Өңір халқының 53 пайызы ауылдық жерде тұрады. Санға шаққанда 447 мың адам. Бұл дегеніңіз әжептәуір көлем. Ел аузындағы «Қазақстанды түлету ауылды түлетуден басталады» деген ұғымға сүйенсек, тұтас ел экономикасының әлеуетін арттыру үшін ауылдықтарды қолдау керек.
Бұл бағытта бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы қарқын алған. Аймаққа қарасты елді мекендерде халық қолын аузына жеткізу мақсатында осы бастамаға иек артуда.
Жобаның елдегі аяқалысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен жиында да кеңінен тоқталған еді. Үкімет басшысының орынбасары Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысына арнайы кеңес өткізген.
– Президенттің бастамасымен ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы облыста оң нәтижесін беруде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында агробизнес өкілдері ауқымды жұмыс атқаруда. Бұл орайда өңіріміздегі «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңашыл бастамасын, нәтижелі жұмысын ерекше атап өту қажет. Қазіргі таңда серіктестіктің оң тәжірибесін кеңінен таратуда, облыстың барлық ауылында жаңа өндіріс және сауда нысандарын ашуда белсенді жұмыс бар. Жоба шеңберінде 1000 шаршы метрден асатын ғимаратта жалпы құны 318,2 млн теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылып, 25 жұмыс орны ашылды. Осы тәжірибені кеңінен таратып, облыс бойынша 14 шағын орталық құру жоспарланған, яғни, 434,9 млн теңгеге 70 жобаны іске асыру көзделуде, – деді аймақ басшысы.
Ауылдықтардың аманатын арқалаған «Ауыл аманаты» аясында 2023 жылы 406 жоба қолға алынса, 2024 жылы 375 жоба қаржыландырылып, жалпы екі жыл ішінде 1110 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 275-ке артып, 50 өндірістік кооператив құрылды. Өңдеу өнеркәсібі бағытында 158 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Ауыл шаруашылығы саласында 56 жылыжай өндірісі ашылып, 2676 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. Төрт түліктің санын артырып, елдегі мал шаруашылығын дамыту бағытында жобаны өзгертіп, асыл тұқымды төрт түлік мал сатып алуға бағыттау арқылы да саннан сапаға жұмыс істелу керегі түсіндірілген. Бүгінде шағын несиелеудің 27 пайызы осы салаға бағытталды.
– Қызылорда қаласына қарасты елді мекендерде де бұл жоба жолға қойылған. Үш жылғы есепті қарасақ, 2023 жылы 253 млн теңге тұратын 27 жоба іске асты. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш сәл бәсеңдеп, 142,13 млн теңгеге 16 жоба қаржыландырылды. Биыл жыл басынан 190,2 млн теңгеге 27 жоба қолдау тапты. Осыдан он шақты күн бұрын, 12 мамыр күні тағы 48,63 млн теңгенің 7 жобасы мақұлданып отыр. Әрине, әрбір жобаның түпкі мақсаты – елдің әлеуетін көтеру. Халықтың жағдайы жақсарса, мемлекеттің экономикасы да нығаяды. Бүгінде жобаның жемісін көріп жүрген тұрғындарды көріп, қуанып қаласың, – дейді Қызылорда қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.
Жоба талай кәсіпкердің қанатын қатайтты. Мәселен, Гүлзат Абилова мемлекеттік қызметтен бір-ақ күнде жеке кәсіпкерге айналды. Ол «Еуроқоршау» жобасымен 8 млн 600 мың теңге несие алған. Бүгінде жұмысы бір ізге қойылып, жан-жақты дамуға бет алған.
– Мен өзіме таныс емес, бөтен бір салаға кетіп қалғым келді. Зерттеп, еңбектеніп, мүлдем басқа адам болып шыға келдім. Әрине, тұрақты жұмыс та жақсы, бірақ жеке кәсіп ашу одан да жақсы. Осы күні еуроқоршаудан бөлек, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларына қажетті көптеген өнім өндіреміз. Тұрақты 8 адам жұмыс істейді. Ал жолдама арқылы 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Алдына мақсат қойып, соған жету жолында несиеден де несібе табуға болатынын дәлелдеген көп кәсіпкер бар. Иә, идеяңыз бола тұра, қаражат қолбайлау болғанда «Ауыл аманаты» тәрізді мемлекеттік бағдарламалардың халықты демейтіні анық.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!