Жексенбі, 24 қараша, 17:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бәсекесі – бәс тігу, баратыны – плейстейшн: Ондай әке кімге үлгі болады?

10.07.2024

2775 0

Таяуда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Аякөз Қожамырзақызы алдына келген студенттердің отбасы туралы жазған шығармасын оқып, қынжылғанын жеткізген еді. «Балалар отбасы туралы шығармада әуелі анасын жазып, сонан кейін әкесі жайлы айтады. Мұны көріп, қатты таңғалдым және ойландым. Отағасының рөлі отбасында бірінші тұруы керек еді ғой» деп жазған еді… Ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, қоғамдағы әке рөлінің төмендеп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүрген тағы бір ұстаз – Ержеңіс Әбді. Елге әрі математик, әрі ақын ретінде танылған азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті. Қоғамның қотырын қасып, біраз жайттың шешімін іздедік.

– Алдыңғы толқын ағаларымыздың бірімен сөйлескенде «Баланы перзентханадан әйел қарсы алады, балабақшада әйел тәрбиелейді, мектепте әйел мұғалім сабақ береді. Содан соң үйінде анасының тәлімін алады. Біз осындай баладан қалай 100 пайыз еркек шығарғымыз келеді? Әу бастан ойлану керек еді» дегенді естіп, ойланып қалып едім… Өзіңіз білім саласында жүрсіз. Бұл мәселені көтеріп жүргеніңізді білеміз. Мәселенің басы неден басталды? Оны қалай шешеміз? Неден бастау керек?

– Бұл әлеуметтік мәселе болып тұр. Жарық дүниеге келген күннен бастап отау құрғанға дейін бала көбіне анасымен бірге болады. Анасымен ақылдасады. Үйлену тойының жауапкершілігін, тіпті құдалықтың алыс-берісіне дейін әйелдер атқарады. Ер азаматтар соған толық сенім білдіріп кеткен. Бұл жерде қоғамның бір бөлігі – ер азаматтардың да кінәсі аз емес. Отбасылық мәселелердің өзінде қазір барлық жауапкершілікті әйелге артып қойып, «мен тек ақша тапсам болды екен» деп арқаны кеңге салып жүргендер көп. Әлбетте табыс табатындарын айтып отырмын. Отбасының нәпақасын таба алмай жүргендер де бар. «Ер – түздікі» деген түсінікпен бала тәрбиесіне көп мән бере бермейді. Ал бабаларымыздың «Әке көрген оқ жонар» деген сөзі қайда қалды? Бізде қазір қызы да, ұлы да анасының тәрбиесімен өсіп жатқан отбасылар көп. Мұның бір ұшы мектепке келіп тиеді. Мектепте мұғалімдердің 90 пайызы – қыз-келіншектер. Егер әркім өзінен бастау керек болса, білім саласының өкілі ретінде айтарым, ер мұғалімдерді көбейтуіміз керек.

– Ер балалардың мұғалімдік таңдауы не себепті сиреді? Бәлкім, оларды педагогтық қызметке шақыруда бір жеңілдіктер, саланың мәртебесін көтеруде ер мұғалімдерге сәл де болса артықшылықтар беру керек шығар… Гендерлік саясаттың салқыны мектептерге де тиген сияқты ғой…

– Мұғалім мәртебесінің төмендеуінің бірнеше себебі бар. Кезең-кезеңімен айтып өтетін болсақ, менің әкем 1965 жылдан бастап мұғалім болды. Сол кезде әкемнің алдындағы толқын, қатарлас әріптестері бірыңғай ер азаматтардан құралған еді. Біздің ауылдағы мектепте мұғалімдердің барлығы дерлік ер адамдар болды. Ол уақытта мұғалім деген мамандық үлкен беделге ие еді. Әкемнің жеңгелері «мұғалім бала» десе, келіндері «мұғалім аға» деп атаған. Сол кездегі маңдайалды тұлғалардың бірі мұғалім еді. Бертін келе, тәуелсіздік алған жылдары «ұлымыз қара жұмыс істесе де нанын табады, қызымыз барған жерінде төмен қарап қалмасын» деген түсінікпен көбісі қыздарын оқытып, ұлдары ауылда қара жұмыс істеп қала берді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда мектепте әйел мұғалімдер көп. Қиын кезеңдерде әйелдерді айтпағанда, мұғалімдік мамандық алған ер мұғалімдердің өзі базарға кетті. Сол кезеңдерде мұғалім болу үлкен ерлікке баланған. Аз қаражатқа жан бақса да, ұстаздық етуді жан-тәнімен қалаған санаулы ғана мұғалім болды.

Қазір жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейіп, әжептәуір ұлғайды. Бірақ соның өзінде мұғалімдіктен қашудың бүгінгі себебі – ер азаматтардың мұғалімдікті үсақ-түйек деп қабылдайтыны. Бала тәрбиесімен тек әйелдер ғана айналысу керек деген түсінікте. Біз осы түсінікті жоюымыз керек. Салыстырмалы түрде айтсам, алдыңғы бес жылға дейін математиканы үздік білетін шәкірттерім мұғалім болғысы келмейтін. Қаржыгер, экономист боламын дейтін. Дәл осы кезеңде осындай үздік жастарымыздың арасында мұғалім боламын дейтіндер көп. Оның бірден-бір себебі мұғалім мәртебесінің көтерілуі. Қазір мұғалімдерді басы артық қажетсіз жұмыстан, сенбілік дегендерден босатты. Екіншіден, жалақы көбейді.

Әрине, артықшылықтар беру керек. Бірақ онымен мектептегі әйел мұғалімдер келіспейтіні анық. Сондықтан, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» жолын қарастыру керек шығар… Мәселен, ер азаматтардың сағат жүктемесі көп болса, әйел мұғалімдер оған қарсы болуы мүмкін. Қоғамда бір идеологиялық тұрғыда әйел азаматтар отбасының шырағданы екенін ескерсе екен. Ол отбасына көп көңіл бөлу керек. Соны ескеріп, әйелдер сағат жүктемесінің аздығына шамданбау керек деп ойлаймын. Дәл қазіргі сәтте олар да ер азаматтармен бірге еңбек еткісі келеді. Сағат жүктемесі көп болып, жалақысының да соған сәйкес жоғары болғанын қалайды. Бәлкім, жолдасының табысы аз шығар, көлемді несиесі болуы да ықтимал. Осының барлығы көп жүктемемен жұмыс істеуіне әкеледі. Негізі асыраушы ер азамат болуы керек екенін жеткізетін бір идеология қажет-ақ. Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы шығады. Жалғызбасты ана статусы барлар қайтпек?!

Осы күні мектептерде тек дене шынықтыру пәнінен ғана ер мұғалімдерді көптеп көресіз. Басқа пәндерде некен-саяқ. Біз қайтсек те, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек.

– Бала оқытып жүрген мұғалім ретінде ата-аналармен де тығыз байланыстасыз ғой. Бұл мәселенің бір ұшы толық емес отбасылардың көбеюі, отбасында ер азаматтан әйелдің рөлі жоғары болуы да ықпал етіп жатқан болар. Ұяда көргенін ұшқанда ілетіні тағы бар ғой…

– Толық емес отбасылардың көбеюі – ең қиын мәселе. Бүгінгі күннің күйіп тұрған жағдайы. Ерлі-зайыпты ажырасқаннан кейін бала анасының қолында өседі. Әкесімен өтетін уақыт тым аз. Қиыншылық көрмейді емес, көреді. Әйел табыскер болып, ішіп-жемнен таршылық көрмегеннің өзінде әкенің тәрбиесі кемшін түсіп тұрады. Мектепті 100 пайыз ер мұғаліммен толтырсаңыз да, бұл мәселе бәрібір өзінің әсерін тигізеді. Негізгі тәрбиені бала отбасынан алады. Алладан тілейтініміз сол, барлық отбасылар толық болса екен.

Мектепте бұл бағыттарды қамтып, жоспарлы түрде әкелер мектебі, аталар мектебі қалыптасып, жиындар мен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Өзім де ерікті түрде осындай кездесулерге араласамын. Әке мен баланың, ата мен немеренің арасындағы байланыс қалай? Міне, осы тура­сында әр әулеттен үлгі болатын аталар мен әкелерді шақырамыз. Солар арқылы басқаларға нағыз отбасылық қарым-қатынасты дәріптеп, үлгі етеміз. Толық отбасылардың өзінде әкесі баласына бос уақыт таба алмайтын да жағдай көп. Барлық жауапкершілікті әйеліне артып қойып, жүре беретіндер бар. Көпшілігі қолы бос болса да, баланың бар тірлігін анасына сілтейді. Оны ата-аналар жиналысынан да көруге болады. Отыз оқушының ата-анасының 2-3-еуінің ғана әкесі келсе, қалғанының бәрі – аналары. Осы кезде мектеп бітірушілер кешін ұйымдастыратын да, мұғалімге алғыс айтатын, өнер көрсететін де – тек аналары. Әкелер тасада қалып қойып жатыр. Біз бұл мәселенің барлығын «Бала тәрбиесі – әйелдің жұмысы, ұсақ-түйек мәселе» деп қарайтын сеңді бұзу арқылы шеше аламыз.

– Бұрын «әкеңнен сұран», «әкең біледі», «әкең бастасын» деген сөздің барлығы ауысып кетті дейсіз ғой. Сөзіңізден ұққаным, «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынын» бүгінгі әкелер ескеріп жүрген жоқ сияқты…

– Қазіргі әкелердің көпшілігі спортпен шұғылданбайды. Бірақ спорттық ойындарға бәс  тігумен айналысады. Жүгіріп қимылдамайды, бірақ плестейшн ойнап, саусақ қимылдатады. Бар уақыты мен бар тапқан ақшасын бала-шағасының аузынан жырып, зиян әдетке  жұмсағандықтан шынында, отбасында бедел қалмай, балаға көрсетер өнегесі бола ма?

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: