Сырда жол құрылысы қарқын алған. Кеңейген жолдарда жүйткіген көліктер тақтайдай тегіс даңғылдың рақатын көруде. Жыл сайын жаңарып, жасарған Қызылорданың бүгінгі келбеті кісі көзі тоярлықтай. Қала әкімі Нұржан Ахатов шаһардағы жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар нысанды аралады.
Биыл қалада 36 млрд теңгеге 99 көшенің орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Мұның ішінде облыс орталығынан бөлек, кент және ауылдық округтердегі ауыз толтырып айтарлықтай шаруа бар. Мәселен, жалпы соманың 1,5 млрд теңгесіне кент және ауылдық округтердегі 40 көшенің жол жөндеу жұмыстары жүруде. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 33 көшенің жол жөндеу жұмыстарына 942,8 млн теңге бөлінді.
– Халықтың сұранысы бойынша негізгі басымдылық қаланың күре тамыры саналатын жолдарға берілді. Қаламызға келетін қонақтар мен тұрғындардың ең көп пайдаланатын жолдары жөнделіп, жол қозғалысы ретке келтірілуде. Қазіргі уақытта, 10,5 млрд теңгеге Әуежай жолы төрт жолақтыға ауыстырылып, Шиелі ауданынан қалаға келетін жолдағы «Азер» көпірінен, аспалы көпірге дейінгі аралықта кеңейту жұмысы қарқын алды. Құны 9 млрд теңгеге Қожа Ахмет Яссауи және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшелері қайта жаңғыртылуда. Яссауи көшесі жақын күндері ел игілігіне табысталады, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жақында ғана магистралды көшелеріміздің бірі – Жаппасбай батыр көшесінің 3,3 шақырымы 2,7 млрд теңгеге қайта жаңғыртылып, 2 жолақтыдан 4 жолақтыға ауыстырылды. Жүріс бөлігінің ені 14 метрге кеңейтілді. Ал Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта құны 570 млн теңге болатын 2,1 шақырым жаңа жол салынып, көлік ағынын реттеуге жағдай жасалынды. Қала аумағында бұл бағыттағы сан алуан жұмыс бар.
– Жаңадан салынған «Сыр самалы» көшесі – ең тиімді жобалардың бірі. Тұрғындар аталған көшенің ашылуына жоғарғы деңгейдегі оң бағасын беруде. Айта кету керек, ең ұзын көшелеріміздің бірі саналатын Е.Көшербаев көшесінде 434 млн теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ең маңыздысы, тұрғындар көп пайдаланатын жолдарды жарамдылық мерзімінен өткізіп алмай жөндеп отыру. Құны 350 млн теңгеге М.Шоқай және Қорқыт ата көшесінің 5,5 шақырымы 4 жолақтыға ауыстырылып, жүріс бөлігінің ені 14 метрге кеңейтілді.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қорқыт ата көшесінен бастау алған даңғыл «Батыс – Еуропа, Батыс – Қытай» дәлізіне қосылып, жол қозғалысына жаңашылдық береді. Әрине, оқушылардың сабаққа баратын уақытында кептеліс көбейіп, жолаушыларға қолайсыздықтар туындауда. Бұған түсіністікпен қарауға шақырамын, – деді шаһар басшысы.
Ерекше атап өту керек, көпшіліктің сұрауымен ұзындығы 9,6 шақырымға жететін «Қызылорда – Жезқазған» бағытының қалаішілік автомобиль жолына да аспалы көпірден «Құмкөл» автомобиль жолының бұрылысына дейін жөндеу жүргізілмек. Бұған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 2,7 млрд теңге бөлген.
«Тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, алдағы уақытта Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі аралыққа жаңа жол құрылысын салу жоспарлануда. Атқарылып жатқан жұмыстардың ең негізгі деген бөліктеріне ғана тоқталдым. Осы бағытта облыс орталығындағы көшелердің аясын кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыра береміз. Қыркүйек айының соңына дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз», – деді қала әкімі.
Күн санап көркейген Қызылорданың әрбір түкпірінде жаңашылдыққа басталған қадамдар бар. Шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы мұндай қарқындағы жұмыстың жалғаса беретінін айтты.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!