, ауылымыздың инфрақұрылымын, әлеуметтік жағдайын және жалпы даму әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстарды жүйелі, әрі табанды түрде жалғастыру басты міндетіміз болып қала береді.

Еркін Ахетов, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:
Жауапкершілік жүгі ауыр
Астанада өткен ауыл әкімдерімен өткізілген диалог-платформасы форумына қатыстым.
Жиында Мемлекет басшысы ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болу керектігін атап айтып, ауылдық елді мекендердің жағдайы еліміз үшін маңызы зор екенін және болашақта елдің тұрақты дамуындағы стратегиялық үлесі барын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында ауыл әкімдерінің ұсыныс-пікірлерін қабыл алған Мемлекет басшысы, барлық айтылған пікірлердің міндетті түрде мұқият зерделеніп, алдағы уақыттағы жұмыс барысында ескерілетінін баса жеткізді.
Бұған қоса, үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін атап көрсетті.
Кездесу барысында әр өңірден келген әріптестерімізбен яғни, ауыл әкімдерімен кездесіп, тәжірибе алмастық. Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Әрбір шешім, әрбір нәтиже – мемлекетіміздің болашағына қосылған үлес.

Сәкен ӘБДІЖАППАР, Қызылөзек ауылдық округінің әкімі:
Ауылдардың дамуына серпін береді
Елордада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Мемлекет басшысы ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін атап өтті. Cондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Үкіметке экономиканың тұрақты сапалы өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту, жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыруды тапсырды.
Диалог-платформа аясында «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» сессиясы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік басқарудың сапасын жергілікті деңгейде арттырудың заманауи тәсілдерін талқылау, мемлекеттік аппараттың жұмысында сервистік, клиентке бағдарланған үлгіні дамыту мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, «Жергілікті деңгейдегі көшбасшылық: ауыл әкімі – өзгерістердің агенті» тақырыбында баяндама жасады.
Аймақ басшысы өз баяндамасында ел Президентінің тапсырмасымен ауылдық аумақтарды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Президентіміздің бастамасымен енгізілген саяси реформаның бірі – қала, аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау. Әкімдер халық таңдауымен сайланып, қызметке келуде. Бұл бастама халықтың саяси белсенділігін арттырып, тұрғындарды жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тартуға мол мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.
Бүгінде өңірдің 447 мың тұрғыны (халық саны 845 мың адам) яғни, халықтың 53 пайызы ауылдарда тұрады, 146 кент пен ауылдық округ бар. Жаңа сайлау жүйесі енгізілгеннен бері 205 әкім сайлауы өтті. Барлық елді мекен әкімдері 100 пайыз жаңадан сайланды. Бұл өзгерістер демократиялық процестерді дамытумен қатар, жергілікті билік органдарының ашықтығы мен есептілігін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейтуде.
Бұл форумның ауылдық елді мекендердің одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін.
Дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!