Сейсенбі, 17 маусым, 04:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

Ауырмаудың жолын іздегеніміз жөн

27.05.2025

110 0

Кейінгі кездері тері аурулары көбейіп барады. Лас ауа, стресс, фастфудқа әуестік, дәрігерге қаралуға уақыттың жоқтығы мұның барлығы дәл осы аурудың асқынуына алып келетіні ақиқат. Ауру әбден асқынып, өмір сүруді қиындатпайынша, аса мән бере бермейтініміз де рас. Десек те ол кез келген дерт тәрізді жалпы денсаулыққа ғана емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселелер және күн тәртібіндегі денсаулыққа қатысты өзге де жайтты білу мақсатында  облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері  Сәкен Алеудинұлымен сұхбаттастық.

– Серік Алеудинұлы, аймақтағы тері ауруларын емдейтін бірден-бір ауру­хана облыстық тері-венерологиялық диспансері екенінен хабардармыз.  Ауру­хана қанша науқасқа арналған?  Күрделі жөндеуді де қажет ететін секілді. Жөндеу жұмысы жүргізілген бе?

– Диспансерде 60 төсектік тәуліктік стационар мен 20 төсектік күндізгі ста­ционар бар.  Науқастар қажетті дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етілген.  Уақытылы ем-шарасын қабылдап, дәрігерлердің тұ­рақты бақылауында. Ал ғимаратқа күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген. 

– Бүгінде тері аурулары әсіресе балалар арасында көбейіп жатыр деген ақпарат естіп жүрміз. Бұл дерек рас па? Қазір қанша науқас емделуде?

– Соңғы 3 жыл көлеміндегі статистика бойынша тері ауруының  балалар арасында көбеюі байқалмады. Қазір тері-венерология диспансерінің тері бөлімшесінде 1 айда 100-ден астам науқас емделіп шығады.  Көбінесе стрептококты инфекция, созылмалы дер­матиттен псориаз, атопиялық дерматит, экзема, ихтиоз, пузырчатка, орфанды ауру, қышыма мен саңырауқұлақтар көп кездеседі.

Бұл дерттің түрі көп болғанымен ішінара емделу жолына қарай түрлі сатыға бөлініп жатады. Кейбірі түбегейлі ем­делетін болса, енді бірімен өмір бойы күресуге тура келеді. Себебі науқаста тері ауруының созылмалы түрі, яғни псориаз анықталған болса, емдеу мүмкін емес. Бірақ теріні толықтай емдемесе де, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін күтім жүйесі барын, қабынудан қорғайтын жақпа май, мазаны алатын өзге белгімен күресу үшін арнайы дәрі-дәрмек жазып береміз.

– Тері ауруының ішінде жазғы маусымға қатысты, климат ауысуына орай туындайтын түрі бар ма?

– Біздің аймақта жаз аптап ыстық, шіліңгір шілдеде күннің көзі тым өткір. Күннің ыстық тартуынан теріге бөртпе, қышыма тәрізді тітіркендіргіш әсер береді. Одан бөлек, халық жазғы маусымда бақша егіп, шөп жұлғанда да тері ауруы туындап отыр. Көбіне адамдар жай бөртпе деп мән бермей жүре бермей, дәрігерге көріну керек. Жалпы маусымға қатысты тері ауруы көп кездеспейді. Ал бізге қаралған жағдайда   аллерголог мамандарына жолданады.

– Ауруханада  дәрігерлер,  медицина қызметкерлері жеткілікті ме? Қандай мамандар тапшы? Мамандардың білімін жетілдіру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Емдеу мекемесінде кадр тапшылығы жоқ. Дәрігерлер, мамандар заманауи  құрал-жабдықпен жұмыс істеуге дағдыланған.  Әр маман өз саласы бойынша жыл сайын білімін жетілдіріп отырады. Себебі қазір медицина саласында жаңалықтар көп.  Сол үшін медицина қызметкерлерін жос­пармен жылдық кесте бойынша білімін жетілдіруге жіберіп отырамыз.

– Дерт дендеген жағдайда немесе созылмалы ауруларды квотамен басқа өңірлерге жіберу мүмкіндігі қарас­тырылған ба?

– Әрине, ондай жеңілдік бар. Көбінесе науқастарды квотамен Алматы қаласындағы «Қазақ тері және инфекциялық аурулары»  ғылыми орталығына жолдаймыз.  Ол жерде үлкен ғалымдар, жоғары білікті мамандар  науқастың диагностикасын терең зерттеп, жүйелі ем жүргізеді.

– Диспансерде ақылы емдеу қызметі бар ма?

– Косметология кабинеті бар. Онда арнайы мамандар  терідегі безеу, дақ, бас­қа да  жарақаттарға косметологиялық  ем-шара жасайды.

– Тері ауруына қатысты  тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Дәрігерге мүмкіндігінше ертерек бару керек. Әйтпесе, терапияны қиындататын ауыр асқынулардың дамуы мүмкін. Өзін-өзі емдеуге қатаң тыйым салынады. Бұл терінің ғана емес, бүкіл ағзаның нашарлауына әкелуі мүмкін. Ал ауруды болдырмау үшін дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін арттырып, эмоционалды тыныштық ре­жимін сақтаған жөн. «Науқастың өзін емдеме, себебін емде» деген сөз бар. Қарап отырсақ, өзіміздің ішкі күйіміз бен ішіп-жегеніміздің өзі түрлі дерттің дендеуіне әкеліп соғуы мүмкін екен. Ендеше, «аурудың емін емес, ауырмаудың жолын» іздегеніміз абзал.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гауһар Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: