Жексенбі, 24 қараша, 13:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Азық-түлік алаңдатып тұр

18.06.2024

493 0

Сурет:bogatyr.club

Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері аймақтағы азық-түлік бағасы 2,7 пайыз өскен. Қалтасындағы қаржының жартысын азық-түлікке жұмсайтын халыққа бұл көрсеткіш оңай болмай тұр. Мардымсыз жалақы, тұрақсыз баға да қыспаққа алды. Көбі биліктен әрекет күткенімен, ол жақта тұралаған тірлік. Бұрын да оңған емес. Мысалы, Үкімет «Ұлт жобасы» секілді азық-түліктің өндіріс өлемін ұлғайтуға арналған бағдарламалар бастағанымен, нәтиже шықпаған. Ал миллиондап қолдау алған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларынан қайран жоқ. Ендігі бағыт қалай құбылады? Азық-түлік бағамына не әсер етіп отыр? Шешімі қандай? Сауал әлі өзекті.

Мәселені Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған екі олқылықтан іздеген жөн. Оның бірі – импортқа байланған нарық, келесісі – ішкі өндірістің кешеуілі. Осы қос себеп саланы ілгерілетуге қолбайлау. Олай дейтініміз, дүкенге бара қалсаңыз, қазақстандық өнімге қарағанда, импорттық азық-түліктің саны басым. Баға саясаты да сырттың ыңғайына қарай қойылады деген сөз. Демек, қауқарсыз өндіріс пен импорт көлемі бәсекелестіктің түбіне жетіп отыр. Басқа болжам жоқтың қасы.

Импорт үлесі: диспропорция дәрменсіздігі

Алғашқы тармақты тарқатайық. Қазір импорт үлесі отандық өндірістің қысқаруына байланысты бірнеше есе өсті. Ал қазақстандық өндірушілер сападан ғана емес, бағадан да ұтылып жатыр. Мәселен, Ресей мен Белоруссияның біздегі импорттық үлесі өзімізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Біз аталған мемлекеттер ішінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі бойынша тең емес жағдайдамыз.

Мұны Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте айтып, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында шегелей сөйлеген еді.

«Қазір көптеген ел ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тең емес деп қалдық. Неліктен? Мәселе Еуразиялық Экономикалық Одақ саясатында жатыр. Себебі елдегі негізі азық-түлік импорты ЕАЭО-ға тәуелді. Бастапқыда әр елдің экспорт-импорттық экономикалық шешімі өзара келісім аясында жүруі шарт. Алайда геосаяси жағдай мен мемлекеттік мүдде бұл ұстанымды толық орындауға мүмкіндік бермей отыр. Мысалы, ұйымға мүше елдердің өндірушілерді қолдау индикаторына назар аударайық. Белоруссияда өндірушілерді мемлекеттік қолдау – 18 пайыз,  Ресейде – 10 пайыз, ал Қазақстанда – 6 пайызға әрең жетеді. Еларалық келісім бойынша бұл көрсеткішті тең деңгейге жеткізу туралы уағдаластық болған. Алайда ешбір одақтас ондай қадамға бармады. Керісінше. Ресей тарапынан жыл сайын көтеріп келеді.

Тақырыпқа қатысты экономикалық одақтастардың өз уәжі бар. Көбі геосаяси шиеленістер, санкциялық жүктемелер, тасымал жолындағы кедергілер әлемдік азық-түлік бағасының өсуіне әкелді деген пікірде. Оған қоса баға саясаты әлемге ортақ үрдіс екен. Мысалға, Ресей мен Украина қақтығысынан соң 142 елде инфляциялық өсім байқалған. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, әлемде азық-түлік бағасы 1%-ға өскеннің өзінде 10 млн адам кедейлікке ұшыраған. Азық-түлік бағасының инфляциясы елімізде де бірнеше жыл бойына төмендемей тұр.

Жуырда Белоруссия мемлекетінде «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» атты пленарлық сессия өтті. Жиынға ел атынан Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, одақтағы ұлттық экспозицияны қорғады.

«Озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті, эко­логиялық және экспортқа бағдарланған өнім шығару үшін тығыз кооперациялық байланыс орнату біздің негізгі міндет­теріміздің бірі болуға тиіс. Орталық Азия арқылы жаңа логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту және Қытайға жеткізе­тін қолданыстағы бағыттардың өткізу қабілетін арттыру перспективаларды кеңейте түспек», – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Өз өніміміз

өзімізге жетпесе…

Неліктен отандық өнім ел нарығын қамти алмай отыр? Осы сауал көтерілгелі көп болды. Орайы келгенде адам шошырлық деректі мысалға келтірейік. Бүгінде бәсекеге төтеп бере алмай, жүздеген кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Жауапты министрлік дерегінше, бүгінге ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 60 пайызы жабылған. Фермерлердің айтуынша, оған тағы да импорт түрткі болған. Себебі сырттан келетін өнімнің бағасы төмен, көлемі көп. Кәсіпкер амалсыз импортқа жүгінеді.

Мәселені көпшілікке жеткізген «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шарипов бірнеше жыл көлемінде айналым қаражаты жоқ, өнім шығара алмаған 12 құс фабрикасы жабылғанын айтты.

«Күркетауық еті бойынша жалғыз «Ордабасы құс» болды. Күркетауық еті әлеуметтік маңызы бар өнім емес деп танылып, субсидиялар да алынып тасталды. Жылына өндіретін 12 мың тоннадан қазір 7 мың тоннаға дейін төмендеді»,– деді ол.

«Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аталған мәселенің бір ұшын Ресейдегі тұрақсыздыққа сілтеген. Айтуынша, Ресейге салынған санкция салдарынан барлық өнім Қазақстан нарығына арзан бағада келуде. Бұл отандық  өндірушілерді тұқыртып, кәсіпорындардың жабылуына әкелуде.

«Қазір ол қауіпті сезбейміз. Өйткені Ресейдің демпингі үстемдік құрып тұр. Санкциялар құрсауындағы көршіміз артылған өнімнің бәрін Қазақстан нарығына төгіп жатыр. Ертең соғыс біткеннен кейін Ресей өнімін өзге нарықтарға әкетеді. Мәселе сол кезде басталады. Өйткені Ресей демпингі өзіміздің өндірушілерді «қырып» тастады. Сол кезде Ресейдің өнімін алтынның бағасымен сатып аламыз. Азық-түлік қауіпсіздігі деген өте ұрымтал мәселе, бірақ онымен нақты айналысып жатқан ешкім жоқ. Тіпті өзге елдердегідей Азық-түлік қауіпсіздігінің доктринасы да жоқ», – дейді сарапшы.

Сала мамандары жағдай ушықпас үшін бірнеше шешім ұсынуда. Әсіресе, қымбаттап жатқан өнімдердің егіс көлемін ұлғайтуды, ӘМАТ тізіміндегі 19 азық-түлік санын көбейту маңызды санайды. Сонымен қатар өнімді сату жүйесін жетілдіруді ұсынады. Бұл дұрыс-ақ. Өйткені былтыр отандық фермерлердің жүгерісі, алдыңғы жылы қырыққабаты өтпей, шіріп кетті.

Қызылорда: «Байқоңырдың» көмегі бар ма?

Аймақтағы ахуал мәз емес. Жыл басынан бері қымбаттаған азық-түлік бағамын сөз басында айттық. Нарық бағасының құбылуы халыққа қиын соғып, әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ауырлық салуда. Мұның шешімі ретінде жергілікті билік «Байқоңыр» ӘКК жұмысын жүйелеуге көшкен. Атал­ған мекеме әлеуметтік дүкендер желісін көбейтіп, азық-түлік қоры­на жауапты-тұғын. Жергілікті фер­мерлер мен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау білдіріп, өнімін алатын да осы – «Байқоңыр» ЭКК.

Мысалы, өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Қызылорда қаласының және үш ауданның кәсіпкерлеріне 1 млрд 608 млн қарыз берген. Ал биыл қаңтарда «Байқоңыр» корпорациясы мен «РЗА-сүт» ЖШС арасында миллиардтаған теңгеге қарыз шарты жасалды. Қарыз шарты негізінде жергілікті тауар өндіруші «РЗА-СҮТ» ЖШС жыл аяғына дейін 171 тонна пастерленген сүт, 171 тонна айран, 17 тонна сары май, 17 тонна сүзбені қаладағы 35 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйіндегі әлеуметтік бұрыштарға жеткізеді. Тұрғындарға 2,5% сүт – 360 теңгеден, 2,5% айран – 420 теңгеден және 5-9% сүзбе – 1760 тең­геден, ал 82,5% сары май 3550 теңгеден сатылады.

Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін алдымен «Бай­қоңырдағы» түйткілді шешу маңызды. Ол үшін «Байқоңыр» арқылы алынатын азық-түлікті әртараптандыру қажет. Оған қоса, маусымдық жеміс-жидек, көкөністердің сатылымы мен өнімі туралы алдын ала мониторинг құру өзекті. Бұл жаз, қыс айларында кей көкөніс пен жеміс-жидек өнімінің жетіспеушілігін болдырмауға әрі на­рық­тағы баға тұрақтылығын сақ­тауға септеседі. Сол арқылы қай ауыл­шаруашылығы кәсіпкерлерімен келісім­шартты көбейту қажетін сараптауға болады.

Бұдан өзге азық-түлік сақтау норма­ларын бақылау, тауардың жарамдылығын тексеру үшін арнайы комиссия құру, қалдықты тиімді пайдалану жоспарын әзірлеу де өзекті.

Есте болса, бірнеше ай бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тақырыпқа қатысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді. Соған сәйкес негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін ішкі саудадағы делдалдық тізбекті қысқарту және сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауды ұйымдастыру тапсырылған еді. Арнайы комиссия әзірлеген алгоритмге сәйкес, бағасы өскен өнімдер бойынша мем­лекеттік кірістер департаментінен алын­ған ақпарат негізінде талдау, мем­лекеттік бақылау жүргізу белгіленген. Осы ретте Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бағаны тұрақты бақылауда ұстау міндеттелген болатын.

«Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 98,8 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 1,5 пайызға төмен қалыптасты. Қазіргі уақытта тауарлар мен қызметтерге баға деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен болғанымен, оны тұрақты ұстап тұруға міндеттіміз. Бірінші кезекте, нарықта халық тұтынатын тауарлардың қоры жеткілікті болуы қажет. Өткен жылдан бері көкөніс өсіруші шаруашылықтарды алдын-ала 70 пайыз қаржыландырып, форвардтық келісім-шарт жасау тәжірибеге енгізілді. Енгізілген өзгерістерден және жүргізілген тауар интервенциясынан кейін көкөніс бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмен. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы қажет», – деді аймақ басшысы.

Сарапшылар Қызылорда облысын­дағы азық-түлік қауіпсіздігін шешу үшін арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынып келеді. Айтуларынша, бұл азық-түлікпен қамту деңгейін көтеріп, кәсіпкерлік әлеуетті арттырады. Тек азық-түлік өнімін өндіретін кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында субсидия, грант көбірек бөлінсе, жеткілікті.

Сондай-ақ қойма тапшылығы шаруа­ларға кедергі келтіруде. Олар қойма жетіспегендіктен азық-түлік өнімінің көлемін арттыра алмай отыр. Соның салдарынан жыл сайын облыста азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық орнайды. Ал сауда орнындағы кәсіпкерлер өнімді өзге облыстан әкелуге мәжбүр. Бұл да бағаға ықпал ететіні анық.

Аймақ басшысы «2025 жылға дейін облыс бойынша көкөніс сақ­тау қуа­тын 21 мың тоннаға дейін жет­кізуіміз керек», – деген еді. Бұл салада ауыл шаруашылығындағы ин­вестициялық субсидиялау тәртібіне сәйкес 1,0 мың тоннадан бастала­тын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту шығын­дарының 50 пайы­зын мемлекеттің өтеуі қарастырылған. Бұл – үлкен мүмкіндік.

Шешім шеңбері

Ал республикалық ауқымдағы ахуал қалай шешіледі? Бар үміт – заңда. Нақтысы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасында. Мәжіліс депутаттары бір ай бұрын азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын қарап шыққанын айтқан еді. Яғни «Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданса, саладағы түйткіл тарқамақ.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың айтуынша, 2005 жылдан бері ауыл шаруашылығы бойынша қабылданған бірде-бір мем­лекеттік бағдарламалар соңына дейін іске аспаған. 20 жылда субсидия беру ережелері 57 рет өзгерген. Салдарынан соңғы 10 жылда дүкен сөрелеріндегі импорттық тауар үлесі 3 есе өскен.

Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: