Қаламыздағы тұңғыш Президент саябағы халықтың қарасы үзілмейтін, керемет демалыс орны болмақ. Қазіргі таңда саябақ аумағын кеңейту қолға алынып, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Мұндағы абаттандыру, инфрақұрылымдық жобалар өте ауқымды. Жаңа жоба бойынша халықтың сұранасына сай автокөлік тұрағы бар, гүлзарлармен көмкерілген, халық демалатын жайлы орта болмақ. Бас мердігер «Bi Global» ЖШС саябаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар салуды жоспарлаған.
Сондай-ақ саябақта жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бас мердігер Alem Qurylys AQ ЖШС жобаға сәйкес спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салады.
Сонымен қатар қайта жаңғыртудан өткен Қорқыт ата саябағы да тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және балалардың ойнауына қолайлы орынға айналды. Бұл саябақты абаттандыру жұмыстары 38828 шаршы метр аумақты қамтыған. Оның 1826 шаршы метрі – құрылыс алаңы, 13430 шаршы метріне брусчатка төселген, ал 23572 шаршы метрі көгалдандырылған.
Саябақ аумағында заманауи субұрқақтар, спорт және балалар ойын алаңдары, серуен жолдар мен жарықшамдар орнатылған. Сондай-ақ келушілердің жайлы демалысы үшін орындықтар, шағын сәулеттік нысандар орнатылып , көгалдандыру және суару жүйесі жүргізілген. Бұл демалыс орны қала келбетін көріктендіре түсуде.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!