Сыр өңірінде ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтті.
Қызылжарма ауылдық округіндегі «Келешек» мектебінде өткен бұл жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Ауыл» партиясының және облыс әкімдігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әділетті қоғамның негізін интеллектуалды әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалайтынын атап айтты.
Іс-шараның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов ауыл мұғалімдерінің стратегиялық маңызына тоқталды.
– Ауылдағы мұғалім – мемлекетіміздің ертеңгі келбетін қалыптастыратын басты тұлға. Бүгінгі басқосу ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігін шыңдап, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жоюға үлкен септігін тигізбек. Өңір басшылығы білім саласындағы мұндай оң өзгерістерге әрқашан қолдау көрсетеді, – деді Д.Абызов.
Іс-шарада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева отбасы құндылықтары мен ауыл баласының қауіпсіздігі жөнінде атап айтты.
– Біз үшін әрбір баланың тағдыры – ұлттың болашағы. Бұл жобаның түпкі мәні Ұлттық комиссияның басты міндеттерімен, атап айтқанда, отбасы институтын нығайту және балалардың құқығын қорғаумен тікелей ұштасады. Біздің міндетіміз тек академиялық білім берумен шектелмей, баланың рухани әлемін байыту және оны заманауи қатерлерден қорғау. Ауыл мектебі – қоғам мен отбасын біріктіретін киелі шаңырақ, берекелі бірліктің орталығы. Әрбір ауыл баласының сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өсуі – біздің ортақ жауапкершілігіміз әрі жұмысымыздың басты индикаторы, – деді ол.
Ал «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов ауыл мұғалімдерінің қоғамдағы мәртебесі мен партияның ұстанымын жеткізді.
– Ауыл мұғалімі – елдің ұйытқысы, жаңа буынның рухани темірқазығы. Біз үшін ауыл мектептеріне қолдау көрсету – жай ғана бағыт емес, бұл «Әділетті Қазақстанның» кадрлық іргетасын қалау. Біз ауыл мұғалімінің тек кәсіби біліктілігін емес, оның қоғамдағы асқақ беделін қалпына келтіруіміз керек. Мұғалім заманауи әдістемелермен қаруланып, ауыл баласына жаһандық мүмкіндіктерді аша білуі тиіс. Осындай семинарлар өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтып, білім сапасын жүйелі арттыру арқылы ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартуға жол ашады, – деп түйіндеді ол.
Семинардың күн тәртібі тек теориямен шектелмей, заман талабына сай ең өзекті тақырыптарды қамтыды. «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбындағы пленарлық отырыста «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері қызу талқыланды.
Жиынның екінші бөлімінде қатысушылар төрт секцияға бөлініп, төмендегідей маңызды бағыттар бойынша тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, «Әлеуметтік тәуекелдермен күрес: Балалардың гаджеттерге тәуелділігі мен лудоманияның алдын алу», «Цифрлық сауаттылық: Оқу үдерісінде Жасанды интеллект (AI) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану», «Киберқауіпсіздік: Мұғалім мен оқушының виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздік мәдениеті», «Жаһандық білім: Ауыл мұғалімдері мен түлектеріне арналған халықаралық бағдарламалар мен басқарудың икемді (Agile) тәсілдері» тақырыптарын қамтыды.
«Келешек» мектебінде өткен бұл семинар-тренинг – ауыл мектебінің жай ғана білім ордасы емес, заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан үлкен орталыққа айнала алатынын дәлелдеді. Жиын соңында қатысушылар ауыл мектебіндегі білім сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар жиынын әзірледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!