Сенбі, 06 желтоқсан, 00:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 (2205)
06.12.2025
PDF мұрағаты

Ауыл – басты назарда

06.12.2025

24 0

Өткен аптада елордада ауыл әкімдерінің диалог-платформа өтті. Президент қатысқан жиынға ауыл әкімдерінің 80 пайызы келді. Республиканың әр өңірінен келген 2334 әкім өз тәжірибелерін ортаға салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің рөлін күшейту, ауылды дамыту жолдарын айқындады. Сондай-ақ елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.

2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық кө­мек көрсететін 864 нысан, 388 жаңа мектеп ашылды. Сондай-ақ 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интер­нет жеткізілді. Ендігі ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамы­тудағы еңбек зая кетпес үшін жеке шаруалардың бірігуі маңызды екенін атап өтті. Бірлестік құру бүкіл ел бойынша жүргізілу керегін тапсырды.

– 2029 жылға дейін «Ауыл ама­наты» бағдарламасына 600 млрд теңге­ге жуық қаражат бөлінеді. Ауыл­дағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беруіміз қажет. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін да­мытуымыз қажет. Оның пайдалы екенін көпшілік біледі. Кооперативтерді бір­неше адам құрып, шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүр. Мұндай әрекеттерге тыйым салынбағанымен, бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергісін кел­тіре­ді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, 446,8 мың халық ауыл тұрғынын құрайтын біздің өңірдің ауыл әкімдері де Астана қаласындағы диалогқа қатысып қайтты.  Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, ауыл­да жүзеге асып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттері бойынша есеп беру үшін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалында баспасөз мәслихаты өтті. БАҚ өкілдеріне Қызылжарма ауылдық округінің әкі­мі Шәріп Әбдірахманов, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов форумның нәтижесі мен талқыланған мәселелер туралы ақпарат берді.

Алдымен сөз алған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиа­лының төрағасы Жандос Базартай әкім­дердің өкілеттігімен қатар жауапкер­шілігін күшейту мәселесі бағытында партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.

– «Әкімдер мектебі» жобасы Пре­зидент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, оның облыс­тардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдары арқылы іске асырылды. Бұл оқу курстарына өңірдегі 146 барлық ауылдық округтері  қатысып білімін жетілдірді. Оқыту экономика, мемлекеттік басқару, бюджеттік жос­парлау, коммуналдық меншікті басқа­ру, цифрландыру, тәуекел-менедж­мент, кәсіпкерлікті дамыту және ин­вестициялар тарту саласында 17 мо­дуль мен 240 академиялық сағатты қам­тыды. Бүгінде ауыл әкімдері ауыл хал­қының табысын арттыру бағытында алған білімін қолдануда деп толық есептейміз, – деді Жандос Базартай.

Өз кезегінде Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Шәріп Әбдірахманов әкімдерді оқытудың маңыздылығына тоқталды.

– Астана қаласында өткен диалог кездесу саяси, тарихи маңызға ие іс-шара десем жаңылысқаным емес. Көктемде 3 ай бойы «Әкімдер мектебінде» дәріс ал­дық. Оқу барысында кооперативтерді қосу үшін жоба жасауды оқыдық. «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірнеше кәсіпкерлерді біріктіріп бірлестік құру­ды жоспарладық. Қалаға жақын ауыл ретінде азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша әрекет жасаймыз, – деді.

 Астанада өткен диалог-платформада ұсынылған тәсілдер мен шешімдерді жергілікті жерде жүзеге асыруға дайын екенін айтқан Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов 25 түрлі салықтың түсімі туралы сөз қозғады.

– Әр өңірден жиналған әріптестер­мен кездесіп, тәжірибе алмастық. Мем­лекет басшысының ауылға деген жанашырлығын байқап, серпіліп қалдық. Жиында ауылдың кірісі мен шығысы аз екені айтылды. Ұсыныс ретінде ендігі жолы 25 түрлі салықтың түрін ауылдық бюджетке түссін деген тапсырма берілді. Бұл жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жедел орындауға мүмкіндік болады, – деді Сағдат Нұрмағанбетов.

Елу пайыздан астам халық ауылда тұратын өңірде «Ауыл аманаты» сияқ­ты жобалар ауадай қажет. Егер біз ауыл­дарды дамытуға күш салмасақ, урбанизацияның теріс салдары күшейіп, теңгерімсіздік туындауы мүмкін. Сон­дықтан мемлекет пен қоғам бірігіп, ауыл­дарды дамытуға ден қою қажет.

Думан РАХЫМЖАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: